Отбасылық құндылықтар мен ұлттық дәстүрлер дәріптелдіFarabi University

Отбасылық құндылықтар мен ұлттық дәстүрлер дәріптелді

17 наурыз, 2026

Биыл Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті қызметкерлерінің «Парасат» кәсіподағы «Шаңырақ күнін» қазақ халқының ұлттық отбасылық құндылықтарына арналған «Берік отбасы – берік мемлекет» тақырыбындағы дөңгелек үстел форматында өткізді. Іс-шараның негізгі мақсаты – отбасы институтын нығайту, жастарды жауапкершілікке, ынтымаққа тәрбиелеу, мәдени мұраны сақтау және ұлттық отбасылық құндылықтарды насихаттау болды. Дөңгелек үстелге университетте бірге еңбек ететін 55 отбасылық жұп шақырылды.

«Парасат» кәсіподағының төрағасы Т.Қ. Мекебаев іс-шараға дайындық барысында отбасының адам өміріндегі ең басты құндылық екенін атап өтті. Отбасы – біз сүйетін, үлгі алатын, қамқорлық жасайтын және әрдайым жақсылық пен бақыт тілейтін ең жақын жандарымыз екенін ерекше жеткізді.

Кездесудің модераторы, ҚР ҰҒА академигі Берекет Кәрібаев жиналғандарды мерекемен құттықтап, отбасы институтының мемлекетіміз үшін стратегиялық маңызына тоқталды. Академик өз сөзінде: «Отбасы – қоғамымыздың тірегі, дәстүрлер мен құндылықтардың сақтаушысы. Мұндай кездесулер адамға өз отбасында түсіністік, сыйластық пен қолдаудың қаншалықты маңызды екенін еске салады», – деп атап өтті.

Шара барысында түрлі буын өкілдері өздерінің өмірлік тәжірибелерімен бөлісті. Кездесуде қазақтың ұлттық дәстүрлеріне, соның ішінде бірлік пен ынтымақтың символына айналған «жер үстел» ұғымына ерекше мән берілді. Қатысушылар үлкенді құрметтеу, отбасыдағы өзара сыйластық, әйелдің – ошақ иесі, ер адамның – отбасы тірегі ретіндегі рөлі туралы ой бөлісті.

Аталған іс-шараға механика-математика факультетінің Математика кафедрасының өкілдері де қатысты. Атап айтқанда, кафедра меңгерушісі Касенов Сырым Еркінұлы жұбайы, аға оқытушы Тлеулесова Айгерім Мекемтасқызымен бірге, сондай-ақ кафедраның аға оқытушысы Керімбаев Рашид жұбайы, география факультетінің профессоры Спанкулова Ләззатпен бірге шараға қатысты. Ал дөңгелек үстелде өз отбасылық өмір тәжірибелерімен бөліскен басқа факультет өкілдері болды. Олар отбасын құрғандарына 52 жыл, 44 жыл, 34 жыл және 14 жыл болған отбасылар ретінде өз пікірлерін білдіріп, берік отбасының негізі сыйластық, түсіністік және өзара қолдау екенін атап өтті.

Қатысушылар мұндай кездесулердің ұжымдағы рухани бірлікті нығайтып қана қоймай, жас буынға өнеге болатынын ерекше атап өтті. Отбасылық құндылықтарды дәріптеу арқылы ұлттық мәдениет пен дәстүр сабақтастығының сақталатыны да кеңінен сөз болды.

Жиынды қорытындылаған Берекет Кәрібаев мазмұнды әңгімелері үшін қатысушыларға алғыс айтып, әр отбасыға естелік сыйлықтар табыс етті. Мұндай тағылымды іс-шаралар университет қауымдастығы арасында ынтымақ пен бірлікті арттырып, ұлттық құндылықтарды насихаттауда маңызды рөл атқаратыны сөзсіз.

 

Кафедра меңгерушісі, PhD, қауымдастырылған профессор

Касенов Сырым Еркинович