Шығыстану факультетінде «Экологиялық мәдениет және тұрақты даму» тақырыбында дөңгелек үстел өттіFarabi University

Шығыстану факультетінде «Экологиялық мәдениет және тұрақты даму» тақырыбында дөңгелек үстел өтті

13 ақпан, 2026

2026 жылғы 13 ақпанда Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Шығыстану факультетінде «Экологиялық мәдениет және тұрақты даму» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Іс-шара жастардың экологиялық санасын қалыптастыру және тұрақты даму қағидаттарын жүзеге асыру мәселелеріне арналды.

Дөңгелек үстел Біріккен Ұлттар Ұйымы айқындаған жаһандық күн тәртібі аясында өтіп, Тұрақты даму мақсаттары (ТДМ) жүзеге асыруға академиялық қауымдастықтың қосатын үлесін талқылауға бағытталды. Атап айтқанда, сапалы білім (ТДМ 4), жауапты тұтыну мен өндіріс (ТДМ 12), климаттың өзгеруімен күрес (ТДМ 13) және серіктестік (ТДМ 17) мәселелері қарастырылды.

Дөңгелек үстелді аға оқытушы, Қиыр Шығыс кафедрасының меңгерушісінің ғылыми-инновациялық қызмет және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі орынбасары — Мошқал Мадина ұйымдастырып, жүргізді. Ол Жапониядағы экологиялық саясат пен экологиялық мәдениет мәселелеріне арналған докторлық диссертациясын сәтті қорғаған PhD докторы. Өз баяндамасында Жапонияның тұрақты даму саласындағы тәжірибесінің маңыздылығын атап өтті.

Студенттер Шығыс елдерінің экологиялық саясаты, «жасыл» экономикаға көшу стратегиялары және экологиялық мәдениетті қалыптастыру мәселелері бойынша баяндама жасады. Тұрақты даму қағидаттарын білім беру бағдарламалары мен ғылыми зерттеулерге енгізудің маңызы ерекше аталды.

Іс-шара қорытындысы бойынша студенттік экологиялық жобаларды дамыту, ғылыми зерттеулерді кеңейту және ағартушылық бастамаларды жүзеге асыру бойынша ұсыныстар қабылданды.