Мәдениетаралық алмасу бағдарламасы: Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Цукуба университеті серіктестігіFarabi University

Мәдениетаралық алмасу бағдарламасы: Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Цукуба университеті серіктестігі

10 наурыз, 2026

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Цукуба университеті арасындағы мәдениетаралық алмасу бағдарламасы аясында қазақстандық студенттер Жапонияға академиялық және мәдени сапармен барып қайтты. Бағдарламаға университеттің әртүрлі факультеттерінен іріктелген студенттер қатысып, Жапонияның ғылыми, білім беру және мәдени ортасымен жан-жақты танысуға мүмкіндік алды.

Бағдарламаның негізгі мақсаты - студенттердің халықаралық академиялық байланыстарын кеңейту, ғылыми-зерттеу мекемелерінің қызметімен таныстыру және Қазақстан мен Жапония арасындағы мәдениетаралық ынтымақтастықты нығайту. Қысқа оқу сапары барысында студенттер Жапониядағы бірқатар жетекші ғылыми орталықтарға барды. Атап айтқанда, қатысушылар National Institute of Advanced Industrial Science and Technology құрамындағы AIST Cube зерттеу кеңістігімен танысып, заманауи технологиялар мен ғылыми инновациялар бағытындағы жұмыстар туралы ақпарат алды. Сонымен қатар студенттер National Research Institute for Earth Science and Disaster Resilience ғылыми орталығында болып, табиғи апаттарды зерттеу және олардың салдарын азайтуға бағытталған ғылыми жобалармен танысты. Бағдарлама барысында студенттер Цукуба қаласының тарихи және мәдени нысандарымен де танысу мүмкіндігіне ие болды. Қатысушылар дәстүрлі жапон мәдениеті мен жергілікті қауымдастықтың тұрмыс-тіршілігі сақталған Hojo Village аймағына барып, өңірдің тарихи мұрасы, мәдени ерекшеліктері және жергілікті қоғамның өмір салты туралы кең мағлұмат алды. Мәдениетаралық өзара түсіністікті дамытуға бағытталған арнайы іс-шаралар ұйымдастырылып, студенттер ұлттық мәдениет пен дәстүрлерді таныстырып, қазақ ұлттық тағамдарын ұсынды. Мұндай кездесулер халықаралық академиялық ортадағы ашық диалог пен мәдени алмасуды нығайтуға ықпал етті. Сапардың екінші аптасында воркшоптар ұйымдастырылып, студенттер топтық жұмыс форматында жобалар әзірледі. Қатысушылар дайындалған жобаларын презентация түрінде ұсынып, өз идеялары мен зерттеу нәтижелерін таныстырды. Бұл жұмыс форматы студенттердің халықаралық академиялық ортада пікір алмасуға және көпшілік алдында сөйлеу дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік берді.

Жалпы алғанда, аталған мәдениетаралық алмасу бағдарламасы студенттердің халықаралық академиялық тәжірибе алуына, Жапониядағы жетекші ғылыми және зерттеу орталықтарының қызметімен жақыннан танысуына, сондай-ақ жапон қоғамының мәдени ерекшеліктерін тереңірек түсінуіне мүмкіндік берді. Бағдарлама қатысушыларға жаңа білім мен тәжірибе жинақтаумен қатар, халықаралық ғылыми-білім беру кеңістігінде кәсіби көкжиектерін кеңейтуге ықпал етті.