AIKYN.KZ, INFO.AIKYN.KZ

11 мамыр, 2016

ПӘН мен МӘН

ПӘН мен МӘН. Мемлекет басшысы: «Біздің балаларға жүктеп отырған жүктеме тым артық, бес күндік өзге пәндердің есебінен енгізілмеуі керек. Мәселен, қазақ тілі мен әдебиетін неге бір пәнге айналдырмасқа? Орыс тілі грамматикасы мен әдебиетін, тарих пен географияны біріктіруге болар еді» деген еді. Расында, балаларды бес күндік оқу жүйесіне көшіру туралы жаңа реформа көпшілікті қуантып отырған секілді. Оның бір себебі, ала таңнан қара кешке дейін ауыр сөмке арқалап, қатарынан алты күн сабаққа баратын оқушының жүгі жеңілдемек. Саны көп, сапасы жоқ кейбір пәндердің қысқарғаны дұрыс та шығар. Дегенмен мұндай жаңашыл­дыққа оқытушылар қалай қарайды? Пәндердің қысқарғаны абзал дедік, бірақ қай пәндер қысқарғаны жөн? Бұл жөнінде мамандар не дейді?      Ханшайым ҚАРАБАЕВА, ҚазҰУ-дың Қазақ тіл білімі кафедрасының оқытушысы: – Бұл мәселе  кафедра мәжілісін­де талқыға түсіп, талданған болатын. Ғылымның екі үлкен саласын біріктіру оңай шаруа емес. Бұл мәселені көтеріп отырғандар бағдарламаның тә­жірибелік мән-мағынасын, маңы­зын түсіндіре отырып, біріктіру жөнін­де ұсыныс жасаған болса, әңгіме басқа. Ал қазіргі уақытта қазақ тілі мен әдебиетін бір пән ретінде оқытудан қандайда бір дұрыс нәтиженің шығатынына күмән көп те, сенім аз. Жоғары оқу орындарында сту­денттерге арналған «Қазақ тілі мен әдебиеті» дейтін пән оқытылды. Бұл пән орта мектепті сәтті бітіріп, жоғары білім ордаларына бірша­ма дайындықпен келген студенттерге арналғанның өзінде, тәжірибе сәтсіз аяқталды. Әдебиеттен бұрын тілдің дұрыс үйретілуі керек­тігін түсін­дік. Тілдің грамматикасын, стильдік ережелерін түсінбей тұрып, әдеби шығармаларды оқыту, түсіндіру, ол туралы сөз қозғау, яки сол шығарманы талдауды талап ету мүмкін емес. Қазақ тілін толық меңгермей тұрып, әдебиетті оқыту арқылы екі пән бойынша да татымды, нәтижелі білім бере алмаймыз. Бұл – университеттегі студенттерге жүргізілген тәжірибеде дәлелденген мәселе. Тіпті, бұл екі пәнді біріктіріп оқытуға болатынын алға тартып отырғандар алдымен білім жүйесінде тәжірибе жүзінде сыналып, ғылыми тұрғыда сараптамадан өту керектігін ескерсе екен. Мұндай біріктірілетін пәндер қазақ, әлде орыс мектеп­терінде оқытылатыны да реттелуі қажет. Мәселен, орыс мектептерін бітіріп, жоғары оқу орындарына тілді меңгермек түгілі, қазақша әріп танымай келетіндер бар. Осындай оқушыларға әдеби шығармаларды бір пән аясында оқытудың өзі артық. Оның үстіне, біздің аймақтық ерекшеліктеріміз бар. Оңтүстік аймақтар қазақ тіліне біршама жетік дегенімізбен, солтүстіктегілер ана тілін меңгерді деу әлі ерте. Қазақ тілі мен әдебиетті біріктірудің нәтижесі туралы бірдеңе айтудың өзі қиын. Бұл мәселенің болашағы әлі бұлыңғыр.     Талас ОМАРБЕКОВ, тарих ғылымының докторы, профессор: – Тарих және география пәндерін біріктіру – осы пәндердің мән-ма­ғынасын жоюмен тең. Бұл екі пән ешуақытта бір болған емес, біріге алмайды да. Егер тарих пен географияны ғылымда біріктірген болсақ, онда әңгіме басқа. Мәселен, біздегі зерттеу жұмыстары, кандидаттық, докторлық қорғауларда тарихи-географиялық дейтін ғылыми бағыт бар. Ал мектеп қабыр­ғасында екі пәнді біріктіріп, бір пән ретінде оқыту мүлдем қисынға келмейді. Бұл әлемдік тәжірибеде де мақұлданған емес. Тарих – саяси-идеологиялық пән. Кеңестік дәуірде де, одан бертінгі кезеңде де бұл пән мемлекеттің отаншыл жаңа ұрпағын тәрбиелеуде идеологиялық құрал ретінде пайдаланылып келді. Ал география – жаратылыстану ғылым­дарына жататын, бағыты мүлдем бөлек пән. Бұл екеуінің классификациясы да бөлек. Ал сондай бағыты, бағдары әрқандай екі пәнді біріктіру идеоло­гиялық қателік болмақ. Егер мектептегі білім жүйесіне осы аталған қателіктер енгізілетін болса, оқушы тарих пен географияның аражігін ажырата алмайтын болып қалыптасады. Бір мысал келтірейін.  