ECONOMICS.KAZGAZETA.KZ

13 мамыр, 2016

Біздің міндет – ғылымға риясыз қызмет ету

Біздің міндет – ғылымға риясыз қызмет ету. Өз жұмысын 1934 жылдың 15 қаңтарында бастап, 1934 жылдың 2 желтоқсанында С.М.Киров есімін иемденген ҚазМУ бүгінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті атанып, өзінің 82 жылдық тарихы барысында үлкен білім ордасына, қасиетті қарашаңыраққа айналды. Университет ұлағатты ұстаздар мен білім мен ғылымға деген ізденісі мен құштарлығы бойларында ойнаған студент жастардың шығармашылық еңбектерінің арқасында қаланды. 82 жыл университеттің қоғамдық өмірінен, білім мен ғылымынан, оқу-ағарту саласының қалыптасуы мен дамуынан сыр шертеді. Қасиетті қарашаңырақ қаланған әрбір кірпіші өткен күндердің белгісіндей. Бүгінде университеттің сан мыңдаған түлектері туған еліміздің әр пұшпағында, тіпті шет елдерде де табысты еңбек етуде. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің математика саласын тәмәмдаған түлектері осы университет қабырғасында оқып, сәтті тәмамдағанымызға шексіз ризамыз. Қазіргі кезде біздің көптеген курстастарымыз Қазақстанның атын әлемге таныту мақсатында әрі үздік елдердің қатарынан көрінуі үшін көптеп үлестерін қосуда. Біразымыз бүгінде университет қабырғасында жүріп алған білімімізді шыңдап жастарға білім беру бағы­тында жұмыс істеп жатырмыз. Жылдар өте келе Қазақ мемлекеттік университеті­нің аты мен мәртебесі өзгере бастады. Қазақ ССР Министрлер Кабинетінің № 629 Қаулысымен 1991 жылы 23 қазанында Қазақ мемлекеттік университетіне ұлы ғалым әл-Фарабидің аты берілді. Ал 1993 жылдың 9 қаңтарында ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың №1059 Қаулысымен әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университеті деп аталатын болды. Осылайша университет дамуының басты бағыттары анықталып, әлемдік білім беру жүйесіне жақындап, мамандарды даярлауда халықаралық стандарттарға көше бастады. ҚазМҰУ Халықаралық университеттер ассоциациясына кірген Қазақстандағы бірінші жоғары оқу орны болды. Университет білім беру және ғылым саласында өзінің шетелдік әріптестерімен, атап айтсақ Түркия, Иран, Қытай, Оңтүстік Корея, Египет университеттерімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуде. Университет – QuacquarelliSymonds (QS, Ұлыбритания), ThomsonReuters (США) агенттіктерінің зерттеулеріне сәйкес, дүние жүзі деңгейіндегі университеттер көрсеткіші бойынша 2011 жылы әлемдік топ-университеттер рейтингінде 401-450 дәрежеге енген, БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мунның ұсынысымен Біріккен Ұлттар Ұйымының «Академиялық ықпал» бағдарламасына қабылданған әлемдік үздік университеттердің ортаңғы бөлігіндегі Орталық Азиядағы тұңғыш университет. Бүгінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – Қазақстанның ЖОО арасында алғашқы ҚР Президентінің 2006 жылы «Сапа саласындағы жетістіктері үшін» тағайындаған «Алтын сапа» жүлдесінің иегері, халықаралық және Евразиялық университеттер ассоциациясының мүшесі, бірнеше рет сапаны басқару жүйесін халықаралық сертификаттау мен мамандықтар бағдарламаларын аккредитациялауды жүзеге асырған, білім және ғылым саласында инновациялық игі істерді дамытуға атсалысқан жетекші классикалық көшбасшы университет, атанып ерекше мәртебеге ие болды. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.На­зар­баевтың тапсырмасымен ҚазҰУ-дың жаңа даму стратегиясы қабылданды. Бүгінгі күні көшбасшы оқу орнына айналған университет үлкен жаңару мен жаңғыру үстінде. Ол әлемдік оқу орындарының қата­рында алға жылжуда. Бүгінде қарқынды дамып келе жатқан оқу ордасы студент-жастардың бойында патриоттық, азаматтық, ұлтжандылық сезімдерін, ұрпақтар сабақтастығын қалыптастыруда асқан зор ыждаһаттылықпен еңбек етуде. Университет кредиттік оқыту технологиясымен жұмыс істейді. Білім алушылардан академиялық «ба­ка­лавр-магистр-PhD» түріндегі үш сатылы мамандар дайындау қамтамасыз етілген. Осы жаңа даму кезеңінде университеттің жаңа академиялық саясаты іске асырылып, білім тексерудің қуатты корпоративтік Интранет жүйесі жолға қойылды. Сонымен бірге студенттерге арналған интернет-орталығы ашылып, жастар қалашығын толық қамтитын Wi-Fi сымсыз желісі тартылған. Осының арқасында әр студент университет бірлестігінің желісінде жұмыс істеу мүмкіндігіне ие бола отырып Интернетке тегін қосыла алады. Интернет-кафе де студент-жастарға тәулік бойы қызмет көрсетсе, Ө.