Эстония делегациясы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға халықаралық білім беру тағылымдамасы аясында келдіFarabi University

Эстония делегациясы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға халықаралық білім беру тағылымдамасы аясында келді

18 наурыз, 2026

2026 жылғы 17-18 наурызда Алматы қаласында «Оқытудың инновациялық моделі. Қазақстан мен Эстонияның білім беру жүйелері» атты халықаралық білім беру тағылымдамасы аясында іс-шаралар өтті. Іс-шараны ұйымдастырушылар – Алматы қаласы Білім басқармасының Білім берудегі жаңа технологиялар қалалық ғылыми-әдістемелік орталығы (Роза Ғазизжановна Ақмағамбетова) және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология факультеті (Баян Умирбековна Джолдасбекова).

Сапар барысында Таллин қаласының вице-мэрі Андрей Канте және Таллин қалалық білім департаментінің өкілі Аурика Меймре әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға келді. Университеттің ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректоры Марғұлан Касенұлы Ибраимовпен өткен кездесуде ТДМ 4 «Сапалы білім» аясындағы ынтымақтастықтың перспективалық бағыттары, академиялық ұтқырлық мәселелері және бірлескен ғылыми-білім беру жобаларын жүзеге асыру мүмкіндіктері талқыланды. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою туралы уағдаласты.

Сапар бағдарламасы аясында эстондық әріптестер Сорбонна-Қазақстан институтында өткен халықаралық дөңгелек үстелге қатысты. Іс-шараға филология факультетінің деканы Баян Умирбековна Джолдасбекова, деканның орынбасары Жадыра Амангелдиевна Баянбаева, орыс филологиясы және әлем әдебиеті кафедрасының меңгерушісі Алёна Сергеевна Демченко қатысты. Дөңгелек үстелдің модераторы – орыс филологиясы және әлем әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы Сауле Темирбаевна Исалиева.

Дөңгелек үстел барысында қатысушылар Қазақстан мен Эстонияның білім беру жүйелерінің дамуындағы заманауи үрдістерді, инновациялық педагогикалық модельдерді енгізу, цифрлық технологияларды пайдалану және білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады. Кездесу барысында педагогикалық білім беруді дамыту, білім беру ортасының цифрлық трансформациясы, білім беру үдерісіне жасанды интеллектті енгізу және жаңа буын педагог кадрларын даярлау тақырыптарына арналған баяндамалар ұсынылды.

Интерактивті бөлімде қонақтарға цифрлық оқытуды дамытуға арналған жасанды интеллект құралдары – тест тапсырмалары, топтағы оқу үдерісін ұйымдастыруға арналған сайт, book-story және басқа да цифрлық құралдар таныстырылды.

Алматы қаласы Білім басқармасының Білім берудегі жаңа технологиялар қалалық ғылыми-әдістемелік орталығының бөлім басшысы Роза Газизжановна Акмагамбетова мұндай кездесулер кәсіби диалог жүргізуге, тәжірибе алмасуға және халықаралық білім беру серіктестігін дамытуға үлкен мүмкіндік беретінін атап өтті.

Дөңгелек үстел қатысушылары Қазақстан мен Эстонияның білім беру ұйымдары арасындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтудің, бірлескен жобаларды жүзеге асырудың, академиялық алмасулар мен ғылыми зерттеулерді дамытудың маңыздылығын атап өтті.