Жаңа Конституциясы жобасы - ел тарихындағы аса маңызды кезеңнің бастауыFarabi University

Жаңа Конституциясы жобасы - ел тарихындағы аса маңызды кезеңнің бастауы

12 ақпан, 2026

Конституция – кез келген мемлекеттің құқықтық іргетасы, оның даму бағыты мен стратегиялық бағдарын айқындайтын негізгі құжат. Конституциялық реформа елдің саяси жүйесін заман талабына сай жаңғыртуға, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға және қоғам мен билік арасындағы сенімді нығайтуға бағытталған маңызды қадам.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ата Заңымызда жарқын болашаққа нық қадам басқан бүгінгі Қазақстанның тұғыры әбден бекіген мемлекет ретіндегі идеалдары, қағидаттары мен басымдықтары көрініс табады», - деп атап көрсетті.

Жаңа Конституцияның жобасы кіріспеден, 11 бөлімнен және 95 баптан тұрады.

        Конституцияның жаңа редакциясында Кіріспе бөлімі тұтас жаңартылды. Онда еліміздің басты мақсаты, даму бағыты, тарихы мен ұлттық құндылықтары айқындалмақ. Қазақстанның демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет екені, ең жоғары құндылық – адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары екені нақты бекітіледі. Сондай-ақ мемлекет пен діннің өзара қатынасы, қоғамдық бағдар және ел дамуының стратегиялық бағыты жаңаша тұжырымдалады.

      Отбасы және неке ұғымы конституциялық деңгейде күшейтіледі. Сондай-ақ елімізде неке мен отбасы құндылықтарын қорғау Конституциялық деңгейде күшейтіледі. Және адамның жеке басына қол сұқпаушылық, негізгі құқықтары мен бостандықтарын қорғау және сот билігінің тәуелсіздігі бұрынғыдан да нығая түспек. Сонымен бірге адамның өмір сүру құқығы абсолюттік құндылық ретінде бекітіледі. «Миранда қағидасы» енгізіліп, жаһандық технология заманында цифрлық деректердің қорғалуы қатаңдатылады.

Конституция жобасының 33-бабы азаматтардың білім алу құқығын бекітеді және оның қолжетімділігін реттейді. Осы бапта бастауыш және орта білімнің міндеттілігі және мемлекеттің халықтың базалық білім деңгейін қамтамасыз ету жауапкершілігі айқындалады. Жоғары білім мемлекеттік жоғары оқу орындарында конкурстық негізде беріледі, бұл дарынды студенттер үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етеді. Жеке оқу орындарында ақылы білім беру заңмен реттеледі, бұл білім алушылардың құқықтарын қорғайды. Мемлекет барлық оқу орындары сәйкес келуі тиіс жалпыға міндетті стандарттарды белгілейді. Бұл бүкіл ел бойынша білім мен тәрбиенің біртұтас сапасын қамтамасыз етеді. Білім беру жүйесі зайырлы сипатқа ие, бұл діни мәселелер бойынша оқытудың бейтараптығына кепілдік береді, өйткені дін мемлекеттен бөлінген.

Конституция жобасы мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты ретінде адами капитал мен білімнің дамуын тікелей бекітеді. Білім мен тәрбиеге ерекше назар аударылуы жеке тұлғаны қалыптастырудың, дәстүрлерді сақтаудың және қоғамның рухани дамуының маңыздылығын көрсетеді. Жалпы, бұл өзгерістер Қазақстанның адами капиталы мен мәдени бірегейлігін нығайтуға бағытталған.

Баян Карабаева

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Филология факультеті

Шетел тілдері кафедрасының аға оқытушысы