- Басты бет
- Жаңалықтар
- Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Чеджу ұлттық университетінің бірлескен AI Global Leadership Camp бағдарламасы
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Чеджу ұлттық университетінің бірлескен AI Global Leadership Camp бағдарламасы
26 ақпан, 2026
ТДМ-4 2026 жылдың 25–31 қаңтар аралығында мен “AI Global Leadership Camp: Jeju Cultural Experiences – Integrated Learncation Program” халықаралық білім беру бағдарламасына қатыстым. Бағдарлама Чеджу аралында өтті және жасанды интеллект мүмкіндіктерін мәдени тәжірибемен ұштастыруға бағытталды.
Бағдарламаның академиялық бөлігінде жасанды интеллекттің білім беру процесіндегі рөлі жан-жақты қарастырылды. Лекциялар барысында AI құралдарының оқу материалдарын дайындауда, тапсырмаларды құрастыруда және ақпаратты тиімді талдаудағы артықшылықтары түсіндірілді. Теориялық білім практикалық тапсырмалармен бекітіліп, қатысушылардың заманауи технологияларды қолдану дағдыларын дамытуға мүмкіндік берді.
Алғашқы күні бізді Чеджу университетінің өкілдері қарсы алып, ресми таныстырылым өткізді. Студенттер бірнеше топқа бөлініп, әр топқа арал символдарына қатысты тақырыптар берілді. Экскурсиялар барысында жиналған ақпарат негізінде топтық презентация қорғау міндеті қойылды.
Бағдарлама аясында аралдың тарихи және туристік нысандарына экскурсия ұйымдастырылды. Қатысушылар «Jeju aqua planet», танымал “All In” (Ва-Банк) жобасы түсірілген орынға, «Hallasan» ұлттық паркіне және жағажай аймақтарына барды. Бұл сапарлар Чеджу аралының табиғи, тарихи және мәдени ерекшеліктерін тереңірек түсінуге жол ашты.
Менің тобымның тақырыбы “Stones” болды. Чеджу аралы вулкан атқылауы нәтижесінде қалыптасқандықтан, тастар арал мәдениетінде ерекше орын алады. Арал символдарының бірі – долхаробан тастары. Олар сыртқы пішіні жағынан қазақ халқының бал-бал тастарына ұқсас болғанымен, тарихи мағынасы мен мәдени қызметі жағынан айырмашылықтары бар. Топтық зерттеу барысында біз осы ерекшеліктерді талдап, салыстырмалы түрде қарастырдық.
Мен топта аналитик қызметін атқардым: ақпарат жинақтау, деректерді саралау, презентация құрылымын әзірлеу және спикерлер мәтінін дайындау міндеттерін орындадым. Бұл жұмыс жауапкершілік пен жүйелілікті талап етті және командалық үйлесімділікті нығайтты.
Бағдарлама барысында Чеджудың дәстүрлі хэнео әйелдерінің еңбегі ерекше әсер қалдырды. Олар арнайы құралдарсыз теңізге сүңгіп, су астынан теңіз өнімдерін жинау арқылы күн көреді. Бұл құбылыс аралдың мәдени мұрасының маңызды бөлігі болып табылады.
Қорытынды күні барлық топтар өз жобаларын қорғап, жүлделі орындармен марапатталды. Қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталып, бағдарлама қоштасу кешкі асымен аяқталды.
Аталған халықаралық бағдарлама кәсіби білімімді тереңдетуге, зерттеу және талдау дағдыларымды дамытуға, сондай-ақ мәдениетаралық коммуникация тәжірибесін арттыруға зор ықпал етті.
Осы мүмкіндікті бергені үшін және халықаралық білім кеңістігінде тәжірибе жинақтауға жағдай жасағаны үшін Al-Farabi Kazakh National University басшылығына және ұйымдастырушыларға шынайы алғысымды білдіремін.
Кеңесбек Аружан
Кино және медиа 4-курс
Кино және медиа 4-курс