ТДМ 4 аясында Almaty Museum of Arts базасында кураторлық сағат өттіFarabi University
Референдум 15 марта

ТДМ 4 аясында Almaty Museum of Arts базасында кураторлық сағат өтті

2 наурыз, 2026

20.02.2026 жылы ЦУР 4 аясында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Биология және биотехнология факультеті, ботаника және агроэкология кафедрасының «Геоботаника» мамандығының 1-курс докторанты А. Д. Мырзахан кафедра кураторы, аға оқытушы К. Т. Абидкулованың жетекшілігімен педагогикалық практика барысында «Биология» мамандығының 2-курс студенттеріне кураторлық сағат өткізді. Іс-шара Almaty Museum of Arts базасында ұйымдастырылып, студенттердің дүниетанымын кеңейтуге, эстетикалық талғамын қалыптастыруға және пәнаралық ойлау қабілетін дамытуға бағытталды. Сонымен қатар бұл іс-шара университеттің білім беру үдерісін тәжірибемен ұштастыру, студенттердің мәдени ортада еркін бағдарлануын қалыптастыру және тұлғалық дамуына ықпал ету міндеттерін жүзеге асыруға арналды.

Кураторлық сағаттың негізгі мақсаты – университеттің Биология және биотехнология факультетінде білім алушы студенттерін Қазақстанның және шетелдің заманауи өнеріндегі өзекті үрдістермен таныстыру, сондай-ақ көркем туындыларды талдау дағдыларын жетілдіру болды. Іс-шара барысында қатысушылар музейдің ішкі және сыртқы экспозицияларымен, тұрақты және уақытша көрмелерімен жан-жақты танысты. Экспозициялық кеңістіктер Қазақстан мен Орталық Азия бейнелеу өнерінің даму кезеңдерін, өңірдің тарихи-мәдени трансформацияларын және қоғамдағы рухани өзгерістерді айқын көрсетті. Студенттер көркем туындылардың тарихи контекстпен, әлеуметтік үдерістермен, ұлттық болмыспен және заманауи құндылықтар жүйесімен байланысын талқылады.

Ерекше назар қазақстандық белгілі суретшілердің кескіндемелік және графикалық еңбектеріне аударылды: Айша Ғалымбаева, Салихитдин Айтбаев, Молдахмет Кенбаев, Тоқболат Тоғысбаев және Шаймардан Сариев. Олардың шығармалары ұлттық көркемөнер мектебінің қалыптасуын, дәстүрлі мотивтер мен заманауи бағыттардың синтезін, сондай-ақ тақырыптық және стильдік эволюцияны айқындайды. Студенттер композициялық құрылымын, түстік шешімін, символикасын, идеялық мазмұнын және авторлық қолтаңбаның ерекшеліктерін талдады. Бұл талдау студенттердің көркем мәтінді сыни тұрғыдан қабылдау қабілетін арттыруға, визуалды ақпаратты интерпретациялау дағдыларын дамытуға және мәдени феномендерді ғылыми тұрғыдан пайымдауына мүмкіндік берді.

Бағдарламаның жеке бөлігі ретінде заманауи қазақстандық суретші Алмагүл Меңлібаеваның «Бәрін түсінемін» атты жеке көрмесі қарастырылды. Оның тоқыма, фотосурет, видеоарт және перформативтік тәжірибелер форматында орындалған туындылары терең концептуалдық мазмұнымен, болмыс, жады, ландшафт және географиялық кеңістік мәселелеріне бағытталуымен ерекшеленеді. Студенттер бұл еңбектердегі символикалық бейнелер мен архетиптік элементтердің мағынасын саралап, заманауи өнердегі ұлттық және жаһандық үрдістердің өзара ықпалдастығын анықтады, сондай-ақ көркемдік образдың көпқабатты құрылымын талқылады.

Сонымен қатар студенттер әлемдік деңгейде танымал заманауи суретшілердің еңбектерімен танысты: Ричард Серра, Жауме Пленса, Йинка Шонибаре, Ансельм Кифер, Яёи Кусама және Билл Виола. Бұл туындылар кеңістік пен уақытты, адамның ішкі әлемін, тарихи жад пен мәдени кодтарды әртүрлі материалдар мен көркемдік шешімдер арқылы бейнелеудің ерекшеліктерін көрсетеді.

Іс-шараның қорытынды бөлімінде пікірталас ұйымдастырылып, студенттер ұсынылған еңбектердің идеялық бағыттарын, авторлық әдістерін және көркемдік тәсілдерін талқылады. Заманауи өнер мен жаратылыстану ғылымдарының, оның ішінде биология мен экологияның пәнаралық байланыстарына ерекше назар аударылды. Өткізілген кураторлық сағат студенттердің сыни ойлау қабілетін, коммуникативтік құзыреттілігін, зерттеушілік дағдыларын және кешенді дүниетанымын қалыптастыруға, сонымен қатар мәдениет пен ғылым арасындағы өзара ықпалдастықты терең түсінуіне ықпал етті.

 

 

Ботаника және агроэкология кафедрасы