Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жасаған жолдауында әдеттегідей тың ұсыныстар айтты. Еліміздің әлеуметтік-экономика саласына қарқынды өзгерістер енгізу үшін жасанды интеллектінің көмегін жұмылдыру туралы ұсынысы аз уақытта көп іс тындыруға мүмкіндік беретін жаңа заманауи көзқарас екені рас.
Өзге елдермен салыстырғанда біз жерасты қазба байлығы мол елміз. Ел басшысы осыған қатысты алдағы уақытта тау-кен кешенін дамытуға басымдық берілетінін атап өтті. Ел экономикасын қарқынды дамытудың бірден-бір тетігі өнім өндіретін кәсіпкерлер легі 6 пайызға да жетпейтінін, олардың санының өте төмен болуы осы салаға қатысты заңдардағы қарама-қайшылықтардың болуына қатысты екенін атап өтті. Сондықтан ескірген заңдарды жаңа бағытқа лайықтап қайта жазуды ұсынды.
Өзімізге белгілі елдегі әлеуметтік топтарға мемлекет тарапынан берілетін көмек түрлері көбейіп келеді. Бірақ Президент ескерткендей, көмек алуға тілек білдірушілердің қатары күрт өсіп бара жатыр. Әрине, көмек алуға шын мұқтаж жандарға берілетін көмектің орны бір бөлек, алайда осы жағдайды пайдаланып ел ішінде масылдыққа бой үйретуге әрекеттенген азаматтар да жоқ емес. Сондықтан осы көмек беруді дұрыс және шынайы мұқтаждарға ғана бағытталуын қадағалау керектігін қадап айтты.
Ел экономикасын көтеруге күш салуға қашанда білікті, сауатты мамандардың күші керек. Осы бағытта кадр реформасы түйткілді мәселе болып отыр. Елдегі кәсіби мамандардың шетел асып, ел ішінде кадр тапшылығы әр салада орын алып отыр. Сондықтан сапалы кадр даярлау ісі бүгінгі күні күн тәртібінен түспей келе жатқан мәселе екені де ашып айтылды. Білікті мамандарды елге қайтарудың жолдарын қарастырып, олармен кеңінен жұмыс жүргізуді тапсырды. Кадр тапшылығын жою үшін көші-қон саясатын қайта қарау туралы да айтты.
Президент үкімет пен әкімдердің жұмысы жолға дұрыс қойылмағанын еліміздің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы құлдырап кеткеніне қынжылды. Сондай-ақ осы жолғы жолдауда мемлекет басшысы елге инвестиция тартуды күшейту, АЭС құрылысын жоспарлау, Алатау қаласына арнайы статус беріліп, тікелей үкіметке бағынатынын, сондай-ақ Президент тарапынан банктер тек халыққа несие берумен ғана айналыспай, экономикаға қаржы салуы керектігін ескертті. Осы орайда, банк саласында жаңа заңдар қабылдануы керек деген сөздер айтылды.
Бұл жолдауда Президент тіршілік көзі – судың сапасы, тапшылығы мәселесін де айналып өтпеді. Ел экономикасының басты көзі егіншілік, бау-бақша өсіру болғандықтан, сумен қамтамасыз ету, су мамандарын даярлау ісі де алғаш рет айтылып отырған жоқ. Себебі судың дұрыс берілуі, су сапасы елдің денсаулық, әлеуметтік мәселелерін шешумен тығыз байланысты екені айдан анық.
Президент жолдауда БҰҰ-ның жұмысына қатысты, әлемдік геосаяси жағдайға байланысты пікір білдірді. Бұған қоса, ұйымға реформалар енгізу туралы Қазақстан атынан ұсыныс білдіретінін айтты. Сондай-ақ Қазақстандағы саяси жүйедегі оң өзгерістерге тоқталып өтті.
Елдегі салық мәселесі, салық саласындағы заңсыздық, салық төлеуден жалтару мәселесін де жіті қарастырып, ол салаға қатысты реформалар жасауды ұсынды. Түрлі экономикалық, саяси, әлеуметтік мәселелерді шешудің барлығының басында елдің заңмен қамтамасыз етілуі тұр. Елде соңғы уақыттарда заңбұзушылық, бұзақылық әрекеттердің болмауы үшін заң саласындағы олқылықтардың алдын алу керек екенін ескертіп айтты.
Президенттің елді дамытуға қатысты жаңа бағытқа қарай қарқынды қадам жасауға бағыттаған жолдауы болашақтан көп үміт күттіреді. Енді сол үдеден шығу үшін бәрімізге тиянақты жұмыс істеу керек.
Гүлназ МАШИНБАЕВА,
Шетелдіктердің тілдік және жалпы білім
беру дайындығы кафедрасының
аға оқытушысы
Басқа жаңалықтар