Профессор Нәжіпқызы Меруерттің ғылыми нәтижелері халықаралық ғылыми кітапта жарияландыFarabi University

Профессор Нәжіпқызы Меруерттің ғылыми нәтижелері халықаралық ғылыми кітапта жарияланды

14 наурыз, 2026

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Нажипқызы Меруерттің ғылыми зерттеу нәтижелері халықаралық ғылыми басылымда жарияланды.

2026 жылғы 11 наурызда белгілі ғалым, профессор Geoffrey Mitchell авторлығымен «Electrospinning: Principles, Practice and Possibilities» атты кітаптың толық жаңартылған екінші басылымы жарық көрді. 404 беттен тұратын бұл ғылыми еңбек Ұлыбританиядағы беделді Royal Society of Chemistry баспасында жарияланған.

Кітапта электроспиннинг технологиясының теориялық негіздері, тәжірибелік қолданылуы және заманауи даму бағыттары кеңінен қарастырылған. Жаңа басылымда қорғаныш бетперделері, биополимерлер, кернеу полярлығы арқылы беткі модификациялау, компьютерлік модельдеу және бөлу мембраналарына арналған жаңа тараулар енгізіліп, құрылым қалыптасуы мен медициналық қолданылуына қатысты бөлімдер жаңартылған.

Аталған кітаптың бір тарауында профессор Нажипқызы Меруерттің ғылыми зерттеу нәтижелері пайдаланылған. Бұл зерттеу жұмысы ғалымның «Болашақ» халықаралық стипендиясы аясында Ұлыбританиядағы University of Reading университетінде, Thomson ғимаратында ғылыми тағылымдамадан өту кезінде жүргізілген.

Профессор Нажипқызы Меруерт профессор Geoffrey Mitchell-ге өзінің ғылыми нәтижелерін кітаптың бір тарауында пайдалануға мүмкіндік бергені үшін шынайы алғысын білдіреді.

 

 

Нажипқызы Меруерт