Наурызнама: «Қайырымдылық жасау күні»Farabi University

Наурызнама: «Қайырымдылық жасау күні»

16 наурыз, 2026

14-23 наурыз аралығында Қазақстанда жалпыұлттық Наурызнама онкүндігі өтуде. Наурыз мейрамын атап өтудің бұл форматы аз уақыт ішінде тарихи дәстүрлерді, мәдени іс-шараларды, қоғамдық бастамаларды ұштастырып, ел бірлігін нығайтуға бағытталған маңызды халықтық мерекеге айналды.

 

16 наурыз, 2026 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Заң факультетінің Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының аға оқытушысы, з.ғ.м. Қанат Алиханның ұйымдастырумен ҚТ-107 тобының студенттері “Қайырымдылық жасау күнін” атап өтті. Бұл күні студенттер мейірімділік пен қайырымдылық құндылықтарын насихаттауға, сондай-ақ қоғамда өзара көмек мәдениетін және әлеуметтік жауапкершілікті дамытуға бағытталған қайырымдылық бастамаларын қолдады.

 

Наурызды жаңа форматта атап өту 2024 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен бекітілген. Осы онкүндік барысында қазақстандықтар Наурыздың мәнін тереңірек түсініп, оның ұлттық бірегейлікті нығайтудағы рөлін сезіне алады. Әр күннің өзіндік тақырыбы мен мақсаты бар, бұл мерекенің мазмұнын байытып, оны барлық жастағы азаматтар үшін тартымды етеді.

 

Мерекелік шаралардың ауқымы кең: ұлттық спорт ойындарынан бастап, өнер көрмелеріне, қайырымдылық акцияларына дейін. Бұл Наурыздың тек көктемгі жаңару мерекесі ғана емес, сонымен қатар рухани жаңғыру мен қоғамдық келісімнің символы екенін көрсетеді.