Кейінгі уақыттарда кейбір тарихи оқиғаларға климаттық-географиялық жағдайлардың байланысы бар деген пікірлер айтылып жүр. Мәселен, шетелдік ғалымдардың бірсыпырасы 1932-33 жылдардағы ашаршылықтағы нақты оқиғаны білмей, қазақтың аштықтан қырылу себебі мал басын қыс­қартудан, дәстүрлі мал шаруашылығын қиратудан болғанын түсінбей, бұл оқиға сол жылдары жауын жаумай, құрға­шылықтың жаппай орын алуынан мал қырылып, географиялық фактордың салдарынан халық жұтқа ұшырады деп жазып жүр. Жұт пен ашаршылықтың аражігін шетелдік ғалымдардың өзі жөндеп ажырата алмай отырғанда, екі пәнді біріктірер болсақ, оқушы бұл екі пәнді мүлдем бір-бірінен айыра алмайтын болады. Жұт – географиялық атау. Осындай екі пәннің өзіне тән атауларын шатастырып, кеңестік реформаның зардабынан халық жаппай қырылған қазақтың қасіреті зор тарихи оқиғасын қайдағы географиялық жағдайдың салдарымен байланыстыра салатын жағдайлар көбейеді. Осы себептен де елдің тарихын географиясымен байла­ныстырып оқыту арқылы балаларды адастырамыз. Мектеп қабырғасында бұл екі бөлек ғылым саласының негізгі элементарлық білімі оқытылады. Оқушы оқиғаның я тарихтың, я болмаса географиялық жағдайдың ықпалынан болғанын ажырата алмай, шатасады. Сәйкесінше, келешек ұрпаққа халықтың тарихының қажеті болмай қалады. Олар халықтың тарихы географиялық факторларға, яғни тау-тасқа, өзен-көлге байланысты деп санайтын болады. Нәтижесінде, географияны – тарихи пән жасап жібереміз де, елдің тарихын бүлдіреміз. География – қазіргі климатты, қоршаған ортаны, экологиялық жағдайды, ал тарих өткенді зерттейді емес пе? Бұл екеуі де – әлемдік тәжірибеде ғылым ретінде өзіндік бағытын қалыптастырған классикалық пән. Осындай қиюы келмейтін екі пәнді қиыстыру мүлдем қисынға келмейтін дүние.      Анар ФАЗЫЛЖАНОВА, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты директорының орынбасары: – Алдымен не себепті, басқа пәндер емес, қазақ тілі мен әдебиеті, тарих пен география пәндерін біріктіру қажет болғанын анықтау аса маңызды. Осындай мәселенің көтерілуіне дәйекті, дәлелді негіз болуы керек те, мұндай шешім жүзеге асырылмас бұрын халыққа мәселенің маңызы мен мән-мағынасы жан-жақты түсіндірілуі қажет. Пәндерді біріктіруді жүзеге асыру арқылы қандай тиімді нәтижеге қол жеткізетініміз жөнінде дұрыс мағлұмат берілуі шарт. Қазіргі уақытта қарапайым халық, тіпті зиялылардың өздері нақты осы пәндердің біріктірілуінің қаншалықты қажет екенін түсіне алмай отыр. Білім беру саласының маман­дары қазіргі мектепте пәндердің алуан түрлігі бала психология­сына артық салмақ түсіретіні­н айтып жатыр. Алайда бүгінде әлемдік жүйеде білім беру саласындағы жетістігі бойынша ал­дың­ғы орынға шығып отырған ел – Финлян­дияның білім жүйесіне назар салсақ, оларда мате­­матика, фин тілі, әдебиетке кіріспе (чте­ние), музыка, дінтану, қолөнер және дене­шы­нықтыру пәндері бастауыш сыныпта оқытылады да, жоғары сыныптарда қоғамтану, география, биология, физика, химия, тарих және тағы басқа қосымша пәндер жүретінін көреміз.  