BAQ.KZ

17 мамыр, 2016

Оливер ГЕНРИ: БАҚБАҚ ГҮЛ СЕЗІМ

Оливер ГЕНРИ: БАҚБАҚ ГҮЛ СЕЗІМ.  Алпамыс ФАЙЗОЛЛА Əл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің студенті. Соңғы бірнеше жылда ағылшын əдебиетін ағылшын тілінде оқып жүр. Əңгіме жанрының хас шебері Оливер Генридің шығармасын аударып, редакцияға жіберіп отыр екен. Жариялауды жөн санадық.  Бұл наурыз айының тамаша бір күні еді. Əңгіме жазарда хикаяны ешқашан бұлай бастамаңыз. Бұл – қаламгерлік қиял мен жаңашылдықтан жұрдай, таптаурын əрі құрғақ кіріспе. Бұдан құнсызырақ кіріспе болуы мүмкін емес. Бірақ бас кейіпкер құсалы болғандықтан, əңгімеленгелі отырған хикаяны осылай бастаймыз. Өйткені, оқырманның сана-сезімін əзірлеп алмасақ, жаны түршігуі мүмкін. Қолында ас мəзірі бар Сара жылап отыр еді. Пияз аршығандықтан немесе жан тебірентер əсерлі кино көргендіктен жанары жасқа шыланды деп ойлауыңыз мүмкін. Алайда бар жорамалыңыз қате. Сол себепті, əңгімені одан əрі жалғастырайық. Сара «Шуленбергтер үйі» мейрамханасына жұмысқа тұрды. Мейрамхана қызметкері күн сайын кешқұрым Сараға ертеңгі күні дайындалатын тағамдар тізімін алып келеді. Ол машинкамен теріп, 21 үстелге ас мəзірін əзірлейді. Ақысына күніне үш мезгіл тамақтанады, сондай-ақ мейрамхананың қызыл кірпішті ғимаратынан қожайын бір бөлмені баспана етіп берген. Бұл келісімшартқа Сара да, мейрамхана иесі де дəн риза. Бірі – ішер ас, тұратын жайдан тарықпайтынына, бірі – тұтынушылардың мəзірде қандай ас бар екенін біліп отыратынына разы. Биыл көктем кешікті. Наурыз айы келсе де жердегі қар ери қойған жоқ. Көктем мезгілі болғанмен, қала əлі қыс ызғарының құшағында. Көшеде музыкалық аспаптарымен «Сол бір ғажап жаз күнінде» əуенін орындайтын жігіттер желтоқсан айындағы көңіл-күйінен əлі арыла қоймапты. Көңілі мұңға толы Сара терезеден далаға қарап отыр. Бүкіл əлем оған: «Көктем келді, Сара, таңғажайып көктем келді! Сен неге мұңаясың?» – деп тұрғандай. Ғимараттың артқы бөлігінде орналасқан бөлме терезесінен Сара келесі көшедегі фабриканың тас қабырғаларын көреді. Көзі сонда болғанмен, көңілі де, ойы да, ну орманды, жұпар аңқыған гүлдері бар көк шалғынды далада. Сара өткен жазда ауылға барғанда, бір шаруаға ғашық болған еді. (Хикаяны ешқашан бұлай жалғастырмаңыз. Əбден жауыр болған əдеби əдіс болғандықтан, оқырманды жалықтырып аласыз. Əңгімемізді одан əрі жалғастырайық). Саннибрук шаруа қожалығында екі апта болған Сара кəрі шаруа Франклиннің Уол- тер есімді ұлына ғашық болған-ды. Ғашығы Сараға көк шалғынды дала кілемінде сезімін білдірді. Сол жолы бақбақ гүлдерінен жасалған тəжді кигізіп, Сараның қоңыр шашымен сары гүлдердің үйлесім тапқанына балаша қуанып, сүйсініп еді. Екеуі көктем шығысымен отау құрмақ боп уағдаласты. Шаттық пен қуанышқа толы, бақытқа мас болған күндер еді ғой, шіркін! Сара жұмысын жалғастырмақ боп қалаға қайтты да, уəделескен көктем мезгілін асыға күтіп жүрген-ді. Кенет əлдекім есікті қақты да, бақытты күндерді аңсап, арман əлемін шарлап кеткен тəп-тəтті қиялы быт-шыт болды. Қызметкер ертең дайындалатын тағамдар тізімін əкелген екен. Сара ас