ALMATY-AKSHAMY.KZ

11 мамыр, 2016

ПОЛИЦЕЙЛІК БІЛІКТІЛІКТІ АРТТЫРЫП, ОНЫ ҰДАЙЫ ЖЕТІЛДІРУ ҚАЖЕТ

ПОЛИЦЕЙЛІК БІЛІКТІЛІКТІ АРТТЫРЫП, ОНЫ ҰДАЙЫ ЖЕТІЛДІРУ ҚАЖЕТ. ПОЛИЦЕЙЛІК БІЛІКТІЛІКТІ АРТТЫРЫП, ОНЫ ҰДАЙЫ ЖЕТІЛДІРУ ҚАЖЕТ Оқи отырыңыз / 04.05.2016, 14:33 / 2 рет оқылды Дабыржан МАЖИРИН, ҚР ІІМ-нің Алматы қаласындағы Оқу орталығының бастығы, полиция полковнигі   Тыңдаушылар Алматыны аралайды   – Полковник мырза, полицей мундирінің салмағын сараласаңыз. – Мемлекет басшысының «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам» 5 институционалдық реформасын жүзеге асыру бағытында тапсырылған міндеттер ел болашағын айқындайды. Еліміздің дамуы жұртымыздың тыныштығымен сабақтас, сондықтан мемлекеттік қызметте, соның ішінде, ішкі істер органдарында бірталай маңызды жұмыстар атқарылуда. Мемлекет басшысы полицияны жасақтауда кәсіби әрі психологиялық жаңа жүйені жандандыру, полицейлік біліктілікті арттыру және оны ұдайы жетілдіріп отыру қажеттігіне баса мән берді. Елбасы еліміздің мамыражай тірлігін қамтамасыз ететін ішкі істер органдары саласында қызмет етудің қоғам үшін ерекше елеулі екенін ескертіп, құқық қорғау жүйесінде кадрлық сапаны жаңарту мен жаңғырту қажеттігіне тоқталды. Барлық уақытта ішкі істер органы қызметкерлеріне қойылатын негізгі талаптар: абыройлы қызмет, қызметтік міндетке адалдық, әділдікке біртабан жақындық, қағидатшылдық, ашықтық, азаматтарға дер кезінде көмек көрсету, сондай-ақ, өз өмірі мен денсаулығына төнген қиындыққа қарамастан, азаматтарды қатерден арашалап қалу. Ал, қызметке атүсті қарау қашанда ішкі істер органдары жүйесіне кері әсер етеді. Қызметтік тапсырмаға салғырт қараудың салдары қызметпен қоштастырып, заңдылықпен көзделген лайықты жазаға тартылумен тынады. Полиция өкілі мемлекеттік қызметші болғандықтан, заңдылықты жіті білуі міндетті әрі оны қызметте орынды қолдануы маңызды. Білім мен біліктілік тәртіп сақшысының дұрыс шешім қабылдауына көмектеседі. Полицейдің басты міндеті – азаматтардың құқығын қорғау, қоғамдық тәртіпті күзету, заң талабын орындау. – Дабыржан Тыныбайұлы, өзіңіз басқаратын Оқу орталығының ерекшелігі неде? Ішкі істер органдары жүйесіндегі кадрлардың аталған орталықтағы бастапқы дайындығы қалай? – Болашақ полиция қызметкерлерін кәсіби тұрғыда дайындаудың негізгі кезеңінің бірі – еліміздің Ішкі істер министрлігінің Оқу орталығында өтеді. Өйткені, жас маман үшін мұндағы алғашқы арнайы даярлық курстарының маңызы зор. Полиция бөлімшесінің қызметкерлеріне қызметтік тапсырманы тиімді орындауына кәсіптік білім көп көмектесіп, біліктілік пен іскерлік кәсіби жетістікке үйретеді. Оқу орталығындағы оқыту мерзімі мен білім мазмұнының ерекшелігі тікелей республикамыздың ішкі істер министрінің бұйрығымен бекітілген тақырыптық жоспарға сай жүргізіледі. Ішкі істер органдарына қызметке тұратын жоғары және орта білімді тағылымдамашы үш бағытта оқытылады. Қатардағы және кіші басшы құрам қызметіне оқу мерзімі – 3 ай, орта басшы құрам лауазымына оқу – 2 ай. Ал, ҚР Қарулы Күштерінен запасқа шыққандарға, сондай-ақ, ІІМ Ұлттық ұланның мерзімді қызметтегі әскери қызметшілеріне – 1 ай оқу мерзімі бекітілген. Осындай қысқа оқу мерзімі аралығында тыңдаушыларға өз қызмет саласында бастапқы даярлықтан білім беріліп, білім дағдысы мен біліктілік машығын қалыптастыру бірінші кезекке қойылған. Әр қызмет саласы бойынша практикалық жұмыс барысында меңгеруге тиісті білім мен іскерлік дағдысы осы орталықтағы оқу процесі кезінде ерекше ескеріліп, берілген білімді игеру нәтижесі бойынша сынақ-емтихан қабылданады. Әр курс топқа (взводқа) бөлінеді. Әр курстың өз кураторы бар. Сол кураторлар тыңдаушыларды қаламыздағы тарихи-мәдени мұражайларға мәдени жорыққа бастайды. Алматы – биыл күзде 1000 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде тойланғалы тұрған шырайлы шаһар. Сондықтан, тыңдаушыларымыздың бұл гүл-қаланы аралап, мәдени-көпшілік, демалыс орындарына баруына барынша мүмкіндік жасалған. Алыс аумақтардан келген тыңдау­шылар Алатау баурайындағы осынау қаладан кәдімгідей әсерленіп қайтады.   «Қызметсіз қаламын» деген қорқыныш болмайды   – Тыңдаушыларды қызметпен қамту қалай шешімін тапқан? – Басқа оқу орындарынан бір ерекшелігі, ҚР ІІМ-нің Оқу орталығында жүз пайыз жұмыспен қамтамасыз ету қарастырылған. Мұндайда оқу мерзімі аяқталғаннан кейін «қызметсіз қаламын» деген қорқыныш болмайды. Қолына диплом не сертификат алған тыңдаушы қай қызмет орнына  жіберілсе, сол орынға барып қызметін жалғастырады. Бізде оқитындар түгел дерлік жолдамамен келеді. Жас маманға қалауынша маман жетіспейтін аймақтарға баруға мүмкіндік мол. Алматы қалалық, Алматы облыстық және Көліктегі ішкі істер департаменттерінің қызметкерлері барлық қызмет желісіндегі біліктілікті арттыру және қайта даярлау курстарынан біздің орталықтан өтеді.   Құқық тәртібін шыңдайтын кәсіби білім ордасы   – Орталықтың материалдық-техникалық жай-күйіне тоқталсаңыз. Теориялық білім тәжірибемен қалай ұштасады? Маман немен машықтанады? – Әлбетте, тыңдаушылардың қажетті білім алуына қазір толық жағдай жасалған. Оқу аудиториялары жаңа технология талаптарына сай келтірілген. Стенд, көрнекі құралдар жетерлік. Оқу процесінің тиімділігін арттыру орайында екі интерактивті тақтамен жабдықталған 14 оқу кабинеті бар. Сонымен бірге, 60 орындық үлкен кітапхана залы әр түрлі оқулық-әдебиетпен жабдықталса, екінші шағын кітапхана арнайы құпия белгісі бар әдебиеттерді беру мен сақтауды жүзеге асырады. Оған қоса, медициналық бөлім, асхана, тыңдаушылардың жатын орындары да толықтай жабдықталған. Бүгінде оқу орталығының базасы талапқа сай деп айта аламын әрі оқытудың практикалық бағыты талап деңгейіне қойылған. Алда жоспарланған талай іс-шара бар. Ал, тақырыптық оқу жоспарына байланысты «Арнайы даярлық», «Заң даярлығы», «Криминалистика», «Ату даярлығы» сияқты жекелеген пәндерді оқытуда дәріс, семинар-тәжірибе, оқу-жаттығу сабақтарының өткізілуінде тыңдаушылардың қызығушылығын арттыруға бағытталған арнайы оқу полигондары пайдаланылады. Мысалы, ату дайындығы лазерлік тренажерлі оқу-жаттығу тирінде өтсе, криминалистік және жол-патрульдік полициясы үшін оқу полигоны мен уақытша ұстау абақтысына (изолятор) бөлінген арнайы оқу бөлмелері бар. Бұл да болса тәжірибелік сабақтарға таптырмас қажеттілік. Күрестің жауынгерлік тәсілдері мен дене шынықтыру сабағына арналған