- Басты бет
- AL-FARABI NEWS LETTERS
- ҚазҰУ ғалымдары Зайсан қазаншұңқырының археологиялық ландшафтарын зерттеуде
ҚазҰУ ғалымдары Зайсан қазаншұңқырының археологиялық ландшафтарын зерттеуде
Қазақстанның шығыс бөлігіндегі Алтай-Тарбағатай өңірі ежелгі және ортағасырлық өркениеттердің қалыптасу тарихын зерттеуде ерекше ғылыми маңызға ие. Зайсан қазаншұңқыры – Алтай мен Тарбағатай таулары арасындағы табиғи өткел аймағы болып табылады. Бұл географиялық кеңістік ежелгі көші-қон жолдарының, мәдени және саяси байланыстардың дамуына ықпал еткен маңызды тарихи аймақтардың бірі саналады.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің археология, этнология және музеология кафедрасының ғалымдары жүргізіп отырған бұл зерттеу археологиялық ландшафттарды кешенді талдау арқылы Алтай-Тарбағатай өңіріндегі тарихи-мәдени процестерді қайта реконструкциялауға бағытталған. Жоба аясында ежелгі және ортағасырлық кезеңдердегі адамзаттың табиғи ортаға бейімделу механизмдері, шаруашылық жүйелері және қоныстану құрылымдары зерттеледі.
Зерттеудің негізгі бағыты – археологиялық ескерткіштердің кеңістіктік орналасу ерекшеліктерін анықтау. Қоныстар, бекіністер, ирригациялық құрылымдар, қорымдар мен өндірістік орталықтардың өзара байланысы талданады. Мұндай тәсіл ежелгі қоғамдардың территорияны игеру стратегиясын түсінуге мүмкіндік береді. Зайсан қазаншұңқыры аумағында қала типтес қоныстардың болуы бұл өңірде урбанизация процестерінің ерте кезеңде қалыптасқанын болжауға негіз береді.
Жоба барысында далалық археологиялық барлау жұмыстары жүргізіледі. Калжыр өзені бойындағы аумақта барлық археологиялық нысандарды тіркеу және картаға түсіру жоспарланған. Барлау жұмыстары жаңа ескерткіштерді анықтауға және белгілі ескерткіштердің хронологиясын нақтылауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, қалалық типтегі қоныстарға қатысты болжамды агломерациялық құрылымдарды зерттеуге ерекше көңіл бөлінеді.
Зерттеу әдістемесі пәнаралық сипатқа ие. Археологиямен қатар жаратылыстану ғылымдарының әдістері кеңінен қолданылады. Радиокөміртекті даталау, палеоботаникалық және археозоологиялық талдау сияқты заманауи ғылыми тәсілдер археологиялық материалдардың хронологиясын анықтауға көмектеседі. Бұл өңірдегі шаруашылық жүйелердің ерекшелігін, халықтың диеталық құрылымын және табиғи ортаға бейімделу деңгейін реконструкциялауға мүмкіндік береді.
Археологиялық зерттеулерде кеңістіктік талдау маңызды орын алады. Геоақпараттық жүйелер технологиясы арқылы ескерткіштердің топографиялық орналасуы, олардың өзара байланысы және табиғи ландшафт ерекшеліктері зерттеледі. Дрон арқылы жүргізілетін аэрофотограмметрия әдісі жер бедерінің үш өлшемді моделін құруға мүмкіндік береді. Бұл әдіс микрорельеф ерекшеліктерін анықтауға және жасырын археологиялық құрылымдарды табуға көмектеседі.
Геофизикалық зерттеу әдістері де қолданылады. Магнитометриялық түсірілім және георадарлық зерттеу арқылы жер астында сақталған архитектуралық құрылымдарды анықтау жоспарланған. Бұл әдістер археологиялық ескерткіштерді зақымдамай зерттеуге мүмкіндік береді.
Палеоэкономикалық зерттеулер жоба жұмысының маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Топырақтың палеоботаникалық талдауы өсімдіктер әлемін, ауыл шаруашылығы дақылдарын және табиғи ландшафт динамикасын анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар фитолит, тозаң және крахмал қалдықтарын зерттеу арқылы ежелгі шаруашылық жүйелері реконструкцияланады.
Археозоологиялық талдау мал шаруашылығының даму деңгейін анықтауға бағытталған. ZooMS масс-спектрометриялық әдісі жануар сүйектерінің түрлік құрамын анықтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, көл түбіндегі шөгінділер мен мәдени қабаттардан алынған sedaDNA талдауы палеоландшафт құрылымын зерттеуде маңызды ғылыми жаңалық болуы ықтимал.
Зерттеу нәтижелері геоақпараттық деректер базасында жүйеленеді. Бұл археологиялық ландшафттардың қалыптасу заңдылықтарын анықтауға мүмкіндік береді. Алынған деректер этнографиялық материалдармен салыстырмалы түрде талданады. Өңірдегі дәстүрлі көшпелі мал шаруашылығы тәжірибесі археологиялық реконструкцияларды толықтыруға көмектеседі.
Жоба Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын сақтау және танымал етуге бағытталған. Археологиялық ашылымдар ұлттық тарихты тереңірек түсінуге, жас ұрпақ арасында патриоттық сананы қалыптастыруға және мәдени мұраны қорғау мәдениетін дамытуға ықпал етеді. Сонымен қатар, археологиялық зерттеулер өңірлік туризмді дамытуға, экскурсиялық маршруттарды қалыптастыруға және тарихи нысандарды танымал етуге мүмкіндік береді.
Бұл зерттеу әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғылыми ортасында жүзеге асырылуда. Жобаға университеттің оқытушылары, студенттері, магистранттары мен докторанттары қатысады. Алынған нәтижелер оқу үдерісіне енгізіліп, археологиялық пәндер бойынша білім беру сапасын арттыруға бағытталады.
Жоба барысында адам мен жануарларға қатысты эксперименттер жүргізілмейді. Этикалық қағидалар археологиялық мұраны адамзаттың ортақ құндылығы ретінде қорғауға негізделеді. Далалық жұмыстар барысында бүліну қаупі бар ескерткіштерге басымдық беріледі.
Жалпы алғанда, Зайсан қазаншұңқырының археологиялық ландшафттарын зерттеу Қазақстанның тарихи ғылымын дамытуға, археологиялық мұраны сақтауға және өңірдің мәдени-тарихи әлеуетін арттыруға маңызды үлес қосады.
Басқа жаңалықтар