Есім хан дәуіріндегі жыраулардың жорық мұрасы
2026 жылдың 5 наурызында филология факультетінің Қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының аға оқытушысы Саргелтаева Ардақ Құрманалықызының жетекшілігімен ТДМ 4 – «Сапалы білім беру» бағыты аясында «Әдебиеттану» мамандығының I курс докторанты Мынбаева Сабина Ерланқызы «Қазақ филологиясы» мамандығының 3-курс студенттерімен «XIV–XVIII ғасырлардағы қазақ әдебиеті» пәні бойынша «Есім хан тұсындағы жорық жырауларының мұрасы» тақырыбында ашық семинар сабақ өткізді.

Ашық семинар сабағының негізгі мақсаты – XVII ғасырдағы жыраулар поэзиясының тарихи-әдеби ерекшеліктерін ғылыми тұрғыдан талдау, сондай-ақ жыраулардың қазақ қоғамындағы саяси ойдың қалыптасуына және мемлекеттілік идеясын орнықтыруға қосқан үлесін айқындау болды.

Қазақ хандығының XVII ғасырдағы қоғамдық-саяси ахуалына талдау жасалып, Есім хан дәуіріндегі мемлекеттік басқару жүйесі, ішкі саяси қайшылықтар, сондай-ақ «Есім ханның ескі жолы» заңдар жинағының тарихи маңызы қарастырылды. Сонымен қатар жыраулардың тек көркем сөз иелері ғана емес, сонымен бірге қоғамдық пікір қалыптастырушы, саяси үдерістерге ықпал етуші тұлғалар болғаны атап өтілді. Талқылау кезінде cтуденттер Жиембет жырау мен Марғасқа жырау шығармаларын әдеби-тарихи тұрғыдан талдады. Жиембет жырау толғауларындағы азаматтық позиция, еркіндік идеясы және хан билігіне қатысты көзқарастар сараланды. Ал Марғасқа жыраудың «Ей, Қатағанның хан Тұрсын» толғауы тарихи оқиғалармен байланыста қарастырылып, оның саяси айыптау сипатындағы көркем туынды екендігі көрсетілді. Сабақ барысында студенттер топтық талдау жұмыстарын жүргізіп, жорық поэзиясының идеологиялық мазмұнын, жыраулардың билік пен халық арасындағы медиаторлық қызметін және олардың шығармаларының көркемдік жүйесін анықтады. Пікірталас барысында жыраулардың қоғамдағы тарихи рөліне қатысты түрлі ғылыми көзқарастар ұсынылды.
Қорытынды бөлімде жорық жырауларының мұрасы қазақ мемлекеттілігінің рухани негізін қалыптастыруда маңызды орын алатыны атап өтілді. Ашық сабақ студенттердің тарихи-әдеби білімін тереңдетіп, ұлттық әдеби мұраны ғылыми тұрғыдан бағалауға мүмкіндік берді.
Басқа жаңалықтар