ҚАЗҰУ ҒАЛЫМЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕРГЕ АРНАЛҒАН МАЗМҰНДЫ ДӘРІСІFarabi University
Референдум 15 марта

ҚАЗҰУ ҒАЛЫМЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕРГЕ АРНАЛҒАН МАЗМҰНДЫ ДӘРІСІ

3 наурыз, 2026

2026 жылғы 25-27 ақпан аралығында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында «Көпшілік алдында сөйлеу. Шешендік өнер» тақырыбында семинар өткізілді.

Шараға Астанадан және еліміздің аймақтарынан барлық санаттағы мемлекеттік қызметшілер қатысты. Семинарға қатысушыларға көпшілік алдында сөйлеу мен шешендік өнердің тілдік нормаларын меңгеру, шаршысөзге тән әдістер мен техникаларды қолдану арқылы тиімді, жүйелі және қисынды баяндама жасау дағдыларын дамытуға бағытталған кешенді бағдарлама ұсынылды.

Семинарда Мемлекеттік басқару академиясының вице-ректоры, қауымдастырылған профессор, филология ғылымдарының докторы Оразалиева Эльмира Нұрланқызы «Ұлттық коммуникативтік мәдениет ерекшелігі» тақырыбында баяндама жасады.

Тілдік құзыреттілікті дамыту кабинетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Айтмұхаметова Құралай Өзбекқызы «Сөз мәдениетінің тілдік және коммуникативтік нормалары» тақырыбында баяндама жасап, сөз дәлдігі, мәнерлілігі, тазалығы, байлығы т.б. мәселелеріне кеңінен тоқталды. Сондай-ақ спикер «Саяси дискурс: нақты сөзге дайындықтың 10 қадамы», «Саясаткердің сөйлеу мәдениеті арқылы имидж қалыптастыру тәсілдері», «Саяси дискурс: спикердің сөзін талдаудың 16 параметрі» бойынша мәлімет беріп, нақты практикалық кеңестерін ұсынды. 

Семинарға арнайы шақырылған Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Шығыстану факультеті Түріктану және Шығыс елдерінің тарихы кафедрасының зерттеуші-доценті, филология ғылымдарының докторы                                                                                       Сүйерқұл Ботагөз Мырзабайқызы «Ұлттық шешендік өнердегі мақал-мәтелдердің тілдік-танымдық қызметі» тақырыбында дәріс оқыды.

Ғалымның дәрісінде айтылған қазақ паремиологиялық қорының қалыптасу тарихы мен мақал-мәтелдер құрамындағы жекелеген сөздердің этимологиясына қатысты тілдік, рухани мәдени мағлұматтар семинарға қатысушылардың қызығушылығын тудырып, ана тіліміздің терең тамырына үңілуге, бай сөздік қорымызды тиімді пайдалануға жаңаша көзқарасын қалыптастыруға негіз болды.  

Шараны ұйымдастырушылар Академияның білім алушыларына ұлттық тарихи-мәдени және рухани құндылықтарды насихаттауға бағытталған мазмұнды дәрісі үшін Ботагөз Мырзабайқызына ризашылығын білдіріп, Алғыс хат пен естелік кәдесыйын табыстады. Бұл тағылымды шараны ҚазҰУ ғалымының Еліміздегі ғылым мен білім беру саласын дамытуға қосқан өзіндік үлесінің бір көрінісі ретінде бағалаймыз.

Кыркымбекова А.