3-сыныпта ғана ағылшын тілі пәні шет тілі ретінде оқыту жүйесіне енгізіледі. Фин мемле­кеті әлемдік экономикалық нарықта екі брен­дімен танымал екені аян: оның бірі – сапалы фин қағазы, екіншісі – зияткерлік техноло­гиялар. Ендеше, дамыған 30 елдің қатарынан көрінгіміз келсе, неге осындай мемлекеттердің білім жүйесіндегі сәтті тәжірибелерді зерделеп көрмеске? Осы пәндерді біріктіру жөнінде мәселе қозғалған кезде, бәлкім, біз біле бер­мейтін дәлелді негіздер мен дәйекті тұсы да болған шығар. Ендеше, бұл жағы жан-жақты халыққа түсіндірілуі керек. Бұл – халықтың болашағы үшін маңызды мәселе. Бізге, әсіресе, білім беру саласына кел­генде, онжылдықтармен, жүзжылдық­тармен емес, тіпті мыңжыл­дық­тармен де ойлауды үйрену керек. Білім – адам капиталын құрайтын маңызды компонент, сондықтан қоғамда оны игертудің әсері ұзақмерзімді эффект тудырады. Сол сияқты тілді дамытуға құйылған қаражат, жұмсалған күштен түсетін табыс, көретін пайда құйылған «инвестициялар» тоқтағаннан кейін де сан жыл көрініс беріп, «дивиденд» әкеліп отыратынын тарихта талай тәжірибе дәлелдеді. Посткеңестік кеңістіктегі орыс тілінің бүгінге дейін өз позициясын әлсірет­пеуі кезіндегі КСРО дәуірінде салынған инвестициялардың бүгінге дейін мықты жұмыс істеп тұрғанын көрсетеді. Сондықтан білім беру мен тіл оқытуда аянып қалмауымыз керек. Дамыған мемле­кет­терде кез келген қоғамдық әсері жоғары мұн­дай маңызды реформалардың (тіпті жекелеген заң актілерінің де)нәтижесі қандай болатынын тек­серуге арналған алдын ала барлау техно­логия­лары бар. Сондай технологияның ең таны­малы – регуляторлы әсердің сарапта­масы (анализ регуляторного воздействия). Шетелдерде, әсіресе, Еуропада жалпы­ха­лықтық масштабқа енгізбес бұрын «жаңарт­паларды» белгілі бір кезеңде шектеулі әлеу­меттік ортада қолданып, осындай техно­логия арқылы тексеріп, регуля­торлы, яғни үздіксіз бақылап, әсерін егжей-тег­жейлі зерттейді. Осындай жаңалықты – заңна­маны, небір реформаны оның әсерін, бұған халықтың реакциясын, қоғамда тудырған оң, теріс өзгерісін, артықшылығы мен кемшілігін тіркеп, соның нәтижесінде тиімді-тиімсіздігін шешіп барып, тиімділігі айқын болса ғана енгізеді. Бұл – бір. Екіншіден, тіл маманы ретінде қазақ тілі мен әдебиетін бір пәнге біріктірудің тиімді­лігінен гөрі туғызатын қатері басым бола ма деп қауіптенемін. Қазіргі Қазақстан жағдайында біртұтас ел құрамыз десек, сол біртұтас ұлтты бірік­тіруші иденти­фикаторы – мемлекеттік тіл болуы керек. Олай болса, мемлекеттік тілді пән ретінде оқытуға мейлінше ерекше көңіл бөлінуі шарт. Ал егер оны әдебиет пәнімен біріктірсе, екеуінің пәндік құзыреттіліктерін бір сабақта қалыптастыру қаншалықты мүмкін болар екен? Себебі, әдебиет пәні сөйлеу мен тіл құралдарын дұрыс пайдала­нудан да терең мақсатты көздейді. Әдебиет – ұлттың жаны мен рухы болса, пән ретінде бұған қоса эстетикалық, көркем сананың қалыптас­тырушысы. Енді тіл пәнінің қалыптастыратын құзыреттіліктерін айтсақ: бұрынырақта, тіл тек қарым-қатынас құралы ретінде оқытылса, бүгінде жер-жерлерде осыған қоса мәдениеттің танытқышы ретінде оқытылды. Бұған енді Қазақстан жағдайын­дағы мемлекеттік тілді оқытудың мына бір маңызды стратегиялық мақсатын