ҚазҰУ-де қытай тілін үйренуде уақытты тиімді басқару тақырыбында тәрбие сағаты өттіFarabi University

ҚазҰУ-де қытай тілін үйренуде уақытты тиімді басқару тақырыбында тәрбие сағаты өтті

10 наурыз, 2026

2026 жылғы 10 наурызда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Шығыстану факультетінің Қытайтану кафедрасында «Қытай тілін үйренуде уақытты тиімді басқару стратегиялары» тақырыбында тәрбие сағаты өтті. Іс-шараны кафедраның 1-курс докторанттары Дәнкей Б., Ершат А., Махмудова А.К. және Чэнь Цзясюй педагогикалық практика аясында ұйымдастырды.

Тәрбие сағаты «Аударма ісі» білім беру бағдарламасының 2-курс студенттеріне арналған «Қытай тілі: практикалық тыңдау» пәні шеңберінде өткізілді. Сабақтың негізгі мақсаты – студенттерге қытай тілін меңгеру барысында уақытты тиімді жоспарлау, оқу үдерісін дұрыс ұйымдастыру және тіл үйренудің тиімді әдістерін түсіндіру болды.

Іс-шара барысында тіл үйренудің маңызды қағидалары ретінде тұрақтылық, жүйелілік және қателесуден қорықпау ұстанымдары талқыланды. Студенттер тіл меңгеруде күнделікті жүйелі жұмыс жүргізудің маңызы, оқу материалын кезең-кезеңімен игеру тәсілдері және тәжірибе арқылы білімді жетілдіру жолдары туралы пікір алмасты.

Сабақ барысында қатысушылар өз тәжірибелерімен бөлісіп, тіл үйрену үдерісінде кездесетін қиындықтар мен жетістіктер жөнінде ойларын ортаға салды. Талқылау нәтижесінде қытай тілін меңгеру тек білім алу ғана емес, сонымен қатар болашақ кәсіби дамуға жасалған маңызды қадам екені атап өтілді.

Тәрбие сағаты барысында материалды тиімді жеткізу мақсатында мультимедиялық презентация ұсынылып, топтық жұмыс элементтері мен ойын технологиялары қолданылды. Бұл әдістер студенттердің оқу үдерісіне белсенді қатысуына мүмкіндік беріп, сабақтың мазмұнын қызықты әрі интерактивті форматта өткізуге ықпал етті.

Іс-шараға Қытайтану кафедрасының меңгерушісі мен оқытушылары қатысып, өткізілген сабақтың әдістемелік деңгейін, оқу үдерісін ұйымдастыру сапасын және заманауи білім беру технологияларын қолдану тәжірибесін жоғары бағалады.

Тәрбие сағаты докторанттардың педагогикалық құзыреттілігін дамытуға және қытай тілін оқытуда инновациялық әдістерді тәжірибеде қолдануға бағытталған маңызды тәжірибелік кезеңдердің бірі болды.