мəзірін машинкамен тере баста- ды. Бүгін əдеттегіден өзгеше тағамдар тізімге еніпті. Жаздағы айдын бетінде жүзіп жүрген су жəндігіндей, Сараның саусақтары машинка пернелері үстінде еркін қозғалады. Ол сорпа- лы тағамдарды, құрғақ тағамдарды, тəттілерді рет-ретімен жазып шықты. Салаттар тізімін көргенде, өзіне ие бол алмай, жылап жіберді. Жа- нарынан мөлт-мөлт тамған жас жүзінен сорғалап, машинкаға ағып жатты. Иə, Уолтерден екі аптадан бері хат алмаған Сара салаттар тізімін көргенде, жылайтын жөні бар еді. Өйткені, онда «Бақбақ гүлдері мен қайнаған жұмыртқа» деп жазылыпты. Жұмыртқаға емес, бақбақ гүліне көңіл аударыңыз. Уолтер тəж жасап кигізген алтыннан құнды бақбақ гүлдер! Махаббат ұғымының хабаршысы, өткен ғажап күндерден естелік – бақбақ гүлдер! Сараның бақбақ гүл сезімі оның жан-жүрегін ғашығымен қыдырып жүрген көк шалғынды далаға алып кетті. Алайда, көп ұзамай Сара зорлана ойын жинақтап, көз жасын тыйды. Ас мəзірін теру керек болғандықтан, Манхеттеннің көңіл құлазытар тас көшелеріне қайта оралуға мəжбүр болды. Сағат алтыда қызметкер кешкі асты əкелді де, дайын тұрған ас мəзірін алып кетті. Тамақтануға кіріскен Сара бір күрсініп алды да, ыдыстағы бақбақ гүлдерін бір шетке ысырып қойды. Махаббаттың киесіндей болған бақбақ гүлдерді аузына салып, тісімен шайнап, мылжалауға жүрегі дауаламады. Жеті жарымда көрші бөлмедегі екі адам жанжалдаса бастады. Көмір қызуы бəсеңдегендіктен, жарық қуаты да əлсіреді. Ғимараттың артқы ауласынан мысықтардың дауысы шықты. Осындай белгілерден кітап оқитын уақыт болғанын ұққан Сара екі тізесін кеудесіне тигізіп отырып, оқи бастады. Кенет алдыңғы есіктің қоңырауы шалынды. Сара кітабын қойып, елең ете қалды. Қызметші əйел есікті ашқанда, самбырлай сөйлеп ішке кірген бір жігіттің дауысы естілді. Сара қолындағы кітабын тастай сала ұшып тұрып, есікке қарай жүгірді. Иə, сіздің жорамалыңыз дұрыс. Бұл келген Уолтер еді. Сара есікті ашқанда, асыға басқан Уолтер ентігіп баспалдақтан көтеріліп келе жатқан-ды. Бірін-бірі көргенде, екеуі қандай қуанышты сезімде болды десеңізші! – Неге хат-хабарсыз кеттің?! – деді Сара өксігін баса алмай. – Нью-Йорк алып шаһар. Мен мұнда бір апта бұрын келіп, сенің бұрынғы мекен-жайыңа іздеп бардым. Алайда, өткен сəрсенбі күні көшіп кетіпсің. Полициямен қосылып, іздемеген жерім қалмады! – Мен саған хат жазып едім ғой. – Ешқандай да хат алған жоқпын. – Сонда мені қалай таптың? Жас жігіт көктемдей таза, риясыз пейілмен жымиды да: – Бұл кеште «Шуленбергтер үйі» мейрам- ханасына тамақтануға келдім. Жүрегім əлденені сезді ме, салат жегім келді. Салаттар тізіміне көз жүгірткен кезде орнымнан ұшып түрегеліп, мейрамхана қожайынын шақырдым. Ол маған сенің қайда екеніңді көрсетті. – Қайдан білдің сонда? Уолтер қоржынынан бір парақ ас мəзірін шығарып, Сараға көрсетті. Ол сол күні машинкамен бірінші терген мəзірді бірден таныды. Көз жасы тамған үстіңгі оң жақ бұрышында əлі де дақ бар екен. Бақбақ гүлдерден тəж киген ғажап шақтарды еске алып отырып, салаттар тізіміне былай деп жазып қойыпты: «Сүйікті Уолтер мен қайнатылған жұмыртқа...»