толық жабдықталған спорт залы мен арнайы жаттығу залдары бар. Оқу процесінде тыңдаушылар 25 компьютермен жабдықталған компьютер сыныбында дайындалады. Тыңдаушылардың қызмет саласына байланысты теориялық сабақтар қалалық Ішкі істер департаментінде, сондай-ақ, аудандық ішкі істер басқармаларында тәжірибемен ұштастырылады. Қолда­нысқа енгізілген тәжірибе өз тиімділігін көрсетуде. – Жаһанда жанкешті қылмыс өрши түсуде. Уақытпен ілесіп, кибер-қылмыс та қылаң берді. Сыбайлас жемқорлық та сойқан салуда. Осы орайда орталықта қандай қам-қарекет жасалуда? – Осы күні қылмыстың жаңа түрлері – діни экстремизм, терроризм, компьютерлік технологияны пайдалану арқылы жасалатын қылмыс, сыбайлас жемқорлық қылмыс пен құқықбұзушылық көптеп орын алуда. Уақытпен бірге қоғамда орын алған осындай маңызды мәселелерге орай оқу жоспарына да өзгерістер енгізілуде. Оқу орталығындағы пәндерге сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, терроризм мен экстремизм­ге, нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес тақырыптары енді. Сонымен қатар, «Заң даярлығы» сабағында тыңдаушыларға полиция қызметіндегі заңдылық нормалары, нормативтік-құқықтық актілер, заңға сәйкес ережелер түсіндіріліп, аталған қылмыстық құқықбұзу­шылықтың алдын алуға бағытталған халықаралық озық тәжірибелер де зерделенуде. Мемлекет басшысының «Ұлт жолы – Қазақстандық арманға жол» атты мақаласында: «…Қазақстанның барлық құқық қорғау жүйесі азаматтардың бостандығы мен құқықтарын қамтамасыз ету мен заң талаптарының қатаң орындалуын және қоғамдық тәртіпті нығайтуға толықтай бағытталған», – деп атап айтқаны айрықша жадымызда. – Жеке құрам жайында айтсаңыз. Оқыту – өз алдына, тыңдаушыларға тағылым беретін оқытушы-қызметкерлер өзі біліктілігін қалай арттырады? – Оқу орталығының жеке құрамы 80 қызметкерден жасақталған. Оның 50-і – ішкі істер органының қызмет­кері, офицерлер. Орталықта оқу бөлімі, саптық әзірлік пен қызметкерлермен жұмыс істеу (кадр) бөлімі өз лауазымдық міндетіне сай қызмет етеді. Оқытушылық құрамдағы 26 адамның 12-сі – аға оқытушы. Қызметкерлеріміз өз міндетіне жетік. «Тәрбие – тал  бесіктен» демекші, мамандарды іріктеуде олардың моральдық-адамгершілік бейнесіне ерекше мән береміз. Өйткені, тағылым берушінің өзі білімге аса ынтызар болуы керек. Сонда ғана білімге, ілімге құмарлық тағылым алушының бойында қалыптасады. Оның үстіне, біздің орталық – құқық тәртібін қорғаушыларды шыңдай­тын кәсіби білім ордасы. Сондықтан, оқытушы-мамандары­мыз жоғары, заңгерлік білімге ие болса да, олардың өзін уақыт талабына сай, жоғары білім ордаларындағы кәсіби білімді шыңдайтын қысқа мерзімді курстарға жіберіп, біліктілігін арттыруға жағдай жасаймыз.   