қоспаса тағы болмайды. Ол мақсат – мемлекетті сақтау, елді тұтастырушы фактор ретінде қазақ тілін барлық азаматтардың жетік білу құзыреттілігі. Сонда бір пән аясында тілтаным мен әдебиеттаным сияқты екі үлкен ғылымның білімдер жүйесін игертіп, екі ерекше пәннің құзыреттіліктерін қалыптастыру мұға­лімге қаншалықты жеңіл, оқушыға оңай болмақ? Мұның қоғамға пайдасы мен тиімділігі қандай? Осы тұсын ойлану керек. Менің білуімше, бұл пәндерді біріктірудегі мақсат – орыс мектептеріндегі қазақ тілі пәнінің сағатын арттыру. Қазақ тілінің сағатын арттыру – дұрыс шешім. Бірақ қазақ тілі пәнінің сағатын әдебиетті біріктіру арқылы арттырудың тиімділігі қаншалықты? Осы мәселелер қоғамды мазаламай қоймайтыны анық.   Шарипа ПЕРДЕБЕКОВА, география пәнінің мұғалімі: – География жаратылыстану пәні қатарына кіретіндіктен, мұның тарихпен мүлдем байла­нысы жоқ. 6-сыныптан бастап оқытылатын география пәнінің жер бедерін, өлшем бірліктерін, экватордың ұзындығын өлшеу, я болмаса координаттарды табу сынды өзіндік математикалық-физикалық есептеуі бар. Ал тарих – даталарды қамтитын, өткенді зерттейтін гуманитарлық пән. Географияны оқыту барысында «Қазақстанның табиғи зонасы» сынды тақырыптарын биоло­гиямен байланыстыруға келе­тін шығар. Онда да айтарлықтай қатысы жоқ, тек кейбір тақырып­тарын байла­ныстыруға болады. Ал тарих пәнімен оның мүлдем үйлеспейтіні бесенеден белгілі болып тұрған жоқ па? Сол себепті, бұл екі пәнді жеке-жеке оқытқа­нымыз дұрыс.   Сейілбек МҰСАТАЕВ,  саясаттанушы: –  Бүгінде білім жүйесіндегі күн тәртібінен түспей тұрған мә­селелердің бірі – мектептегі кей пәндерді біріктіру. Соның ішінде білім жүйесіне реформа енгізіп, жаңалық жасап отырғандардың назарына іліккені – қазақ тілі мен әдебиеті, тарих пен география пәндері. Бұдан бөлек, жақында жоғары оқу орындарында «Қазақ­стан тарихының» орнына тек еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бергі кезеңдерді қамтитын  «Қазіргі заман тарихын» енгізу туралы мәселенің көтеріліп отырғаны тағы бар. Енді мектеп қабырғасында да, жоғары білім беру мекемелерінде де тарих пән ретінде бұлай қысқара беретін болса, келешек ұрпақ тарихтан мүлдем хабарсыз қалмай ма? Үштілділік мәселесі жан-жақты талқыға түсіп, жұрт «жаратылыстану пәндерін шет тілінде оқыту арқылы оқушыларға дүбәра білім беретін боламыз», «кез келген пән мектеп қабырғасында ана тілінде оқытылуы керек» деп жатқан тұста қазақ тілі мен әдебиетін біріктіру мәселесі көтерілді. Келешек ұрпақ тарихымен қоса, тілінен ажырамақ па? Не қазақтың тарихын, не қазақ тілін білмейтін ұрпақтың қалып­тас­пайтынына кім кепіл? Қазіргі уа­қытта бұл проблема жұрт­шылық­ты алаңдатып отырғаны рас.   Жанат САЛХАНОВА, педагогика ғылымдарының докторы, профессор: – Жалпы білім беретін білім ордалары, мектеп оқушыларына арналған оқулықтар дайындау жүйесінде біраз уақыттан бері жұмыс істеп келемін. Орыс тілі мен әдебиетін біріктіру филология және методика­лық ғылым тұрғысынан алғанда қате қадам. Бір кездері білім жүйесінде мұндай тәжірибе жүзеге асырылды. Соңғы 10 жылда қазақ мектептерінде білім алатын оқушыларға арналып, орыс тілі мен әдебиетінің бірігуінен пайда болған «Русская речь» пәні жүргізілді. Әу баста екі пәннің мән-мағынасын ескере отырып, бір пәнге бірік­тіргенімен, соңында тек орыс тілін оқытатын пән екеніне көз жет­кіздік. Яғни пәннің атауы