ЖАСТАРДЫ ЕҢБЕККЕ БАУЛУ – ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕНІҢ НЕГІЗІFarabi University

ЖАСТАРДЫ ЕҢБЕККЕ БАУЛУ – ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕНІҢ НЕГІЗІ

10 наурыз, 2026

Шығыстану факультеті Түріктану және Шығыс елдерінің тарихы кафедрасының ұйымдастыруымен 10 наурыз күні 421-дәрісханада «Жастарды еңбекке баулу: ұлттық тәрбиенің негізі» атты танымдық дәріс өтті. Аталған іс-шараға кафедра меңгерушісі, профессор-оқытушылар құрамы, магистранттар мен докторанттар қатысып, еңбек тәрбиесінің маңызы мен оның ұлттық құндылықтармен сабақтастығы кеңінен талқыланды.

Дәрісті Түріктану және Шығыс елдерінің тарихы кафедрасының аға оқытушысы Ж.Ә. Әбілдаев жүргізді. Кездесудің негізгі мақсаты – студент жастарды еңбекке баулу, еңбек мәдениетін қалыптастыру және оны ұлттық дәстүрлермен ұштастыра отырып түсіндіру болды. Дәріс барысында еңбек – жеке тұлғаның қалыптасуындағы маңызды құндылықтардың бірі екені, сондай-ақ жастардың қоғамдағы белсенділігін арттыруда оның рөлі ерекше екені атап өтілді.

Танымдық әрі мазмұнды өткен дәріс студенттердің қызығушылығын арттырып, ашық пікір алмасу алаңына айналды. Студенттер қазіргі қоғамдағы еңбек мәдениеті, жастардың көзқарасы және заманауи мүмкіндіктер туралы өз ойларын ортаға салды.

1 курс студенті Дәулет Алан бүгінгі жастардың тез табыс табуға ұмтылуы заман талабымен байланысты екенін атап өтті. Оның пікірінше, технологияның қарқынды дамуы жастарға жаңа мүмкіндіктер ашып отыр. Әсіресе жасанды интеллект сияқты заманауи құралдарды тиімді пайдалану – бүгінгі еңбек мәдениетінің жаңа қыры. Сондықтан мұндай технологияларды қолдану жалқаулық емес, керісінше еңбек етудің жаңа, тиімді тәсілі екенін айтты.

Ал 2 курс студенті Асылбек Айғаным еңбек тәрбиесінде ұлттық құндылықтардың маңызы ерекше екенін жеткізді. Ол заман өзгерсе де, қазақ халқының ұлттық дәстүрі мен тәрбиесі ұрпақ тәрбиесінің негізі болып қала беретінін атап өтті. Сонымен қатар мектеп бағдарламасына балаларды ерте жастан еңбекке және кәсіпке баулуға бағытталған арнайы сабақ енгізу қажеттігін ұсынды.

3 курс студенті Хайролла Дана жастарды еңбекке баулуды жүйелі түрде жүзеге асыру үшін мемлекеттік деңгейдегі арнайы бағдарламалар қажет екенін айтты. Оның пікірінше, қоғамдағы қарқынды өзгерістерге бейімделу үшін жастар еңбекке ерте жастан тәрбиеленуі тиіс. Осы мақсатта мектепке дейінгі ұйымдарда балалардың жас ерекшеліктеріне сай танымдық және тәжірибелік іс-шараларды көбейту маңызды.

Жалпы, дәріс барысында еңбек тәрбиесінің қоғамдағы рөлі, ұлттық тәрбие мен заманауи мүмкіндіктердің байланысы жан-жақты талқыланды. Осындай мазмұнды кездесулер студенттердің дүниетанымын кеңейтіп, еңбекке деген жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді.

Шығыстану факультетінде ұйымдастырылған бұл танымдық дәріс жастардың еңбекке деген көзқарасын қалыптастыруға және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған маңызды тәрбиелік шаралардың бірі болды. Студенттер үшін мұндай кездесулер кәсіби және тұлғалық дамуға серпін беретін тағылымды алаң екені анық.

Абелдаев Ж.