OKG.KZ

16 мамыр, 2016

«Болашақ» өмiрiмдi өзгерттi

«Болашақ» өмiрiмдi өзгерттi. Мамыр айының 26-сы – мен үшiн ұмытылмас күн. 2009 жылы дәл осы күнi «Болашақ» бағдарламасы бойынша Малайзияда оқуға түскенiм туралы хабар алдым. ҚазҰУ-дағы бiр жылымды бiтiрер-бiтiрмес, сол жылы 14 маусымда Малайзияның Сайберджая қаласына Мультимедиа университетiнiң кампусына бiр топ қазақ студенттерi келдiк. Әуежайдан түскен кездегi алғашқы әсерiм – Малайзияның экваторлық ылғал иiсiнiң ерекшелiгi болғаны әлi есiмде. Бiрге келген замандастарымның көбiсi Мультимедиа университетiнiң Ақпараттық жүйелер факультетiне оқуға қабылданған. Сабағымыз бастала салысымен бәрiмiз күнi-түнi тыным таппай бiлiм алуға, iзденуге, өткен тақырыптарды игеруге құлшына кiрiстiк. Ондағы оқу жүйесiнде Еуропадағыдай студенттерге өз оқу кестесiн құруға, мұғалiмдер таңдауға мүмкiндiк бередi. Оған қоса оқу барысында студенттердiң өздерiнiң iзденiсiне және тапқырлығына жете мән берiлiп, соған сай тапсырмалар жүктейдi. Әр студентке лайықтап емтихандар құрастырылады. Сонымен қатар, бiз бiлiм алған университеттiң оқу жылы үлкен және кiшi семестрден тұрған соң, оқуымыз үш жылға созылды. Осы уақыт аралығында қаншама жаңа IT технологияларды игерiп, әлемдегi компьютерлiк бағдарламаларды дамытудағы озық әдiстемелермен таныс болдық. Малайзиядағы осы оқу орны IT мамандарын даярлау iсi бойынша өзгелерден озық тұрады. Содан да болса керек, өзге елдерден келiп оқитын студенттер көп. Малайзиядағы үш жылда бiлiктi мамандардан бiлiм алып, халықаралық дәрежеде тәжiрибе жинақтадым. 2012 жылдың шiлдесiнде оқу бiтiрiп, Елордамыз Астанаға келгенде компьютерлiк бағдарламаларды дамытушы ретiнде жұмыс табу қиынға соқпады. Өйткенi, Қазақстанда қарқын алып жатқан IT секторында әлемнiң озық технологияларымен таныс бағдарлама дамытушылары мен аналитиктер ерекше сұраныста. Сондықтан «Болашақ» бағдарламасы бойынша инженерлiк салада маман даярлау үшiн студенттердi шетелдiк озық оқу орындарына жiберу өте дұрыс деп ойлаймын. Елге келген соң IT бойынша бағдарламар дамытататын «IG Company» атты шағын компанияға бағдарлама дамытушысы болып жұмысқа тұрдым. Мойындау керек, басында Қазақстандағы жұмыс iстеу әдiсiне iлесу оңай болған жоқ. Бiзде әлi де ескi методологиялар мен ескi дамыту процесiн қолданғанына қарамастан, менiң Малайзияда алған бiлiмiм ерекше көмек берiп, өзiм жұмыс iстейтiн компанияда ескi әдiстердi жаңалауға ат салыстым. Бiр жарым жылдан соң сол кездегi Қазақстан Республикасының Көлiк және коммуникация министрлiгiнiң көлiктегi бақылауды автоматтандыру басқармасына жұмысқа шақырылдым. Мiндетiм – министрлiктiң ақпараттық жүйелерiнiң дұрыс жұмыс iстеуiн бақылау, жаңаша дамытуға тапсырыс берiлген бағдарламалардың заманауи технологиялармен дұрыс дамытылғанын және министрлiктiң талаптарына сай дамытылуын бақылау. Министрлiкте жүрiп жинаған тәжiрибем де аз емес. Компьютерлiк бағдарламаларды дамыту барысында көбiнесе тактикалық тұрғыдан шешiм қабылдасам, министрлiкте стратегиялық маңызға ие шешiмдер қабылдауға тура келдi. Сондықтан жұмысыма ерекше жауапкершiлiкпен қарауға тырыстым. Дегенмен, бiлiмiмдi жетiлдiре түскiм келдi. Сондықтан 2014 жылы Назарбаев университетiнiң инженерлiк менеджмент саласы бойынша магистратурасына құжат тапсырдым. Жуырда осы университеттiң магистратурасын бiтiргелi жатырмын. Өткен күндерге көз жiберiп қарасам, «Болашақ» бағдарламасы арқылы Малайзияда алған негiзгi бiлiмiм өмiрiмде маңызды рөл атқарып келедi екен. Себебi, мен таңдаған IT саласы 10 жылдық емес, 2-3 жылдық қарқынмен жаңарып тұрады. Бүгiнгi заман бiлiктiлiгiңдi шыңдап, жаңа технологияларды меңгерудi талап етедi. Әйтпесе, шетелде алған бiлiмiмiздiң кәдеге аспай қалуы бек мүмкiн... Ақарыс Мұсабеков, Сайрам ауданының тұрғыны, «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты.