Студенттер үшін құқықтық сауаттылық: заң, алдын алу және цифрлық қауіпсіздік
2026 жылғы 24 ақпанда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Е. Ергожин атындағы Ғылыми кеңес мәжіліс залында «Студенттерге арналған құқықтық сауаттылық: заң, профилактика және цифрлық қауіпсіздік» тақырыбында ашық семинар өтті. Іс-шара БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарының 16-шы мақсатын – «Бейбітшілік, әділеттілік және тиімді институттар» жүзеге асыру аясында ұйымдастырылып, қоғамда құқықтық мәдениетті нығайтуға және жауапты азаматтық ұстанымды қалыптастыруға бағытталды.
Семинардың ұйымдастырушылары – органикалық заттардың, табиғи қосылыстар мен полимерлер химиясы және технологиясы кафедрасының оқытушылары: профессор Ирмұхаметова Г.С., доценттер Рахметуллаева Р.К. және Литвиненко Ю.А., доцент м.а. Агибаева Л.Э., аға оқытушылар Махаева Д.Н. және Аликулов А.Ж., сондай-ақ «8D07105 – Органикалық заттардың химиялық технологиясы» білім беру бағдарламасының 1-курс докторанттары Хавилхайрат Б., Қаппасұлы Ә., және «8D05301 – Химия» білім беру бағдарламасының докторанты Ахмедия А.
Іс-шараның негізгі мақсаты – студенттердің құқықтық сауаттылық деңгейін арттыру, студенттік ортада құқықбұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ қазіргі киберқауіптер жағдайында цифрлық кеңістікте қауіпсіз мінез-құлық ережелерін түсіндіру болды. Семинар барысында қатысушылар студенттердің негізгі құқықтары мен міндеттерін, академиялық адалдық қағидаларын сақтау мәселелерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құқықтық жауапкершілік мәселелерін талқылады.
Химия және химиялық технология факультеті базасында өткен кездесуде студенттерге ғылыми қызмет барысында зияткерлік меншікті қорғау жөнінде практикалық ұсыныстар беріліп, интернет кеңістігінде әдепті әрі жауапты мінез-құлық нормалары, соның ішінде желілік этикет (нетикет) қағидалары түсіндірілді.
Аталған семинарды өткізу университеттің жастар арасында құқықтық мәдениетті дамытуға, әділеттілік пен заңдылық қағидаларын нығайтуға, сондай-ақ қоғамда қауіпсіз және жауапты цифрлық ортаны қалыптастыруға қосқан кезекті үлесі болды.
Басқа жаңалықтар