Ғылым мен мемлекеттік қызметті ұштастырған қайраткер
Алып таулар алыстаған сайын биіктей түсетіні секілді тарихтағы толағай тұлғалар да уақыт озған сайын биіктеп, ірілене бермек. Олар уақыт елегінің көзіне жұтылмайды, ұмытылмайды. Керісінше, келешек ұрпақ санасында өшпес өнеге болып мәңгі жатталып сақталады.
Қасиетті Түркістан облысы Шардара ауданы, Сыр жағасында қанаттанып, халқы үшін қалтқысыз қызмет қылған қайраткер, ғалым Төлеген Тәжібаев (1910-1964) та осы сынды тарихтағы тау тұлғаларымыздың бірі және бірегейі. Оның артында қалдырған рухани мұрасы мен абыройлы ісі ел есінде.
Төлеген Тәжібаевтың балалық шағы қазақ тарихындағы ең ауыр, ең қасіретті кезеңмен тұспа-тұс келді. ХХ ғасыр басындағы аласапыран, ел басына күн туған зұлмат жылдар оны ерте есейтті. 1916 жылғы патша өкіметінің жарлығынан кейін қазақ даласының түкпір-түкпірінде бұрқ ете түскен халық наразылығы аяусыз басылып, ел еңсесін тіктей алмай тұрған шақта, 1917 жылғы Ақпан төңкерісі басталып, ұзақ уақыттар бойы билеп келген патша әулетінің тағын шайқалтты. Сыр бойын жайлаған аштық пен жұқпалы індет мыңдаған тағдырды жалмап, бүтін бір әулеттерді жоқ қылды. Сол зұлматтың құрбаны болғандардың қатарында Тәжібаевтар отбасы да бар еді. Ата-анасынан, туған-туыстарынан айырылған бала Төлеген жан сауғалап, елмен бірге босқын көшке ілесіп, Арыс стансасына жетіп, өлім мен өмірдің арасында жатқан шақта теміржолшы И.Ф.Кабанов деген кісі тауып алып, бауырына басады.
Небәрі жеті жасында тұл жетім қалған бала Төлеген алғаш осы жерде мектеп табалдырығын аттап, 1928 жылы білім мен ғылымға деген ықыласының арқасында қазақтың талай танымал тұлғаларын түлеткен Шымкент педагогикалық техникумына оқуға түседі. Дәл осы жерде ұлт руханиятының ірі тұлғасы, көрнекті ойшыл, педагог-психолог Ж.Аймауытовтың тағылымды дәрістерін тыңдайды. Алаш зиялысының өнегелі өсиеті, ғұмырына азық болар ойы жас Төлегеннің дүниетанымын кеңейтіп, болашақ өміріне ұстаным болғаны айдан анық еді. Ол да ұстазы секілді адам жанының сырын ұғуға, тәрбиенің терең мәнін ашуға ұмтылып, ізденеді.
Шымкент педагогикалық техникумын үздік бітірген Төлеген білімін одан әрі жетілдіру мақсатында Мәскеудегі Коммунистік тәрбие академиясына жолдама алады. 1939 жылы Ленинград қаласында Кеңестер Одағына аты мәлім ғалым А.В.Веденовтың жетекшілігімен кандидаттық диссертациясын сәтті қорғайды. Төлеген Тәжібаев педагогика мен психология сынды күрделі жантанымдық бағытта құны түспейтін түбегейлі зерттеулер жүргізіп, елеулі ғылыми нәтижелерге қол жеткізген. Оның сол кездегі жарық көрген ғылыми мақалалары ғалымдар арасында жоғары бағаланғаны, ғылыми қауымдастықта зор беделге ие болғаны жөнінде Төлегеннің шәкірттері көптеген еңбектер жазған.
Әрбір істегі табандылығы мен ғылымдағы табыстары, зор ұйымдастырушылық қабілеті Төлеген Тәжібаевты жауапты мемлекеттік қызметтерге алып келді. Небәрі отыз жасында республика көлеміндегі аса маңызды лауазымды қызметтерге тағайындалып, білім, ғылым, дипломатия саласында ел мүддесіне қызмет еткен. Саналы ғұмырында Қазақ КСР оқу халық комиссары, сыртқы істер министрі, университет ректоры, үкімет басшысының орынбасары сияқты жауапты қызметтерде Төлеген Тәжібаев есімі ерекше аталады.
Қазақ халқының қайталанбас дәстүрлі дүниетанымын терең зерттеген ғалым Біріккен Ұлттар Ұйымының мінбелерінде де ұлтымыздың ұлылығын барынша дәріптеуге күш салған.
Ғалым Төлеген Тәжібаев 1938-64 жылдар аралығында ҚазПИ мен ҚазМУ-де абыроймен ұстаздық қызмет атқарған. Осы уақыт ішінде ғалымның бірнеше іргелі монографиялары мен оқу құралдары, 100-ден аса ғылыми мақалалары жарық көрген. Бұл еңбектер әлі күнге дейін құндылығын жоғалтпаған, бағалы әрі алдағы уақытта да ұстаным бола беретін терең ғылыми еңбектер сапында. Психология мен педагогиканың теориясы, тарихы, мораль, этика мәселелерінде халықтық аса бай тарихи мұраларына мән беруі ғалымның өз ұлтына деген сүйіспеншілігімен бірге үздіксіз ізденіс үстінде болғанын дәлелдей түседі. Сол кезеңдегі саяси жағдайлардың әсерінен ұмытылудың аз-ақ алдында тұрған халқымыздың біртуар перзенттері Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаевтың ғылыми дүниетанымдық көзқарастарын, педагогикалық, психологиялық мұраларын зерттеп қана қоймай, оларды қайта жаңғыртудағы ғалымның еңбегі өлшеусіз.
Ғалым 1949 жылы профессор атағын алып, 1954 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының толық мүшесі болып сайланады.
Ғалымның жетекшілігімен 10-ға жуық кандидаттық диссертация қорғалған. Осы орайда, Төлеген Тәжібаевтан дәріс алып, ғылым жолына түскен, қазіргі кезде есімдері елге белгілі шәкірттерінің естеліктерінде оның психология мен педагогика ғылымының қазақ топырағында қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқанын, бұл ұстанымы оның әрбір дәрісінде көрініс табатынын, сонымен қатар ой айқындығы, шешендік нақышымен оқ бойы алда тұратынын жазады. Ғалым туралы мұндай жарқын естеліктер оның терең ақыл иесі болғанын да аңғартады.
Төлеген Тәжібаевтың Отан, халық алдындағы еңбектері бағаланып, көптеген орден-медальдар, Құрмет грамоталарымен марапатталған. Қазіргі кезде ғалымның есімін ұлықтау, еңбектерін жас ұрпаққа насихаттау мақсатында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің философия және саясаттану факультеті Педагогика және білім беру менеджменті, Психология кафедралары жыл сайын халықаралық конференция ұйымдастырудың ұйытқысы болып отыр. Бұл алдағы уақытта да жалғасын таба беретіні сөзсіз.
Сөз соңында айтарымыз, Төлеген Тәжібаев – өмірін халқына, халқының келешегіне арнай білген ірі қайраткер, арда азамат. Сондықтан да Төлеген Тәжібаев есімі ел есінде мәңгі жатталып қала бермек. Оның биігі еш аласармайды. Себебі ол халық перзенті, қазақ ұлы бола білді.
Дархан БАЙДАЛИЕВ,
Педагогика және білім беру менеджменті кафедрасының
аға оқытушысы, педагогика ғылымының кандидаты
Арайлым ӨМІРБЕКОВА,
1-курс докторанты