Ғалым мұрасы – ұрпаққа өнегеFarabi University

Ғалым мұрасы – ұрпаққа өнеге

26 ақпан, 2026

«Сапалы білім беру» атты тұрақты дамудың №4 мақсаты аясында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология факультетінің студенттері мен магистранттары арасында ф.ғ.к., куратор-эдвайзер Е.М. Солтанаеваның бастамасымен 2026 жылдың 26 ақпанында педагог-ғалым, қоғам қайраткері Өмірбек Арысланұлы Жолдасбековтің өмірі мен ғылыми-педагогикалық қызметіне арналған танымдық кездесу өткізілді.

Іс-шараның негізгі мақсаты – студент жастарға көрнекті ғалымның білім мен ғылымды дамытудағы тарихи рөлін таныстыру, оның педагогикалық мұрасын насихаттау, тұлғалық өнегесі арқылы білімге ұмтылыс пен ғылыми ізденіске деген қызығушылықты арттыру, сондай-ақ сапалы білім берудің қоғам дамуындағы маңызын түсіндіру болып табылады.

Кездесу барысында ғалымның өмір жолы, оның жоғары білім беру жүйесін дамытудағы еңбегі, университеттің ғылыми әлеуетін арттыруға қосқан үлесі туралы мазмұнды мәліметтер ұсынылды. Сонымен қатар, қатысушылар назарына «На изломе эпох» атты деректі фильм көрсетіліп, онда Өмірбек Арысланұлының ғалым, педагог және ұйымдастырушы ретіндегі көпқырлы қызметі, студенттер мен жас ғалымдарды қолдаудағы ерекше еңбегі кеңінен баяндалды.

Фильм көрсетілімінен кейін студенттер мен магистранттар ғалымның тұлғасы туралы өз ойларымен бөлісіп, оның білім беру саласына қосқан үлесінің бүгінгі ұрпақ үшін маңыздылығын атап өтті. Ашық пікір алмасу барысында қатысушылар ғылымға адалдық, ұстаздық жауапкершілік және сапалы білімнің қоғам болашағындағы шешуші рөлі туралы өз көзқарастарын білдірді.

Кездесу соңында ұйымдастырушылар студенттердің белсенді қатысуын атап өтіп, мұндай тағылымдық шаралардың жастардың ғылыми дүниетанымын қалыптастыруда және ұлттық ғылым тарихын танып-білуінде маңызды орын алатынын жеткізді.

Аталған шараға оқытушы-профессорлық құрам, магистранттар, студенттер және білім мен ғылым тарихына қызығушылық танытқан басқа да қатысушылар қатысты.

Е. М. Солтанаева