KAZGAZETA.KZ, ECONOMICS.KAZGAZETA.KZ

13 мамыр, 2016

Зерделі ғалым, қарымды қаламгер

Зерделі ғалым, қарымды қаламгер. «Экономика» газетінің оқырмандары «Қазақ газеттері» жауап­кер­шілігі шектеулі серіктестігінің Польшадағы арнаулы өкілі, меншікті тілшісі болған қаламгер Досан Баймолданың Еуропа кіндігінде білім алып, ғылыми атақ қорғаған қазақтың тұңғыш ғалым-физиктерінің бірі екендігін біле бермейді. Моңғолияның Баян-Өлгей аймағының орталығы Өлгей қаласында дүниеге келген Досан Өлгей қаласындағы он жылдық қазақ орта мектебін үздік бағамен бітірді. Оған Моңғолия Білім министрлігінің атынан Польша еліне барып, жоғары білім алуға ұсыныс жасалды. Бұған дейін Моңғолияда өмір сүретін қазақтардың балалары Еуропа елдеріне барып оқымаған еді. Досан Моңғолиядан Польша еліне барып, алғаш оқыған қазақ баласы. 1973 жылы Лодзь Университеті жанындағы поляк тілінің дайындық бөліміне түскен ол Варшава уни­верситетінің физика факультетінде, әлемге аты әйгілі поляк қызы, радий, полоний элементтерін ашқаны үшін физика, химия бойынша екі рет Нобель сыйлығын алған Мария Кюри Склодовская атындағы Люблин университетінде оқыды. АҚШ-тың әйгілі физигі, Нобель сыйлығының иегері Фейнманның физика бойынша жазған лекцияларын поляк тілінде тыңдады және Мария Кюри ашқан кейбір химиялық элементтердің радиоактивтік қасиетін тәжірибе жүзінде жасап көрді. Белгілі поляк ғалымы, соның алдында ғана Дубнада орналасқан халықаралық ядролық зерттеу институтында бөлім басқарған профессор Влодимеж Жуктың ғылыми жетекшілігімен «Жер асты суларындағы оттегі және күкірт изотоптарын Масс-спектрометр әдісімен зерттеу» тақырыбы бойынша ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізіп, 1980 жылы магистрлік диплом жұмысын үздік бағаға қорғап, физика ғылымының магистрі атағын алды. Оның өзі туып-өскен батыс Моңғолияның «Шегіртай» арасан суларының изотоптық және химиялық құ­рамын Польшаның Судет, Татры тауларындағы арасан суларымен салыстырып зерттегені поляк ғалымдары тарапынан жоғары бағаланды. Тіптен поляк ғалымдары – профессор, доктор Станислав Халас және ғылым докторы Анджей Трембачевскиймен бірлесіп жазған ғылыми мақаласы Польшаның Ғылым академиясының «Химия» сериясы бойынша шығатын ғылыми журналында жарияланды. Оған бірден аспирантурада қалу туралы ғылыми жетекшісі профессор Влодимеж Жуктен өтініш жасалса да,  сол жылдары Польшада орын алған саяси тұрақсыздық жағдайға байланысты елге қайтуды жөн деп көрді. Сөйтіп, кейіннен Досан Баймолда Моңғолия Ғылым академиясының Физика және техника институтының ядролық сәулелерді зерттеу бө­лімінде ғылыми қызметкер, МҒА-ның Химия институтында  аға ғылыми қызметкер, химиялық заттарды физикалық әдіспен зерттеу зертханасының меңгерушісі қызметтерін атқарды. 1981 жылы Моңғолияның алғашқы ғары­шкері Ж.Гүррагчааның ғарышқа ұшуына орай ға­рышта жүргізілген «Детектор-1» және «Детектор-2» ғы­лыми жобаларына қатысты. Сол заманның талабы  және оның Еуропа елінде жоғары білім алғаны ес­керіліп, Моңғолия астанасы Ұланбатырдағы Саясаттану институтында оқып, саяси жоғары білім алды. Ұланбатыр қаласындағы Моңғол Ұлттық мемлекеттік университетінде ашылған ағылшын тілін үйренудің екі жылдық курсын ойдағыдай бітірді. Бұл жылдары Досан үшін күндіз ғылыммен айналысып, кешкісін өзінің саяси білімін жетілдіруге және ағылшын тілін үйренуге деген ынта, жігері босқа кетпеді. Кейін бұның көп пайдасы болғанын өмір өзі көрсетті. Моңғолия Ғылым академиясының Химия институтында алғаш рет МАГАТЭ, ЮНЕСКО қатарлы халық­аралық ұйымдар тарапынан іске асқан «химиялық заттарды ядролық магниттік резонанс-ЯМР спектроскопиялық әдісімен анықтау» және «көмір құрамындағы химиялық элементтерді рентген флюорецсециялық зерттеу әдісімен анықтау» қатарлы екі ғылыми жобаның жетекшісі болып істеді. Осы жобалар бойынша Химия институтына құны 450 мың АҚШ доллары болатын Германияның «Брукер» фирмасы жасаған ЯМР-спекторометр құралы сатып алынып, іске қосылды. Ал, МАГАТЭ жобасы бойынша құны 145 мың АҚШ доллары болатын Чехословакия елінде жасалған екі РФА анализатор құралдары сатып алынып, іске жегілді. Бұл екі жобаның іске асуына Д.