ТҮРКІ МӘДЕНИЕТІНДЕГІ ЖЫЛҚЫ ФЕНОМЕНІ: ҒЫЛЫМИ СЕМИНАР ӨТТІ
2026 жылдың 19 ақпанында Шығыстану факультетінің Түріктану және шығыс елдерінің тарихы кафедрасында Түркия Республикасынан келген белгілі ғалым, профессор Саваш Шахинның қатысуымен «Атты көму дәстүрі» тақырыбында ғылыми семинар ұйымдастырылды.
Семинардың басты мақсаты – жылқының көшпелі қоғамдар өміріндегі орны мен маңызын, оның сенім-нанымындағы, дүниетанымдағы және өлімнен кейінгі өмір туралы түсініктердегі рөлін ғылыми тұрғыда талдау болды. Іс-шара барысында жылқының тек шаруашылық құндылық қана емес, түркі халықтарының рухани мәдениетінің маңызды символы екені жан-жақты қарастырылды.
Профессор Саваш Шахин өз баяндамасында қорғандарға адаммен бірге арнайы ер-тұрманымен, әбзелдерімен көмілген жылқылардың археологиялық және тарихи мәніне тоқталып, атқа қатысты жерлеу дәстүрлері мен құрбандық ғұрыптарының түркі халықтарына ортақ екендігін атап өтті. Бұл дәстүрлер түркі халықтары арасындағы тығыз тарихи-мәдени байланыстарды және ортақ дүниетанымның қалыптасуын айқындайтыны ерекше көрсетілді.
Ғылыми семинарға кафедраның профессор-оқытушылар құрамы мен студенттері белсене қатысып, тақырып аясында мазмұнды пікірталас өтті. Қатысушылар дәстүрлі мәдениеттің қазіргі қоғамдағы жалғастығы, оны жас ұрпақ санасына сіңіру мәселелері жөнінде өз ойларын ортаға салды.

Аталған ғылыми кездесу Шығыстану саласындағы ғылыми ынтымақтастықты нығайтуға, халықаралық тәжірибе алмасуға және университеттің ғылыми беделін арттыруға елеулі үлес қосты.
Абелдаев Ж.
Кыркымбекова А.
Басқа жаңалықтар