Жауынгерлік дәстүр жалғасуда   – Ұжымда ұрпақ сабақтастығы, жауынгерлік дәстүр жалғастығы қалай өрбуде? – Ардагерлерімізді ардақтау, олардың бай тәжірибесін бойға сіңіру жағы жүйелі жүргізілуде. Қызметкерлеріміздің өз ісіне аса жауапкершілікпен, қырағылықпен қарап, тағылым алушылардың мамандықтың қыр-сырын меңгеруі ардагерлерімізден үлгі алғандығы. Оқу мекемемізде Ардагерлер кеңесі, Офицерлер кеңесі, Тәлімгерлік кеңесі жұмыс істейді. Ішкі істер органынан зейнетке шыққан оқу орнының ардагерлеріне деген құрметіміз айрықша. Ардагерлермен кездесу тыңдаушыларға да тың серпіліс беріп, алдағы қызметіне сеніммен аттанады. Тыңдаушылар атыс қаруының құрылысымен толық танысып, қолма-қол ұрыс түрлері мен жауынгерлік күрес тәсілдерін меңгеріп, қылмыстық құқықбұзушылықтың алдын алуға үйретіледі. Оқу орталығының ардагерлері тыңдаушыларға ағынан жарылып, бастан кешкен әңгіме­лерін шертіп, қызметке адал болуға үндейді. Ардагер­лер, қазыналы қариялар тағылым алушылардың табанды болуын талап етіп, оларға «білімдінің мыңды жығатынын» ұғындырады. Осындай ақжарқын әңгіме ғана жүрекке жылы тиері сөзсіз. Біліктілікке ұмытылған мамандар азаматтардың, сондай-ақ, өз өмірін қорғау үшін қаруды жетік меңгерудің мәнісін жақсы түсінген. Қолданыстағы жаңа заң талаптарын жетік білу де тәртіп сақшылары үшін басты қажеттілік. Уақытпен үндескен осындай қажеттілік біліммен беріліп, оқытушы мен тағылым алушының арасында алтын көпір орнайды. Білікті қызметкердің берген білімі тағылым алушының бойынан білініп тұрады. – Орталықтың заманға сай жабдықталуы жайында айтсаңыз. Өзіңіз де қызметті ғылыммен ұштастырыпсыз… – Бүгінде ІІМ және біздің құрметті ардагерлеріміздің атқарған жанды жұмыстарының нәтижесінде жергілікті атқару органдарының көмегімен Оқу орталығы заманға сай жедел-техникалық құралдармен жабдықталды, жеткілікті кәсіби даярланған мамандармен толықтырылды. Алдымызда тұрған талап биігінен табылуға тырысудамыз. Тапсырылған міндеттер ұжымның іскерлігімен, белсенді әрекетімен іске асуда. Мақсат – кәсіби әзірліктегі жас полицейлердің отаншылдығын арттырып, патриоттық рухта тәрбиелеу. Сонымен бірге, заңдылықтарды қатаң сақтай келе, тыңдаушылардың азаматтық беделін көтеру, олардың қызметтік міндетіне жауапкершілігін арттыру. Сонда ғана қоғамның құқықтық тәртібі лайықты түрде қамтамасыз етіледі. Өзім заңгер болғандықтан, саясаттанудан алшақ кете алмадым. Бішкекте, Сыртқы істер министрлігі жанындағы Дипломатиялық университет жанындағы Ғылыми кеңесте  саясаттану ғылымдарының кандидаты ғылыми атағын сәтімен қорғап шықтым. ІІМ Оқу орталығы – оқу-білім ордасы, сондықтан әріптестеріме айтарым бар. Полицияның жас қызметкерлерін оқыту мен тәрбиелеу әрбірден соң ғылыми-педагогикалық жұмыспен сабақтас келеді. Оқу орталығының мамандары даму жолында көптеген қиындықты бастан кешіп, педагогикалық, қызметтік және тәрбиелік маңызы бар жан-жақты жұмыс тәжірибесін жинақтады. Біздің көптеген қызметкерлер мен ардагерлер қысқа уақыт аралығында орталықтың жүйеленіп, көркейе түсуіне үлес қосып, жас сақшылардың даярлығы мен біліктілігін арттыруда еселі еңбек етуде.   Аталар аманатына адалдық   – Сіздің қызметтік міндетін қалтқысыз атқаратын басшы ғана емес, шежіре-сыр шертіп, жазуға машықтанған азамат екеніңізді аңғардық. Жақында «Тұлға. Тағдыр. Таразы» атты шежіре, естеліктер жинағыңыз жарық көрді. Мұны нәубетті бастан кешкен бабалар рухына тағзым деп түсіндік. Қолға қалам алуыңызға не себеп? – Әрбір саналы азамат үшін ұлт тари­хындағы кез-келген кезең құнды, ата-бабасына қатысты әрбір дерек аяулы. «Сөздің ең ұлысы – тарих» деп, ұлы ағартушы Ахмет Байтұр­сынов бекерге