ТДМ 17 бағытына сәйкес «Тұрақты даму үшін серіктестік» қағидаларын негізге ала отырып, 2026 жылдың 26 наурызда филология факультеті қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының доценті Мекебаева Лейланың ұйымдастыруымен «Наурыз: мәдениеттер диалогы» тақырыбында ашық тәрбие сағаты өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты студенттерге Наурыз мейрамы мерекесінің мәдени-рухани мәнін терең түсіндіру, түрлі мәдениеттер арасындағы өзара құрмет пен түсіністікті нығайту, сондай-ақ тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізудегі серіктестіктің маңызын көрсету болды.

Тәрбие сағаты барысында студенттері Наурыз мейрамы мерекесінің тек ұлттық құндылық қана емес, сонымен қатар түрлі этностар мен мәдениеттерді біріктіретін маңызды рухани көпір екендігіне ерекше назар аударды. Қатысушылар әлем халықтарының көктем мерекелерін салыстыра отырып, олардың ортақ құндылықтары жаңару, татулық, бірлік пен келісім идеяларын талқылады.
Іс-шара интерактивті форматта ұйымдастырылып, студенттер бірнеше топқа бөлініп, әртүрлі мәдениеттердің Наурызды қарсы алу дәстүрлерін таныстырды. Әр топ өз презентацияларында тарихи деректер мен мәдени ерекшеліктерді қамтып, көріністер, ұлттық тағамдар мен салт-дәстүрлер арқылы мазмұнды ақпарат ұсынды. Сонымен қатар қатысушылар тұрақты даму мақсаттарына жетудегі халықаралық ынтымақтастықтың рөлін талқылап, білім, мәдениет және әлеуметтік саладағы серіктестіктің маңызын нақты мысалдар арқылы дәлелдеді.
Іс-шара соңында ф.ғ.к. Мекебаева Л.А. студенттердің дайындығы мен белсенділігін жоғары бағалап, мұндай тәрбиелік шаралардың болашақ мамандардың тұлғалық және кәсіби дамуына қосатын үлесі зор екенін атап өтті. «Наурыз: мәдениеттер диалогы» тақырыбындағы тәрбие сағаты студенттердің мәдени дүниетанымын кеңейтіп қана қоймай, олардың жаһандық ойлау қабілетін дамытуға, түрлі мәдениеттерге құрметпен қарауға және тұрақты даму жолындағы серіктестіктің маңызын түсінуге ықпал ететініне сенімдіміз.
Басқа жаңалықтар