2026 жылдың Қысқы мектебі өз мәресіне жеттіFarabi University

2026 жылдың Қысқы мектебі өз мәресіне жетті

26 наурыз, 2026

2026 жылдың 26 наурызында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Шығыстану факультеті Қиыр Шығыс кафедрасында Қысқы мектептің жабылу рәсімі өтті.

Қысқы мектеп бағдарламасы аясында Токио шет тілдер университеті және Киото университетінің студенттері 2026 жылдың 4 наурызынан 27 наурызына дейін қазақ және орыс тілдерін оқып, Қазақстанның көрікті жерлерін аралап, ел мәдениетімен жақынырақ танысты.

Салтанатты рәсім барысында қатысушыларға сертификаттар табысталып, олардың оқу барысындағы жетістіктері атап өтілді. Токио шет тілдер университетінің студенті Баба Саюкидің қазақ тілінде сөз сөйлеп, Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін айтып бергені сол жетістіктердің бір көрсеткішіндей болды.  

Рәсімнен кейін жапонтану бөлімінің 1 курс студенттерінің ұйымдастыруымен Қысқы мектеп қатысушыларына арналған қоштасу кеші өтті. Кеш барысында шағын концерт ұсынылып, қазақтың ұлттық мәдениеті таныстырылды: жапондық студенттер қазақтың күй өнерінен «Балбырауынды» тыңдап, қазақтың ұлттық ойыны – асық ойнап, қазақ тағамдарынан дәм татып, қазақ мәдениетінің ерекшеліктерін жақыннан сезініп, көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.

Дастарқан басында өткен бұл кездесу екі елдің жастары арасындағы достық атмосфераны қалыптастырған мәдени алмасудың жарқын бір көрінісі іспеттес.