16 Наурыз – «МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ САЛТ-ДӘСТҮР КҮНІ»
16 наурыз – «Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні» аясында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Филология факультетінің А.Байтұрсынұлы атындағы Қазақ тіл білімі кафедрасы ұйытқы болуымен тағылымды іс-шара ұйымдастырылды.

Кафедра меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Әбдібек Әміров, ф.ғ.к., доцент Кенжетай Күркебаев пен PhD Жанат Сәрсенбайдың ұйымдастыруымен университеттің №17 жатақханасында ұлттық құндылықтарды дәріптеуге арналған мәдени-танымдық кездесу өтті.

Іс-шараның негізгі мақсаты – студент жастардың бойына қазақ халқының бай мәдени мұрасын, салт-дәстүрлерін сіңіру, ұлттық танымды жаңғырту және ұрпақтар сабақтастығын нығайту. Кездесу барысында қазақтың көне әрі мәнді дәстүрлерінің бірі – көрісу салтынан бастап, жас нәрестенің дүниеге келуіне байланысты орындалатын бесікке салу, бесік жырын айту салтына дейінгі ғұрыптар кеңінен таныстырылып, олардың тәрбиелік, мәдени және әлеуметтік маңызы түсіндірілді.

Студенттер ұлттық дәстүрлердің мән-мағынасын сахналық көріністер мен танымдық түсіндірмелер арқылы тамашалап, қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі мен дүниетанымынан мол мағлұмат алды. Мұндай іс-шаралар жас буынның ұлттық болмысын қалыптастыруға, төл мәдениетті құрметтеуге және салт-дәстүр сабақтастығын сақтауға қызмет етеді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған мұндай тәрбиелік кездесулер алдағы уақытта да жалғасын табады.
Ұйымдастырушылар:
А.Байтұрсынұлы атындағы Қазақ тіл білімі кафедрасының оқытушылары:
ф.ғ.к. ассистент профессор Ә.Ж. Әміров
ф.ғ.к. ассистент профессор К.Қ. Күркебаев
PhD, доцент м.а. Ж.А. Сәрсенбай
Басқа жаңалықтар