ҚОҒАМДЫҚ ТӘРТІП ЖӘНЕ СТУДЕНТТІҢ ЖАУАПКЕРШІЛІГІFarabi University
Референдум 15 марта

ҚОҒАМДЫҚ ТӘРТІП ЖӘНЕ СТУДЕНТТІҢ ЖАУАПКЕРШІЛІГІ

27 ақпан, 2026

2026 жылғы 27 ақпанда Биология және биотехнология факультетінің зоология, гистология және цитология кафедрасында Аква 25-01 К тобының ұйымдастыруымен «Қоғамдық тәртіп және студенттің жауапкершілігі» тақырыбында ашық кураторлық сағат өткізілді. Іс-шара әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті қабырғасында ұйымдастырылып, студенттердің құқықтық мәдениетін қалыптастыру мен азаматтық жауапкершілігін арттыруға бағытталды.

Бұл тәрбие сағаты БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарымен (ТДМ) сабақтастырылып өткізілді. Атап айтқанда, іс-шара ТДМ 4 – «Сапалы білім» және ТДМ 16 – «Бейбітшілік, әділдік және тиімді институттар» мақсаттарына сәйкес келеді. Сапалы білім тек кәсіби құзыреттілікті ғана емес, сонымен қатар тұлғаның құқықтық сауаттылығын, академиялық адалдығын және әлеуметтік жауапкершілігін қалыптастыруды көздейді. Ал ТДМ 16 аясында заң үстемдігін құрметтеу, қоғамдық тәртіпті сақтау және бейбіт қоғам құру құндылықтары насихатталады.

Кураторлық сағат барысында «Қоғамдық тәртіп дегеніміз не?» және «Студент – қоғамның белсенді мүшесі» тақырыптары жан-жақты талқыланды. Студенттерге қоғамдық тәртіптің негізгі қағидалары, Қазақстан Республикасының заңнамалық талаптары, азаматтардың құқықтары мен міндеттері түсіндірілді. Әсіресе, өзгенің құқығы мен бостандығына құрметпен қарау, мәдениеттілік пен әдептілік сақтау, қоғамдық орындарда өзін дұрыс ұстау, оқу орнының ішкі тәртіп ережелерін орындау әрбір студенттің басты міндеті екені атап өтілді.

Сонымен қатар академиялық адалдық қағидаларын сақтау, сабаққа жауапкершілікпен қатысу, оқытушылар мен қатарластарына құрмет көрсету, уақытты тиімді пайдалану мәселелері қозғалды. Студенттің тәртібі оның тұлғалық деңгейін, тәрбиесін және болашақ маман ретіндегі кәсіби жауапкершілігін айқындайтыны ерекше айтылды.

Кездесу барысында заң алдындағы жауапкершілік мәселесі де кеңінен талқыланды. Қоғамдық орында тәртіп бұзу, төбелес ұйымдастыру, мүлікті бүлдіру, алкогольдік ішімдік ішу немесе тыйым салынған заттарды қолдану, кибербуллинг пен интернеттегі заңсыз әрекеттердің әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке әкелетіні түсіндірілді. Мұндай әрекеттер тек жеке тұлғаның емес, оқу орнының да беделіне нұқсан келтіретіні баса айтылды.

 

 

Іс-шара қорытындысында студенттер қоғамдық тәртіпті сақтау – бұл тек міндет емес, мәдениеттіліктің, азаматтық сананың және әлеуметтік кемелділіктің көрінісі екеніне көз жеткізді. Тәртіпті, жауапты және саналы ұрпақ қалыптастыру – тұрақты әрі дамыған қоғамның негізі. Осындай тәрбиелік маңызы бар кездесулер университет қабырғасында азаматтық ұстанымы берік, заңды құрметтейтін және қоғам дамуына үлес қосатын жас мамандарды тәрбиелеуге ықпал етеді.

 

Аквакультура және су биологиялық ресурстары (6B08402) білім беру бағдарламасы 

1 курс студенттерінің куратор-эдвайзері,

Зоология, гистология және цитология кафедрасының меңгерушісі

Кегенова Г.Б.

#SDG #SustainableDevelopment #KazNU #SDG_KazNU #SustainableKazNU