Баймолда айырықша еңбек етті. Сондықтан ол 1987-1988 жылдары Чехословакияның Прага қаласындағы Геодезия және геодезия институтында екі айлық және 1989 жылы Польшаның Варшава қаласындағы Польша атом энергиясы институтында 45 күндік ғылыми тағылымдамадан өтті. Ал 1992 жылы Австрия елі­нің Вена қаласында орналасқан  МАГАТЭ-нің орталық зертханасында төрт айдай уақыт ғылыми жұмыспен айналысты. Оның «Ядролық физика әдістерін көмір және басқадай қазба байлықтарды зерттеуге қолдану» ғылыми тақырыбы бойынша жазған мақалалары  «Journalof RadioanaliticalandNuclearChemistry», «X-RaySpectrometry», «RadiationPhysicalandChemistryJournal» секілді Ұлыбритания, Голландия, Германия, Австрияда шығатын ядролық физика саласының ең беделді ғылыми журналдарында жарияланды. Чехия елінің астанасы Прага қаласындағы Техника университетінде 1993-1996 жылдары докторантурада оқып, физика ғылымының докторы дәрежесін алды. Докторлық диссертациясының тақырыбы «Көмір өндірісінде Рентген флюорецсен­циялық зерттеу әдісін қолдану» болып табылады. Оның осы тақырып бойынша жазған мақалалары Польша, Чехия, Мажарстан және Моңғолияның ғылми журналдарында жарияланды. Жалпысы осы тақырып бойынша 60-тан астам ғылыми мақалалары және «Рентген флуорецсенция әдісін көмірді зерттеуге қолдану» атты монографиялық ғылыми еңбегі ағылшын және қазақ тілінде жарық көрді. Еуропада тиянақты түрде ғылыммен айналысқан Досан білікті маман ретінде Қазақстанға келді. Ол Алматы маңындағы Алатау қалашығында орналасқан Ядролық физика институтына, әль-Фараби атындағы ҚазҰУ-не барып, сондағыларға өзінің ядролық физика бойынша Еуропада докторлық қорғаған маман екенін таныстырса да, ешкімнің өзіне көңіл бөлмегеніне қа­паланды. 1990-шы жылдары Қазақстанда орын ал­ған экономикалық дағдарыс жағдайы ғылым сала­сын әб­ден есеңгіретіп, тығырыққа тірегенін көзімен көрген ол тіршілік етудің басқа қамын іздей бастады. Қазақ еліне «өзі секілді дайын маман керек емес шығар» деп ойлаған ол ғылымнан басқа салаға, яғни ақпарат тарату саласына баруға бел буды. Әлемге аты әйгілі «Азаттық» радиосы басшылығының шақыруымен ол 1996-2002 жылдары Прагадағы «Азат Еуропа/Азаттық» радиосының қазақ редакциясында кеңесші, редактор, 2002-2008 жылдары осы радионың Қазақстан бойынша аға тілшісі болып қызмет атқарды. Ол 10 жылдан астам уақыт бойы әр апта сайын эфирге тұрақты шығатын «Шетел қазақтары», «Экономика жаңалықтары», «Өзгерген дүниедегі Орталық Азия» атты апталық бағдарламалардың авторы әрі жүргізушісі болып істеді. Әлемнің көптеген танымал саясаткерлері, мемлекет басшыларымен сұхбаттар өткізіп,  эфирден күнделікті қазақ тілі, ұлттық мүдде, шетелден атамекенге көшіп келген оралмандар басындағы жағдай, шетелдегі қазақ диаспорасының мәселелерін әлемге паш етіп, сол арқылы танылған азамат. Халықаралық ақпарат кеңістігінде аты әлемге әйгілі осы «Азаттық» радиосында қызмет істеген жылдары 3500-дей радиохабарлары мен сараптау, шолу мақалалары эфирден берілді. Жалпы, Д.Баймолда бұрын ядролық физика саласының ғалым-маманы ретінде танылған болса, «Азаттық» радиосында қызмет еткен жылдары оны халық ірі саясаттанушы, кәсіби радиожурналист маман ретінде таныды. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық уни­верситетінің арнайы шақыруымен 2008 жылдан сондағы халықаралық журналистика кафедрасында, 2009 жылдан әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­вер­ситетінің журналистика факультетінде болашақ маман­дарға «Радиожурналистика», «Интернет журналистикасы», «Ақ­параттық қауіпсіздік» секілді кәсіби пәндер бойынша дәріс оқыды. 