Ұлы педагог-ғалым Өмірбек Арысланұлы Жолдасбеков – студенттердің үміт ұшқынын маздатқан, білім мен ғылымға деген сенімін арттырған дара тұлға.
Өмірбек Арысланұлы туралы оның Қазақстандағы білім мен ғылым саласындағы атқарған еңбектері, мемлекеттік тұрғыдан басқару істеріне араласқан кездерінде: жоғары оқу орындарында кафедра менгерушісі, факультет деканы, оқу істері жөніндегі проректор, ректор, инженерлік академияның президенті болған жылдарында қатар жүріп, бірге жұмыс істегендердің әртүрлі тақырыпта көптеген басылымдарда жазған естеліктері айтарлықтай жарияланған.
Менің «Ұлы педагог ғалым» деп жазуымның себебі – ағамыздың өз өмірі заманында Қазақстанның ең ірі жоғары оқу орындарында: Шымкенттегі, сол жылдары Қазақ технологиялық институты деп аталған, сонан соң Алматыдағы Қазақ политехникалық институты, қазіргі Қаныш Сәтбаев атындағы ұлттық политехникалық зерттеу университеті, кейіннен өмірінің 16 жылын алғашында С.М.Киров атындағы деп аталған, бүгінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ректорлық қызметін атқарды. Осылармен қатар, өзі ұйымдастырған Қазақстанның инженерлік академиясының президенті қызметінде болды. Қазақстан Республикасы егемен мемлекет болған жылдары алғашқы сайланған Парламенттің депутаты болып қызмет атқарды және Қазақстан Ғылым академиясының академигі болып сайланды. Осы қызметтердің бәрінде Өмірбек Арысланұлы жоғарыда аталған оқу орындарында мыңдаған студенттерге, олардың күнделікті өмірінде ең қажетті дүниелер: жатақхана, әрбір мамандықтарына сай материалдық-техникалық база, оқу жабдықтары мен зертханалар, оқулықтар, кітапхана қоры, оқу құралдары мен ғылыми монографиялар, студенттік стипендия, оқу-әдістемелік құралдармен толық қамтамасыз етілуі қарастырылып отырды. Ұлы педагогтердің өмір тарихына арналған басылымдармен танысқанда осы аталған қажеттіліктердің бәрі оқу жүйесінің талаптарын іске асыруда маңызды мән берілетіні айтылады. Жалпы, «ұлы» деген тіркес сөзді осы мақалаға арнап қосып қолдануым – еске алып жазылып отырған мәселелерге байланысты. Өмірбек Арысланұлының мемлекеттік қызметті іске асыру барысында әрбір студент, әрбір ұстаз педагог бір шаңырақ астында қызметтес болған азаматтардың жүрек жылуымен еске алып отырғандары ұлылықтың нышандары деп білемін.
Менің Өмірбек ағамен таныстығым бала кезімнен басталған болатын. Себебі ол менің туған ағам Сәдуақас Темірбековпен Шымкент қаласындағы Кеңес Одағының Батыры Қарсыбай Спатаев атындағы №7 қазақ орта мектебінде 8-10 сыныптар аралығында бірге, бір класта оқыған болатын. Сол жылдары мектептегі оқу жүйесінде қалыптасқан тәртіп бойынша әрбір тоқсаннан кейін берілетін бір апталық демалыс (каникул) күндері екеуі біздің ауылға, үйге келетін. Ауылымыз қасиетті Қазығұрт тауының етегінде орналасқандықтан, олар осы таудың ең биік шыңы – «Кеме қалғанға» серуендеп барып қайтатын. Онжылдық мектепті алтын медальға бітірген соң, Өмірбек ағамыз Мәскеуге жоғары оқу орнына, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің механика-математика факультетіне оқуға түсті.
Жылдар өтіп, ауылдағы жетіжылдық мектепті бітірген соң, мен өзім де Шымкент қаласына барып, ағаларымыз оқыған №7 Спатаев атындағы мектепке куәлігімді тапсырдым. Мектептің ішімен танысу үшін дәліздегі тепкішектермен екінші қабатқа көтерілген жерінде мектепті әр жылдары бітірген түлектердің естелік суреттері ілулі тұр екен. Бірден ерекше көзіме түскендердің ішінде Өмірбек Жолдасбеков ағамыз онжылдықты бітірген жылы 10 оқушы алтын медальға бітірген екен. Бұл мектепті басқа оқу жылдары да алтын медальға бітіргендер болған, бірақ қатарынан бір жылда 10 оқушы бітіргендердің суретін көрмедім.
Ұлы педагог ғалым Ө.Жолдасбеков 1970 жылы сол кездегі С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің (ҚазМУ) ректоры болып тағайындалды. Сол жылдары география факультетінің деканы, г.ғ.д. А.В.Чигаркин ҚазМУ-дың ғылыми істер жөніндегі проректоры болып жұмыс істеді. Сәті түсіп бір әңгімелескенде, профессор А.В.Чигаркин жаңадан проректор болып сайланған кезінде оған ректор Ө.Жолдасбеков: «Біз келешекте Қазақ мемлекеттік университетінің профессорлық-педагогикалық ұжымының ғылыми әлеуетін жоғарылатып, жаңа дәрежеге көтеруіміз қажет. Сол үшін сіз университеттің ғылыми істер жөніндегі проректоры ретінде біздің университетті жақсы оқып бітірген студенттерге мақсатты аспирантурадан орын бөліп, Мәскеу мемлекеттік университетіне жіберіп, жас ғалымдарды дайындауға кірісіңіз», – деп тапсырма берген екен.
Өмірбек ағамыздың педагог ғалым кадрлар даярлау саясаты іске асырылып, көптеген студент жастар тек ММУ-ға ғана емес, сол жылдары Мәскеу, Ленинград, Новосибирск, Киев, Харьков, тағы басқа қалалардағы жоғары оқу орындарына қазақстандық студенттер ауыстырылып, ол жақтағы оқу орындарын үздік бітіріп, елімізге қайтып оралды. Олардың бәрі бүгінде республикамыздың жоғары оқу орындарының ардақты ұстаздары болып жұмыс істеуде.
Өмірбек ағаның қазақ тілін білім мен ғылым тіліне айналдыруға қосқан еңбектерінің орны ерекше. Оның қазақ тілінде жазған еңбектері – «Механизмдер мен машиналар теориясы», «Жоғары класс механизмдерінің теориялық негіздері», «Машина бөлшектерінің беріктігі мен сенімділігі», тағы басқа да инженерлік механикаға және жоғары оқу орындарына арналған басылымдар бар.
Өмірбек Арысланұлы Қазақстан Республикасының білім беру саласы мен ғылымының дамуына ерекше еңбек сіңірген тұлға. Оның осы салалардың дамуына қосқан үлесін мемлекеттік тұрғыдан жоғары бағалап, оның есімімен Шымкент қаласындағы жалпы орта білім беретін мектеп, Алматы қаласындағы үлкен даңғыл, өзі бар күш-жігерін салып, ұйымдастырып тұрғызған КазГУград қалашығындағы Студенттер сарайы оның атымен аталады.
Біздің көңілімізде Өмірбек аға қарапайымдылығымен, жігерлілігімен, жұмыс орнындағы жоғары жауапкершілігімен, студенттерге деген аса зор қамқорлығымен есімізде мәңгі сақталады.
Амангелді ТЕМІРБЕКОВ,
география және табиғатты пайдалану факультеті География,
жерге орналастыру және кадастр кафедрасының профессоры
Басқа жаңалықтар