Келешекке бастайтын жол
Келешекке бастайтын жол. Әл-ФарабиатындағыҚазақұлттықуниверситетінде жуырда VIII «Келешекпен байланыс» медиа конгресі өтті, - деп хабарлайды Qamshy.kz. Конгрес жұмысына Түркия, Қырғызстан, Түркіменстан, Əзірбайжан, Тəжікстан, Грузия, Македония, Косово, Румыния, Болгария, Қырым (Украина), Татарстан, Қарақалпақ (Өзбекстан), Керкүк (Ирак), Шығыс Түркістан (Қытай), Ауғанстан, Ресей т.б. елдерден 80-ге жуық түркітілдес жас журналистер қатысты. Аталмыш шара аясында «Босқындар» тақырыбымен журналистердің фотосуреттер көрмесінің ашылу салтанаты өтті. Жыл сайын әлемнің түкпір-түпкірінде өтіп келген ауқымды шара биыл Қазақстан, Қырғызстан мемлекеттерінде жалғасын тапты. Конгрестің басты мақсаты – түркі елдеріндегі журналистердің ынтымақтастығын арттырып, кәсіби тұрғыда серіктестікті нығайту. Осы орайда, әл-ФарабиатындағыҚазақұлттықуниверситетінің ректоры академик Ғалым Мұтанов түбі бір түркінің рухани және тарихи құндылықтарын бірігіп насихаттау, түркітілдес БАҚ арасында жедел ақпарат алмасу, т.б. ортақ мақсат-мүддені көздейтін жаңа жобаларды алдағы уақытта жүзеге асыру керектігін айта келіп, «Еліміздің ақпарат кеңістігінің көкжиегі күн сайын арта түсуде. Сол кеңістікке талпынған бүгінгі жиынға қатысып отырған жастардың құлшынысы мен ұмтылысы да көңілге жылылық ұялатуда. Болашақтарын сөз өнері әлемімен байланыстыруды мақсат тұтқан сондай жастар жыл сайын аталмыш конгрестің ақпараттық кеңістігінде шеберліктерін шыңдауға мүмкіндік алуда. Мұны жақсы үрдіс деп қабылдауға болады. Себебі, мұндай басқосулар дарынды жастардың бағын ашуға септігін тигізері анық», – деді. Ал, Түркия мемлекетінің Алматыдағы Бас консулы Рыза Қаған Йылмаз осындай іс-шаралардың екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтатындығын атап өтті. Телевидение және радио Жоғары Кеңесінің (RTÜK) төрағасы, профессор Ильхан Йерликая мырза «Келешекпен байланыс» медиа конгресі барысында түркі тілдес елдердің білім, ғылым, мәдениетін насихаттау үшін ҚазҰУ-мен бірлесе отырып, ортақ медиа платформа құру туралы мәмілеге келгенін айтты. Оның пікірінше, дүние жүзінде болып жатқан түрлі оқиғаларға шынайы баға беріп, сол жайында дұрыс қоғамдық пікір қалыптастыратын БАҚ өкілдерінің рөлі мен алар орны ерекше. Сондықтан түркі тілдес елдердің ынтымақтастығын күшейту керек. Өткізіліп отырған конгресс, әсіресе, жас журналистер үшін үлкен мектеп екенін атап өтті. Университет тарапынан журналистика факультетінің деканы Сағатбек Медеубекұлы конгрестің маңыздылығын атай отырып, өзі басқарып отырған факультеттің өткені мен бүгіні туралы баяндама жасады. Шара соңында сөз алған, түрік елінде докторантурада оқып жатқан жерлесіміз Гүлнәр Нәбиева екі ел арасындағы білім саласындағы біраз мәліметтерге тоқтала отырып, сегізінші жыл қатарынан өтіп жатқан конгрестің жұмысы жайлы баяндады. «Келешекпен байланыс» медиа конгресі идеясын жарыққа шығарудағы мақсат – сөз құдіретін бағалап, өз болашағын осы әлемнің биігінен көруге талпынған бауырлас елге дұрыс жол нұсқап, бағыт беру екендігін айтты. Конгреске қатысып отырған делегация мүшелері, оның ішінде болашақ жас журналистердің жаңаны білуге деген құлшынысы анық байқалды. Олардың өз ісінің шебері болуға деген ұмтылыстары жан-жақты қолдау табуда. Белгілі бір кәсіби деңгейге көтерілу үшін ізденіс, содан кейін, әрине, тәжірибе керек десек, конгрестің өзгешелігі – мұнда әр жас журналист өзінің қабілетін байқатып қана қоймайды, ел аралап тәжірибе алмасуға, оқытушылардың ақыл-кеңесін тыңдап, шеберлігін шыңдауға мүмкіндік алады. Олар өз идеялары мен ой-пікірлерін жария етіп қана қоймай, кәсіби деңгейде жүзеге асыруға машықтанады. Сондықтан мұндай игілігі мол кездесулер жастар үшін аса қажет. Шараға мұрындық болып отырған бас ұйымдастырушы – Түркия мемлекетінің Телевизия Жоғары Кеңесінің (RTÜK) де көздеген мақсаты осы. Кездесуден соң Түркия жастары өз елінде баспасөз, теле және радиода арнайы материалдар дайындайтын болады. «Қамшы» сілтейді