Кітапқа құмарлық – рухани дамудың кепілі
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Түркітану және тіл теориясы кафедрасында түркітану мамандығының 1–4 курс студенттері арасында ерекше форматтағы «Кітапқа құмарлық» атты іс-шара ұйымдастырылды.

Бұл шараның негізгі мақсаты - студенттер арасында кітап оқуға деген қызығушылықты арттыру, рухани кемелденуге жол ашу, оқу мәдениетін насихаттау және студенттерді интеллектуалды ортаға тарту. Сондай-ақ бұл форматтың артықшылықтарының бірі - бәсекелестік элементі арқылы оқу қызығушылығын ояту, студенттер арасында оқуға деген ынта мен мотивацияны күшейту.

Кітапқа деген қызығушылықты арттыру үшін іс-шара қызықты әрі интерактивті түрде өтті. Әрбір студент өзге студентке құпия түрде кітап сыйлады. Сыйланатын кітап оқырманның танымын кеңейтіп, қызығушылығын арттыратын мазмұнға ие болуы шарт болды.

Шарт бойынша барлық қатысушылар сыйға алған кітаптарын бір ай ішінде оқып бітіруі керек. Белгіленген уақыттан кейін студенттер қайта бас қосып, кітаптар туралы пікір алмасу, мазмұндық талдау және сыйлық берушіні табу кезеңдерін өткізетін болады. Бұл сәт - оқу тәжірибесімен бөлісуге, әдеби талғамды кеңейтуге, сын тұрғысынан ойлауды дамытуға үлкен мүмкіндік.

Сонымен қатар, шара аясында кітаптың адам өміріндегі рөлі, тұлғалық даму мен рухани әлемді байытудың маңызы жайында пікірлер айтылды. Студенттер өз әсерлерін ортаға салып, сүйікті авторларымен және туындыларымен бөлісті.
Мұндай іс-шаралар жастардың кітап оқу мәдениетін қалыптастырып, рухани дамуына, интеллектуалды әлеуетін көтеруге зор үлес қосады.
Ұйымдастырушы: Түркітану және тіл теориясы кафедрасының аға эдвайзері К.Б. Аширкулов; PhD, и.о. доцент Ш.Т. Кудярова; филол. ғ. к. К.Г. Кортабаева; PhD, и.о. доцент Ш.Д. Бүркітбаева