ШЫҒЫСТАНУ ФАКУЛЬТЕТІНДЕ ЖАҢА МОНОГРАФИЯНЫҢ ТҰСАУКЕСЕРІ ӨТТІ
2026 жылғы 20 ақпанда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Шығыстану факультетінде БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарының 4-бағыты — «Сапалы білім беру» аясында Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының ұйымдастыруымен ф.ғ.к., доцент-зерттеуші Ғ.Ә. Қамбарбекованың «Ортағасырлық Иран: Археография және дереккөздер (XIII–XVIII ғғ.)» атты монографиясының тұсаукесері өтті.
Іс-шараның мақсаты – парсы тіліндегі көпғасырлық дереккөздерге арналған зерттеулерді таныстыру және олардың Қазақстан тарихын зерделеудегі маңызын айқындау.
Тұсаукесер барысында монографияға пікір білдірген белгілі отандық ғалымдар – т.ғ.д., профессор Ә.Қ. Муминов, т.ғ.д., профессор Б.Б. Кәрібаев, т.ғ.д., профессор-зерттеуші Л.Г.Ерекешова еңбектің ғылыми құндылығын атап өтті. Сонымен қатар, Алматы қаласындағы Иран мәдени орталығының басшысы Хоссейн Ағазаде, т.ғ.д., профессор К.Ш. Хафизова, т.ғ.д., профессор, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі М.Қ. Әбусейтова, т.ғ.д. Ж. Ошан құттықтау лебіздерін білдіріп, автордың ғылыми еңбегіне жоғары баға берді.
Іс-шара аясында автор дайындаған презентация ұсынылып, монографияның мазмұны мен негізгі ғылыми нәтижелері таныстырылды. Еңбекте парсы тіліндегі қолжазбаларды анықтау, каталогтау, топтастыру, сақтау, сондай-ақ оларды аудару мен ғылыми тұрғыдан зерттеу мәселелері жан-жақты қарастырылады. XIII–XVIII ғасырлар аралығындағы дереккөздерге жүргізілген талдау олардың тарихи маңызын айқындай түседі. Қазақ тарихына қатысты құнды мәліметтердің мол қамтылуы монографияның ғылыми салмағын арттыра түсті.
Тұсаукесер гибридті (офлайн және онлайн) форматта өтіп, оған кафедра оқытушылары, магистранттар мен докторанттар қатысты.

Басқа жаңалықтар