«Суды қорғау челленджі» студенттік бастамасы
2026 жылдың 17 ақпанында Филология факультетінде БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарын іске асыру шеңберінде «Суды қорғау челленджі» атты экологиялық акция өтті. Бұл бастама ТДМ 6: «Таза су және санитария» бағыты бойынша су ресурстарын үнемдеу және қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.
Шара барысында 2-курс бакалавр студенттері судың тіршілік көзі екенін дәріптейтін мазмұнды презентациялар ұсынып, жаһандық су тапшылығы мәселесін талқылады. Студенттер күнделікті өмірде суды тиімді пайдаланудың қарапайым әрі тиімді тәсілдерін (университет қабырғасында және үй жағдайында) көрсететін бейнероликтер дайындап, әлеуметтік желілерде арнайы челлендж бастады.
Кафедра оқытушылары су ресурстарын ластанудан қорғаудың маңыздылығына тоқталып, санитарлық нормаларды сақтаудың денсаулық үшін маңызын атап өтті. Акция соңында қатысушылар университет кампусында суды үнемдеуге шақыратын ақпараттық парақшалар таратып, экологиялық жауапкершілік бойынша өз ұсыныстарын білдірді. Бұл бастама жастардың экологиялық санасын оятуға және табиғатты аялауға қосқан маңызды үлесі болды.
Ұйымдастырушылар: Түркітану және тіл теориясы кафедрасының аға оқытушысы Уалиханова Гүлнұр, кафедра оқытушылары және 2-курс бакалавр студенттері.
Басқа жаңалықтар