- Басты бет
- Жаңалықтар
- «Таза Қазақстан» акциясы: азаматтардың құқықтары мен міндеттері арқылы қоршаған ортаны қорғау
«Таза Қазақстан» акциясы: азаматтардың құқықтары мен міндеттері арқылы қоршаған ортаны қорғау
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті заң факультетінің кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасының ұйымдастыруымен «Таза Қазақстан» акциясы аясында «Азаматтардың құқықтары мен міндеттері арқылы қоршаған ортаны қорғау» тақырыбында іс-шара өткізілді.
Аталған іс-шараның негізгі мақсаты - қоршаған ортаны қорғау саласындағы құқықтық мәдениетті арттыру, азаматтардың экологиялық жауапкершілігін қалыптастыру және тұрақты даму қағидаттарын насихаттау болды. Кездесу барысында экологиялық құқықтың өзекті мәселелері, табиғатты қорғаудағы азаматтардың құқықтары мен міндеттері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасының маңызы кеңінен талқыланды.
Іс-шараны кафедра меңгерушісі, заң ғылымдарының докторы, профессор Г.А. Куаналиева ашып, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі құқықтық тетіктердің рөліне тоқталды. Сонымен қатар, кафедраның профессор-оқытушылар құрамы - А.А. Есекеева, Г.К. Рашева, С.М. Жапаков, Қ.А. Бахманова өз баяндамаларында қоршаған ортаны қорғаудың құқықтық негіздері мен заманауи сын-қатерлері туралы мазмұнды пікірлерін ортаға салды.
Іс-шараға заң факультетінің 3-курс студенттері белсенді қатысып, тақырып аясында өз ойларын білдіріп, сұрақтар қойып, пікірталасқа атсалысты. Бұл кездесу студенттердің экологиялық құқық саласындағы білімдерін тереңдетіп, олардың азаматтық ұстанымын нығайтуға ықпал етті.
Аталған шара «Таза Қазақстан» акциясының мақсат-міндеттерін жүзеге асыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болды.