айтпаған болар. Тарихты танып-білу арқылы ғана жас буын ата-толқынның жасампаз ісін жалғайды. Ендеше, өткенді таразылау арқылы бабалардың елі мен жер үшін жанын құрбан еткен көзсіз ерлігін дәріптейді. Мұны мен бейбіт заманның ұрпақтары алдындағы абыройлы міндет деп білемін, саналы жеткіншектерге салиқалы сабақ деп санаймын. Қолыма қалам алуға себеп болған жәйт, ата-бабаларым алдындағы перзенттік парызым болар. Жалпы, бұл кітап Дулат бабадан тарайтын Солтанкелді ұрпағы Байпақұлы Данай әулетінің шежіресі жайында жазылған. Басқасын айтпағанда, Данайдан шыққан Мажыра, Жылқыбай, Жетібай, Байораз бен қызы Мауазия ұрпақтарының өзі өсіп-өніп, бір қауым елге айналып, үлкен атаның ізін жалғауда. Өзім өсіп-өнген әулеттің өтпелі кезеңдердегі айтулы оқиғалары көп еді. Бұл өзі келер ұрпаққа жетсін, шыққан тегін біліп өссін деген ниетпен жазылған естелік дүние. Жалпы, қай шерлі шежірені алып қарасаңыз да, ол қазақтың бірлігі мен тұтастығын әңгімелей жөнеледі. Халқымыздың басына төнген небір нәубет жылдардағы қиыншылықтардан сыр шертеді. Тағдыр тауқыметін бастан кешкен халқымыз өзінің күш-жігерінің, мықтылығының арқасында береке-бірлігін, елдігін сақтап қалғаны бәрімізге белгілі. Сол қиын-қыстау заманды бастан өткерген Данай ұрпақтарының шынайы оқиғаларына негізделіп, талай мұрағатты ақтарып, төгілген термен, үкілі үмітпен, ілкімді ізденіспен жазылған еңбек. Алда 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні, 9 мамыр – Жеңіс күні. Айтпағымыз, Екінші дүниежүзілік соғыстың құрбандары арасында атамыз Данай ұрпақтары аз емес. Заманында ауқаттылар санатына қосылса да, жоқ-жітік пен жетім-жесірге қайырымы мол Мажыра атамыздың өзі қуғын-сүргінге ұшырап, «халық жауы» ретінде айдалып кете барған. Оның артында қалған бес ұлы да «халық жауының балалары» делініп, көп түртпек көріпті. Атам Мажыраның үлкен ұлы Сабыр 1937 жылы еш себепсіз ұсталып, «үштіктің» шешімімен атылып кеткен. Мажыраның қалған ұлдары – Есепбай, Тынбай, Құлбай мен әкем Тыныбай екінші дүниежүзілік соғысқа аттанған. Әкем ғана аман-есен оралған. Үш ағасы майданнан хабарсыз кетті. Қаншама ізденсек те, олар туралы бір дерек ала алмадық. Соғыс салған зұлмат сол. Арайлап алдан таң әлі, Күледі күннің жанары. Аймалап жатсын Сіздерді, Қордайдың салқын самалы, – деп, Данай атаның үрім-бұтағы Қордайдың «Мажыра» қыстауында тоталитарлық қуғын-сүргін көріп, екінші дүниежүзілік соғыстан оралмаған ата-бабаларына тағзым етіп, ескерткіш орнатады, бабалар рухына бағыштап құран оқытады. Сұхбаттасқан – Айнабай МӘДИ   «Ақшамның» анықтамасы Дабыржан Тыныбайұлы МАЖИРИН – әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті заң факультетінің 1984 жылғы түлегі. КСРО ІІМ-нің 1 жылдық курсынан Литваның Каунас қаласында өткен Д. Мажирин 1991 жылы Мәскеудегі ІІМ академиясын (күндізгі бөлім) бітірді. Көп жыл ішкі істер органдарының жедел қызметінде істеп, бірнеше жыл ИНТЕРПОЛ-дың Қазақстан бюросына басшылық етті. Біраз уақыт ІІМ Көліктегі ішкі істер департаменті бастығының орынбасары болды. Бүгінде Ішкі істер министрлігінің еңбек сіңірген қызметкері Д.Мажирин – ҚР ІІМ-нің Алматы қаласындағы Оқу орталығының бастығы, полиция полковнигі.