«Жасыл бастама – жарқын болашақ»Farabi University

«Жасыл бастама – жарқын болашақ»

19 наурыз, 2026

Университетімізде «Наурызнама» онкүндігі аясында «Жасыл бастама – жарқын болашақ» атты ауқымды экологиялық акция ұйымдастырылды.

Жаңару күніне орай өткен шараның негізгі мақсаты – студенттер мен университет ұжымы арасында қоршаған ортаға деген жауапкершілікті арттыру, табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастыру және университет аумағын көркейту болды.

Акция барысында факультетімізде көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, гүлдердің топырақтары ауыстырылды, аумақ толықтай тазартылды. Сонымен қатар, жасыл желектерді күтіп-баптау жұмыстарына ерекше көңіл бөлінді. Ұстаздарымыз, қызметкерлер мен студенттер бұл игі іске белсене қатысып, ортақ іске өз үлестерін қосты. №13 студенттер үйінің алды қосымша жасыл желектермен толықтырылып, айналаға ерекше көрік берді.

Аталған шара тек тазалық пен көркейту жұмыстарымен шектелмей, экологиялық сананы қалыптастыруға бағытталған маңызды бастамаға айналды. Табиғатқа жанашырлықпен қарау, оны аялау және қорғау – әрбір азаматтың борышы екені кеңінен насихатталды.

Осындай игі бастамалар жастардың бойында белсенді азаматтық ұстаным қалыптастырып, қоршаған ортаға деген жанашырлықты арттырады. Сонымен қатар, бұл шара Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарының (ТДМ) бірі – қоршаған ортаны қорғау және тұрақты қалалар мен қауымдастықтарды дамыту бағыттарына сәйкес келеді. Мұндай бастамалар тұрақты даму қағидаттарын күнделікті өмір салтына енгізуге ықпал етеді.

Бұл акция – табиғатқа деген сүйіспеншілікті арттырып қана қоймай, университет ұжымының бірлігін нығайтқан, тәрбиелік мәні зор маңызды іс-шаралардың бірі болды.

 

Факультеттің әлеуметтік-тәрбие жұмыстары жөніндегі декан орынбасары