- Басты бет
- Жаңалықтар
- Қытайтану кафедрасында докторанттың педагогикалық практикасы аясында ашық сабақ өтті
Қытайтану кафедрасында докторанттың педагогикалық практикасы аясында ашық сабақ өтті
2026 жылғы 18 ақпанда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Шығыстану факультеті Қытайтану кафедрасында «Аударма ісі» білім беру бағдарламасының 1-курс докторанты Ершат Ардақтың педагогикалық практикасы аясында ашық сабақ өткізілді.
Сабақ 2+2 «Шетел филологиясы» білім беру бағдарламасының 1-курс студенттеріне «Қытай тілі (Chuji Shang)» пәні бойынша жүргізілді. Оқу үдерісі интерактивті форматта ұйымдастырылып, студенттер оқу мәтіндеріне кешенді талдау жасады, жаңа лексикалық бірліктерді жан-жақты меңгеріп, тілдік құзыреттілікті дамытуға бағытталған бірқатар грамматикалық жаттығулар орындады.
Материалды тиімді меңгеру мақсатында мультимедиялық презентация дайындалып, топтық жұмыс элементтері мен ойын технологиялары қолданылды. Бұл әдістер білім алушылардың оқу үдерісіне белсенді қатысуына ықпал етті.
Ашық сабаққа факультет деканының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары, қытайтану кафедрасының меңгерушісі және кафедра оқытушылары қатысты. Талқылау нәтижесінде сабақтың әдістемелік деңгейі, оқу үдерісін ұйымдастыру сапасы және заманауи білім беру технологияларын қолдануы жоғары бағаланды.
Ашық сабақ докторанттың педагогикалық құзыреттілігін жетілдіруде және қытай тілін оқытудың инновациялық әдістемелерін оқу үдерісіне енгізуде маңызды кезең болды.
Басқа жаңалықтар