Студент және құқық :сұрақ -жауап алаңы
2026 жылғы 26 ақпанда «6В11300 - Логистика (салалар бойынша)» білім беру бағдарламасының 3-курс студенттері, «Бизнес-технологиялар» кафедрасы, Экономика және бизнес жоғары мектебі, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «Заң және тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында өткен мазмұнды талқылауға қатысты.
Кездесудің бастамашылары – PhD докторы, «Бизнес-технологиялар» кафедрасының доцент-зерттеушісі Әділова Наздана Джемс-Уатовна және Заң факультетінің «Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық» кафедрасының аға оқытушысы, заң ғылымдарының магистрі Қанат Алихан.
Талқылау формалды сипатта емес, мазмұнды әрі белсенді өтті. Қатысушылар құқықтық мәдениет, бизнестің жауапкершілігі, логистика саласындағы заңнаманы сақтау, әкімшілік тәуекелдер мен басқарушылық шешімдердің салдары мәселелерін талқылады. Кездесудің тәрбиелік маңызы ерекше болды. Болашақ көлік-логистика саласының мамандары тұрақты дамудың құқықтық тәртіпсіз, ашықтықсыз және жеке жауапкершіліксіз мүмкін еместігін түсінуі тиіс. Заң -бұл шектеу емес, экономиканың тұрақтылығы мен сенімінің негізі.
Іс-шара БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарымен тікелей байланысты, атап айтқанда №16 ТДМ - «Бейбітшілік, әділдік және тиімді институттар», ол барлық деңгейлерде әділ, есеп беретін және инклюзивті институттарды қалыптастыруға бағытталған. Сонымен қатар бизнестің жауапкершілігі мен тұрақты басқару шешімдері №8 ТДМ - «Лайықты жұмыс және экономикалық өсу» және №9 ТДМ - «Индустрияландыру, инновациялар және инфрақұрылым» мақсаттарымен үндеседі.
Осындай кездесулер кәсіби құзыреттермен қатар азаматтық ұстанымды да қалыптастырады. Бұл – саланың болашағына салынған инвестиция, себебі заңсыз логистика жылдам жұмыс істейді, бірақ ұзаққа бармайды.
Басқа жаңалықтар