мазмұ­нына сәйкес бола алмады. Нәтижесінде, қазақ мектептерінде білім алатын оқушылар орыс тілінің грамматика­сын меңгергенімен, орыс әдебиетінен мүлдем хабарсыз болып шықты. Сол себепті, орыс тілі мен әдебиетін жеке-жеке пән ретінде қалдырғанымыз дұрыс. Бұл екі пәннің мақсаты да бөлек. Мәселен, орыс әдебиетіне арналған оқулықтар дайындаған кезде сауатты оқырман тәрбиелеу басты маңызға ие болады. Мұндай оқу­лықтар оқушының мәдени дағды­сын қалыптастыру мен әдеби да­муына арналып дайындалады. Ал орыс тілінің басты мақсаты – грамма­ти­калық сауатты оқушы дайындау. Солай емес пе? Яғни грамматика мен әдебиетті біріктіру қиынның қиыны екенін түсуіміз аса маңызды. Егер, қоярда қоймай мұндай біріктірілген пәнді білім жүйесіне енгізу керек деп шешсек, бағдарлама авторларының алдында қандай қиын мәселе тұрғанын түсінуі керек. Екі пәннің екі бөлек оқытылып келгенінен ұтылған емеспіз, ұтылмаймыз да.     Ұтымды ой Сарапшылардың дені «қазақ тілі мен әдебиетін, орыс тілі мен орыс әдебиетін біріктіріп оқытатын маман табылар-ау, бірақ біріккен тарих пен географияны оқытатын білікті ұстаз табыла қояр ма екен?» деген ой айтады. Себебі, география пәнінің жер бедерін, өлшем бірліктерін, экватордың ұзындығын өлшеу, я болмаса координаттарды табу сынды өзіндік математикалық-физикалық есептеуі бар. Ал тарих даталарды қамтитын, өткенді зерттейтін гуманитарлық пән екенін ескерсек, «осы екі білім саласын жетік меңгерген маман бар ма?» деген сауал туындайтыны анық.   Түйін: Бүгінгідей жаппай жаһандану заманында уақыт күннен-күнге зымырап, технология қарыштап жылдам дамып барады. Жалпы білім беру саласында Елбасы пәндерді біріктіру дегенде, кейбір мағынасы, мәні ұқсас келетін пәндерді біріктіріп, бір жобаға келтіруді меңзеп отыр. Ал сарапшылардың пікірі жоғарыдағыдай. Осы тұрғыдан келгенде, шын мәнінде, жалпы Қазақстандағы білім беру жүйесін тұтас кешенді түрде қайта сараптаудың уақыты жеткен сияқты. Орта мектеп бағдарламасына тиісті құрылымдық өзгерістер бекітіліп, оқушылардың осы заманға сай білім алу жүйесін қалыптастыруымыз қажет. Елбасының да ұстанып отырған саясаты осыған саяды. Білім және ғылым министрлігіндегі жауапты мамандар «айттым бітті, кестім үзілді» деген қағидатты ұстанбай, барлық мәселені тиісті сараптамадан өткізіп, талқылау жасап, ата-аналар мен мұғалімдердің де пікірлерін ескере отырып, бұл мәселенің шешімін табуы керек сияқты. Ол үшін не қажет? Жаңа реформаның ұтымды тұстарын түсіндіруі керек. Әрі мұғалімге де, оқушыға да ұғынықты болуы үшін жаңа бағдарлама түзілуі тиіс. Оны түзетін де, көпшіліктің көңілін алаңдатпай, сапалы етіп жасайтын да – арнайы мамандар. Өз ісінің білгірлері ғана бұл жүйені түзе алады. Сонда ғана «арба да сынбайды, өгіз де өлмейді». «Шортан суға, аққу көкке» тартар болса, біздің бұдан ұтыларымыз анық. Қалай десек те, Елбасы айтқан ұсыныстың тиімді тұсын ұстанғанымыз дұрыс.  Оқушыға қажеті не? Сапалы білім. Ал сан бар жерде сапа болады. Ұлттың келешегі кемел болсын десек, саналы азамат тәрбиелеп шығаруымыз қажет. Білім және ғылым министрлігіне жүктелген жүк жеңіл емес. Бастысы, сол жүкті ұлттың, ұрпақтың ыңғайына қарай көтере білу. Ұлт ұпайы қай кезде түгенделеді, ұрпақтың тәрбиесі саналы болған сәтте. Саналылыққа жетелейтін орта – ол мектеп. Білімі мен білігі мықты ел адаспайды.  

Гүлзина БЕКТАС, Айдана НҰРМҰХАН