- Басты бет
- Жаңалықтар
- Қаржылық сауаттылық - азаматтардың қаржылық құқықтарын қорғаудың және заңды қаржы қатынастарын қалыптастырудың негізі
Қаржылық сауаттылық - азаматтардың қаржылық құқықтарын қорғаудың және заңды қаржы қатынастарын қалыптастырудың негізі
2026 жылғы 23 ақпанда заң факультетінің кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасының ұйымдастыруымен «Қаржылық сауаттылық - азаматтардың қаржылық құқықтарын қорғаудың және заңды қаржы қатынастарын қалыптастырудың негізі» тақырыбында мазмұнды іс-шара өткізілді.
Іс-шараның мақсаты - студенттердің қаржылық сауаттылық деңгейін арттыру, қаржылық құқық бұзушылықтардың алдын алу, азаматтардың қаржылық құқықтарын қорғау тетіктерін түсіндіру және заңды қаржы қатынастарын қалыптастырудың маңызын насихаттау болды. Қазіргі таңда қаржы нарығындағы өзгерістер, цифрлық қызметтердің дамуы, онлайн-несиелеу мен инвестициялық құралдардың көбеюі азаматтардан жоғары деңгейдегі құқықтық және қаржылық білімді талап ететіні атап өтілді.
Іс-шараны кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасының меңгерушісі, заң ғылымдарының докторы, профессор Г.А. Куаналиева ашып, қаржылық сауаттылықтың тек экономикалық емес, сонымен қатар құқықтық мәдениеттің ажырамас бөлігі екенін атап өтті. Ол өз сөзінде қаржылық қауіпсіздік, алаяқтықтың алдын алу, банктік және сақтандыру қызметтерін пайдалану кезінде құқықтық нормаларды білу қажеттігіне ерекше тоқталды. Сонымен қатар, жастардың қаржылық жауапкершілігін қалыптастыру - құқықтық мемлекетті дамытудың маңызды шарты екендігін айтты.
Кафедраның ассистент-профессоры Қ.М. Қожабек қаржылық сауаттылық мәселелері бойынша мазмұнды баяндама жасап, студенттерге қаржы нарығындағы негізгі ұғымдарды, азаматтардың қаржылық құқықтары мен міндеттерін, несие шарттарын жасасу кезінде назар аударылатын талаптарды, инвестициялық қызметтің құқықтық негіздерін түсіндірді. Сондай-ақ, қаржылық алаяқтық түрлері, интернет арқылы жасалатын құқық бұзушылықтар және олардан қорғану жолдары нақты мысалдар арқылы талқыланды.
Баяндама барысында Қазақстан Республикасының қаржы заңнамасы аясындағы негізгі қағидалар, тұтынушылардың құқықтарын қорғау механизмдері және қаржылық дауларды шешудің құқықтық тәртібі кеңінен қарастырылды. Студенттер тарапынан белсенді сұрақтар қойылып, тәжірибелік жағдайлар бойынша пікір алмасу ұйымдастырылды.
Іс-шараға кафедраның профессор-оқытушылар құрамы және заң факультетінің студенттері белсенді қатысып, тақырып төңірегінде өз ойларымен бөлісті. Кездесу интерактивті форматта өтіп, қатысушылар арасында ашық диалог орнады.
Қорытындылай келе, аталған іс-шара студенттердің қаржылық және құқықтық білімін арттыруға, қаржылық мәдениетін қалыптастыруға, сондай-ақ азаматтардың қаржылық құқықтарын тиімді қорғауға бағытталған маңызды алаң болды. Мұндай мазмұнды кездесулер болашақ заңгерлердің кәсіби құзыреттілігін нығайтып, заңды қаржы қатынастарын қалыптастыруға өз үлесін қосатыны сөзсіз.
