«Абай ілімі» пәні бойынша ашық семинар сабағыFarabi University

«Абай ілімі» пәні бойынша ашық семинар сабағы

19 наурыз, 2026

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институтында «Абай ілімі» пәні бойынша танымдық-интерактивті ашық сабақ өтті. Оқытушы - ҚазҰУ жанындағы Абай ҒЗИ-дың доценті Ләйлә Мұсалы, сабақтың тақырыбы - «Абай ілімінің қайнар көздері мен алғышарттары». Қазақтың ұлы ойшылы Абай Құнанбаевтың рухани мұрасына арналған ашық сабақтың мақсаты - ақын-философтың дүниетанымына әсер еткен мәдени-рухани дәстүрлерді ашу болды.

 Сабақ ҚазҰУ-дың механика-математика факультетінің орыс тобында өтті. «Есептеу ғылымдары және статистика» мамандығының орыс тобының 1-курс студенттері Абай ілімінің алғашқы қайнар көздері: қазақтың халық мәдениеті, ауызша ауыз әдебиеті, дала даналығы дәстүрлері, ақындар поэзиясы, билер мұрасы туралы талдау жасады.

«Математика» мамандығының студенттері орыс және еуропалық мәдениет пен Абай аудармаларының ықпалын зерттеді. «Қолданбалы математика» мамандығы студенттері Абай ілімінің 2- қайнар көзі ретінде Шығыс әдебиетімен байланысын талдады. Семинардың ерекше форматы студенттерге материалды тереңірек меңгеруге және оны тартымды, шығармашылық түрде ұсынуға мүмкіндік берді.

Оқушылар Абай ілімінің қайнар көздерін егжей-тегжейлі баяндайтын презентация дайындады. Доцент Л.Мұсалының жетекшілігімен студенттер дайындаған шағын сахналық қойылымдар сабақтың ең қызық тұстарының бірі болды. «Қолданбалы математика» тобы Абайдың «Масғұт» поэмасынан үзінді және өзіндік финалды көрсетті. Студенттер поэманығ моральдық мәні мен өмірдің әртүрлі жолдарын таңдау идеясын көрсетті. «Есептеу ғылымдары және статистика» тобы билер соты туралы қазақтың дәстүрлі сот төрелігін көрсететін сюжет дайындады. Кейіпкерлер арасындағы диалог арқылы оқушылар халық соттарының даналығын, әділдігін, күрделі шиеленістердің шешімін таба білетіндігін көрсетті. 

 Болашақ математиктер орыстың ұлы ақыны А.Пушкиннің «Евгений Онегин» поэмасынан үзіндісін және Абай аудармасын талдады. Пушкин шығармаларын қазақ тіліне аударып, өз халқына танытқан Абайдың әдеби көзқарасына орыс әдебиетінің ықпалы осы мысалда айқын көрінді. Студенттердің көпшілігінің қазақтың ұлттық киімдерін кигені қойылымдарға ерекше көңіл-күй сыйлап, сахналық қойылымдарды ерекше жандандырды.

 Семинардың екінші бөлімі сабақ тақырыбы бойынша дөңгелек үстел түрінде ұйымдастырылды. Ашық сабақтың қызықты және ерекше бөлігі студенттер таңдаған белгілі кейіпкерлер қатысқан рөлдік ойындар болды, оның ішінде Әлия Молдағұлова, Елдос Сметов, Леонид Якубович және т.б. Әр қатысушы Абай идеяларының маңызын, адамгершілік, тәрбиелік, мәдени құндылықтарды талқылап, өз рөлдерін сомдады. Бұл формат студенттердің диалогқа тереңірек араласуына көмектесіп, пікірталасты жанды, қызықты сұқбатқа айналдырды.

 Ашық сабаққа кафедра меңгерушісі Маусумбекова Сәуле Жұмақанқызы, декан орынбасары Сахиева Айгерім және студенттік топ кураторлары қатысты. Олар студенттердің презентацияларын қызығушылықпен тамашалап, қатысушылардың жоғары дайындық деңгейін атап өтті. Айта кететін жайт, студенттер дайындыққа үлкен жауапкершілікпен қарадығ презентациялар дайындады, мұқият құрастырылған сөйлеу мәтіндері және ойластырылған сахналық тұлғалар мен костюмдер әзірледі. Осының барлығы сабаұта нағыз шығармашылық атмосферасын қалыптастырды. Сабақ тартымды, мазмұнды және әсерлі болды. Пән оқытушысы, доцент Ләйлә Мұсалы сабақты қорытындылап, Абайдың білімге ұмтылу, имандылық, рухани даму туралы ойлары бүгінгі күні де өзектілігін сақтап отырғанын атап өтті. Сондықтан да мұндай семинарлар оқу үрдісіне ғана емес, өз елінің мәдени мұрасын бағалайтын жас ұрпақты тәрбиелеуге де септігін тигізеді.