ҚазҰУ-да АҚШ университет жүйесі туралы мазмұнды кездесу өтті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Филология факультетінде қазақ филологиясының 2-курс студенттеріне арналған «Қазақстандағы ЖОО моделі мен АҚШ университет жүйесінің артықшылықтары» тақырыбында танымдық кездесу ұйымдастырылды.
Кездесудің қонағы – АҚШ-тың Индиана штатынан келген жас маман, алты тілді меңгерген полиглот Ерол Алған Ерол. Іс-шара еркін форматта өтіп, студенттер мен қонақ арасында мазмұнды пікір алмасу өрбіді.
Кездесу барысында Қазақстан мен АҚШ жоғары білім беру жүйелерінің құрылымдық ерекшеліктері, академиялық еркіндік, білім алушының жеке оқу траекториясын қалыптастыру мүмкіндіктері, элективті пәндер жүйесі, зерттеу мәдениеті және академиялық адалдық қағидаттары кеңінен талқыланды. Қонақ өз тәжірибесіне сүйене отырып, АҚШ университеттеріндегі білім беру үдерісінің артықшылықтарын салыстырмалы тұрғыда сипаттады.
Ерол Алған қазақ тілін екі жыл ішінде меңгеріп, қазіргі таңда ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша С1 деңгейіне жеткен. Ол бос уақытында Абай шығармаларын түпнұсқадан оқитынын атап өтті. Бұл студенттерге ерекше әсер қалдырып, тіл үйренудегі мақсаттылық пен жүйеліліктің нақты үлгісі ретінде қабылданды.
Кездесуде академиялық ұтқырлық бағдарламалары, шетелде білім алу мүмкіндіктері және халықаралық тәжірибенің кәсіби дамуға ықпалы туралы да сөз қозғалды. Мұндай форматтағы іс-шаралар студенттердің білімге деген шабытын арттырып, жаһандық білім кеңістігіндегі мүмкіндіктерді кеңінен тануға жол ашады.
Кездесу соңында студенттер гитараның сүйемелдеуімен ән шырқап, дәстүрлі әндер орындады. Бұл еркін әрі мазмұнды сұхбаттың мәдени-рухани үндестікте аяқталуына мүмкіндік берді.
Іс-шараны А.Байтұрсынұлы атындағы Қазақ тіл білімі кафедрасының оқытушылары Н. Егізбаева мен Ж. Сәрсенбай ұйымдастырды.
Басқа жаңалықтар