Театр – студенттердің рухани-эстетикалық дамуының маңызды ортасы
Физика-техникалық факультетінің қатты дене физикасы және жаңа материалдар технологиясы кафедрасының студенттері және оқытушылары Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрына барып, Мұхтар Әуезовтің «Қарагөз» шығармасының желісімен қойылған «Қарагөз» спектаклін тамашалады. Қойылымда бейкүнә қыз тағдыры, махаббат трагедиясы және әлеуметтік орта қысымынан туындаған шиеленістер терең философиялық әрі психологиялық тұрғыда ашылды. Заманауи сахналық пластика мен музыкалық шешімдер арқылы шығарма мазмұны бүгінгі күнмен үндестіріліп, жас көрерменге түсінікті әрі әсерлі форматта жеткізілді. Аталған мәдени іс-шара студенттердің эстетикалық талғамын арттыруға, ұлттық классикалық мұраға деген құрметін қалыптастыруға және рухани дүниетанымын кеңейтуге ықпал етті. Мұндай театрға бару тәжірибесі болашақ мамандардың мәдени санасын, азаматтық ұстанымын және тұлғалық дамуын жетілдіруде маңызды рөл атқарады.
Басқа жаңалықтар