Бар білімнің қайнар көзі – кітапта
Бар білімнің қайнар көзі – кітапта. Бар білімнің қайнар көзі – кітапта» деген болатын. Осы орайда білім алушы жастарымыздың кітап оқуға деген қызығушылықтарын арттыру, оның рухани құндылықтарын ұғындыру және тілдік қорын дамыту мақсатында әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде жүзеге асырылып жатқан «100 кітап» жобасы игі шара, ізгі бастама болып отыр. Әрине, кітап таңдап, талғап оқи білу, оны түсіну мен түйсіну, алған әсерді өмірлік қажетіне жарата білу – әрбір оқырман қауымның білігі мен білімін, пайымы мен парасатын айқындайтын алғышарттардың бірі. Кітап – тәрбие құралы. Жалпы, әлемдегі кез келген халықты алып қарасақ та ең алдымен тәлім-тәрбиеге, білімге, адамгершілікке үндейді, болашақ ұрпақтың өн бойына рухани азық сіңіруге тырысады. Өйткені тәлім-тәрбиенің, адамгершілік қасиеттердің адам өмірінде алар орны ерекше. Міне, осы орайда «100 кітап» жобасы аясында заң факультеті кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасының профессорлық-оқытушылық құрамы факультет студенттеріне оқу жылының әр аптасында қазақ халқының сонау 15 ғасырдағы Асан Қайғы, Қазтуған жыраудан бастап, Абай Құнанбаев, Мұхтар Әуезов, Шәкәрім Құдайбердіұлы, өткен ғасырдың сом тұлғалары Мұқағали Мақатаев, Сәбит Мұқанов, Әзілхан Нұршайықов, Фариза Оңғарсынова, Қадыр Мырза Әлі және т.б., сондай-ақ бүгінгі күннің ел мойындаған тұлғалары Мұхтар Шаханов, Нұрлан Оразалин, Нұрсұлтан Назарбаевтың құнды шығармаларымен қайта қауыштырып, ақындар жырын жатқа айтқызып, әр шығарманың құндылығын дәріптеу арқылы білімпаз ұрпаққа рухани дұрыс бағыт-бағдар көрсетіп, жастарды адамгершілікке, отанды сүюге, еңбекке, ізгілікке баулып тәрбиелеуді өздерінің негізгі парызы санайды. Кезінде атақты ғұлама ғалым, әлемнің екінші ұстазы әл-Фараби «тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген болатын. Осыны ескерсек, болашақ ұрпақ тәрбиелеуде алдымен, дұрыс бағыт-бағдар, ұлттық тәлім, өнегелі тәрбие беру ұстаз атаулының басты парызы болмақ. Білім алушы жастарды тәрбиелеуде халқымыздың рухани қазынасын қайта жаңғыртып, жаңаша көзқарас тұрғысынан қарап, «100 кітап» жобасының бастамасымен әр аптада оқылған шығармаларды талдау барысында оның мәні мен мазмұнының қоғам мен жастар үшін маңыздылығын ұғындыру негізгі діттеген міндетіміз. Осы тұрғыдан келгенде, көңілге қонымды ерекше атап өтерлігі, қазақ халқының ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының өлеңдері мен қара сөздері жастарға ізгі тәрбие берудің таптырмас құралы. Абай шығармаларындағы білім, ғылым, тәрбие мәселелерін ұлттық тәрбие тұрғысынан қарастырып, оларды бүгінгі күнде жастардың адами қасиеттерін қалыптастырудың кәдесіне жаратуымыз тиіс. Өйткені, ақынның қазыналы ғазиз жырлары оңайдан қиынға қарай, жақыннан жыраққа қарай, қызықты, күлкілі жайдан үлкен толғаулы қорытындыға қарай біртіндеп жетектейді. Мұның барлығы әрине, адамзатты адамгершілікке жетелеу мақсатында еді. Өткен тарихымыздың шынайы бейнесін жасау – жалпы ұлттық бірлігіміздің, Қазақстан Республикасының мемлекеттік байланысын қалыптастырудың, оның егемендігін нығайтудың, азаматтық пен отаншылдықты, ұлттық сананы тәрбиелеудің ең басты факторларының бірі. Тарих – халықтың зердесі, ол содан сусындап, әлеуметтік шығармашылыққа, жарқын болашаққа бастайтын күш-қуат алады. Сондықтан да Абай мұраларындағы тәлім-тәрбиелік ой-пікірлер жас ұрпақ бойында адамгершілік, имандылық т.б. қасиеттерді қалыптастырып дамытуға, қадірлеуге, ұлттық мәдениетті дамытуға зор ықпал етеді. Сондықтан да ұлттық мәдениетіміздің дамуына зор үлесін қосқан ұлы дала ақыны, ағартушысы Абай Құнанбаевтың рухани мұрасын зерделеу ешуақытта маңыздылығын жоймайды. Абай құндылығын, Абай мұрасын қайта жаңғыртып оқу арқылы ұрпақтан келесі ұрпаққа саз қалпында жеткізу біздің қолымызда. «Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақтың артқы ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік» дейді жазушы Ғабит Мүсірепов. Олай болса, қазіргі және болашақ ұрпақ бар білімнің патшасын тек кітаптан ғана таба алатындығын ұмытпайық! Мағжан Жұмабаев сенген «арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты» біліммен қаруланған жастары бар мәңгілік елдің болашағы жарқын болары айқын. Р.ЕРЕЖЕПҚЫЗЫ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Заң факультетінің оқытушысы