2011 жылдың қаңтар айынан бастап Абай атындағы ҚазҰПУ-нің журналистика кафедрасында доцент, профессор, журналистика кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарды. Шетелдің және Қазақстанның ғылыми журналдарында 100-ден астам ғылыми мақалалары және 200-дей танымдық мақа­лалары жарық көрді. Сондай-ақ шетелдік және респуб­ликалық деңгейдегі 30-дай ғылыми-практикалық конференцияарда ағылшын, орыс, поляк және қазақ тілдерінде баяндамалар қойды, мақалалары жинаққа енді. Абай атындағы ҚазҰП университетінде «Таным» телерадио студиясын және мультимедия кабинетін ашуға белсене кірісіп, қазір соның нәтижесін болашақ мамандар көріп отыр. ҚР Президентінің халықаралық «Болашақ» бағдар­ла­масының жеңімпазы ретінде 2013-2014 жылдары Поль­ша елінің Познань қаласындағы Адам Мицкевич университетінде бір жылдық тағылымдамадан өткен кезінде ол «Алтын бесік» журналы атынан Польша Республикасының Сыртқы істер министрлігінде шетелдік журналист ретінде тіркеуден өтіп, Польша БАҚ-тары, Еуропадағы қазақ диаспорасы және оның тарихы, Польша-Қазақстан арасындағы тарихи және қазіргі қарым-қатынас, байланыстар туралы, сондай-ақ алаш азаматы Мұстафа Шоқайдың Польшадағы іздерін зерттеп, ғылыми конференцияларға баяндамалар қойып, материалдар топтамасын жариялады. Адам Мицкевич атындағы Познань университетінің саясаттану және журналистика факультетінің ғылыми кеңесінің мүшесі болды. Бір жылдық ғылыми іс сапар нәтижесі бойынша «Польша күнделігі» атты ғылыми-танымдық және публицистикалық зерттеу кітабын жарыққа шығарды. Д.Баймолданың Еуропадағы қазақ диаспорасы тарихын зерттеген ғылыми жұмыстарымен таныс Германия астанасы Берлин қаласындағы Гумбольдт университетінің Орталық Азия зерттеу орталығының зерттеуші-ғалым мамандары оны 2015 жылы Германияның Ака­демия­лық саладағы DAAD бағдарламасы бойынша ғылыми тағылымдамадан өтуге шақырды. Оның «KazakhdiasporainWesternEurope» атты ғылыми жұмысы осы тақырып бойынша өтілген семинарда тал­қы­ланып, жоғары баға алды. Ол қазақ тілінде жарық көрген барлығы 12 кітаптың авторы. «Ер-Жәнібек» халықаралық қорының вице-пре­зиденті Досан Баймолда ұлт, тіл, мәдениет және көші-қон мәселелеріне қатысты көптеген халықаралық, рес­публикалық, өңірлік конференцияларға қаты­сып, баян­дамалар жасады. Досан шетелдегі қазақ­тар­дың атажұртқа жеткен алғашқы қазақ көшін бастаушы әрі қолдаушылардың бірі болды. Ол шетелдегі қазақ диаспорасымен байланыс жасау ісіне ерекше үлес қосып жүрген азамат. Оның еңбегін жоғары баға­лаған Моңғолия үкіметі Моңғолияның ғылымы мен біліміне үлес қосқан қайраткер атағымен, Моңғолия демо­кратиясының 20 жылдығына орай «Азаттық» ор­денімен, Баян-Өлгий аймағы орнауының 70 жылдық мерекелік медалімен марапаттады. Өнегелі отбасының иесі Досан Баймолда жұбайы, белгілі қоғам қайраткері Ботагөз Уатқан екеуі алтын асықтай балаларын тәрбиелеп, өсірді. Үлкен қыздары Айна Президенттік «Болашақ» бағдарламасымен 2008 жылы Санкт-Петербургтың Медицина академиясын бі­тірген. Қазір Алматыда эстетика және пластикалық хирургия клиникасының жоғары дәрежелі пластик-хирург дәрігері. Одан кейінгі Жанна Еуропа одағының «Ерасмус мундус» бағдарламасы бойынша Поль­шаның Познань қаласындағы Адам Мицкевич университетінде халықаралық қатынастар мамандығы бойынша магистратурада оқиды. Кішісі Арай Абай атындағы ҚазҰПУ-дің биология факуль­тетін биология магистрі мамандығы бойынша бітірді. Жеті жұрттың дәмін татып, жеті жұрттың тілін білген қаламгер-ғалым Досан Баймолда бүгінде өзінің өмірде көріп-білген тәлімін, оқып-тоқыған білімі мен білігін жас ұрпаққа  жалықпай жеткізу үстінде. Жетпісбай БЕКБОЛАТҰЛЫ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ кафедра меңгерушісі