А.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайы – ҚазҰУ қалашығының баға жетпес байлығы, игілігі болып саналады. Сарайда көркемөнер үйірмелері, театр студиялары, поэтикалық және көңілді тапқырлар клубы үздіксіз жұмыс істейді. Осыған қарап-ақ студент-жастардың  сабақ оқумен ғана шектелмей, бос уақыттарын тиімді пайдалана алатынын, олардың өмірінің қызықтылығын, алуан түрлілігін көруге болады. Сонымен бірге студенттер үшін спортпен айналысуға барлық жағдай жасалынған. Осы мақсатта ҚазҰУ қалашығының спорт кешені, спорттық клубы, түрлі секциялар, денсаулық топтары жұмыс істейді. Жыл сайын қызметкерлер мен студенттер арасында спартакиадалар ұйымдастырылып өткізіліп отырады. Әрі олардың қалалық жарыстарға қатынасуы қамтамасыз етілген. Осы тұрғыдан алып қарағанда университеттің осыншама жетістіктерге жетуінде басшымыз, университет ректоры, академик Ғ.М.Мұтановтың өлшеусіз еңбегі бары анық. Біз еліміздің барлық аймағынан келген, сондай-ақ алыс-жақын шетелден келген студенттер білім алып, көптеген оқытушылар, олардың ішінде көптеген ҰҒА-ның академигі, Халықаралық жоғары мектеп академиясының академигі, профессорлар мен доценттер, мемлекеттік және жастар сыйлығының иегерлері қызмет атқаратын, Қазақстан ғылымының бетке ұстар элитасы шоғырланған Қазақ ұлттық университетін бітіргенімізді және бүгінгі күні сол оқу ордасында жұмыс істеп жүргенімізді мақтан тұтамыз. Сонымен бірге қазіргі таңда біз, яғни «Информатика» кафедрасының ұстаздары өзіміздің түлектерімізбен мақтана аламыз. Олар да біздің жолымызды қуып, бірі білім беру саласында еңбек атқарса, бірі өндірісте сапалы маман ретінде қызмет атқаруда, енді бірі шет елдерде Қазақстанның атын әлемге танытып жүр.  ХХІ ғасыр компьютер ғасыры атанған ақпарат­тандыру заманында компьютерді пайдаланбайтын, оны білмейтін адам кемде-кем. Өндірістің қай саласын алсақ та компьютерді білу ең бірінші кезекте тұрады. Міне, сол себептен де «Информатика» кафедрасының ұстаздары­ның мақсаты жай ғана компьютер пернетақтасының батырмаларын біліп қоймай, оның қыр-сырын толық меңгеру мақсатында білім алушыларға дәрістер береді. Елбасымыздың қолдауымен талапкерлердің тілектері ескеріліп, біздің кафедраның оқытушылары оқуды қа­зақ, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізеді. Білім алушылар шет елдерге барып тәжірибелермен алмасуға, сол жақтың сабақтарына қатысып, білім деңгейін арт­тыруға мүмкіндіктері бар. Ол үшін университет тарапынан қолдау көрсетілген. Сонымен қатар көптеген шет елдік белгілі ғалымдар шақырылып, олар оқу жылы бойында білім алушылар үшін дәрісханаларда дәріс және сабақтың басқа түрлерін жүргізеді. Осылайша заманның талабына сай шет тілі де жоғары деңгейде жүргізіліп келеді. Бакалавриатураны бітіргеннен кейін білімін әрі қарай жалғастырамын деген студенттерге осы университет қабырғасынан алыстамай магистратурада оқуға, ал білімдерін одан әрі жалғастырып ғылым жолында еңбек етемін, еліміздің ғылым саласының болашағын арттыруға үлес қосамын деген талапкерлерге докторантурада оқып, ғылыми жетістіктерін қорғауға да үлкен мүмкіндік бар. Халықаралық деңгейде өзінің бәсекеге қабілетті­лігін айшықты түрде дәлелдей алған университеттің алдында жаңа міндеттер мен талаптар тұр. Ал біздің міндетіміз – алдыңғы буын ағалар жолын жалғастырып замандастарымызбен бірге тәуелсіз Қазақстанның болашақ жастарын тәрбиелеу мен білім беруде ғы­лымға риясыз қызмет ету.  

Фарида ГУСМАНОВА