ҚазҰУ-да үш тілділік пен Қазақстан тарихын оқыту жайы сөз болды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да өткен оқу-әдістемелік бірлестіктің Республикалық оқу-әдістемелік кеңесінің кезекті отырысында еліміздегі жоғары оқу орындарының үш тілдік білім беру үлгісіне көшу стратегиясы, жоғары білім беру бағдарламасына «Заманауи Қазақстан тарихы» және «Ақпараттық-коммуникативті технологиялар» пәндерін енгізу, қолжетімді онлайн курстар ұлттық платформасын ұйымдастыру сынды тақырыптар қарастырылды, - деп хабарлайды Qamshy.kz. ҚазҰУ-да 2016 жылдың 2 маусымында Білім және ғылым министрлігінің жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру оқу-әдістемелік бірлестігінің Республикалық оқу-әдістемелік кеңесінің (РОӘК) кезекті отырысына ҚР жоғары оқу орындарының ректорлары мен проректорлары қатысты. Еліміздің алдыңғы қатарлы 23 жоғары оқу орны құрамына кіретін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті оқу-әдістемелік бірлестігінің РОӘК-і бүгінде республикалық жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласында 118 мамандық бойынша оқу-әдістемелік жұмыстарды сараптайды. Оқу-әдістемелік бірлестігінің төрағасы, ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов атап өткендей, «2016-2020 жылдар аралығы еліміздің жоғары оқу орындарының үш тілдік білім беруге көшуі – отандық кадрлардың бәсекелестікке қабілеттілігін арттырудың және білім секторының экспорттық әлеуетін өсірудің негізгі шарты. Үш тілдік білім беру стратегиясы уақыт талаптарына жауап беруге, біздің қоғамның өмірлік қажеттіліктерінің шешімін табуға мүмкіндік береді. Мұның бәрі оқу-әдістемелік бірлестіктің Республикалық оқу-әдістемелік кеңесіне алдағы жылға маңызды міндеттерді айқындап берді». Оқу-әдістемелік бірлестіктің РОӘК-і мүшелері көп тілді білім беру бағдарламаларын енгізу бойынша әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тәжірибесімен танысты. Отырыс барысында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың біліктілікті өсіру және қосымша білім беру институты директорының орынбасары З.М. Балғымбаева және шет тілдер кафедрасының меңгерушісі А.А. Молдағалиева өздерінің «2016-2020 жылдар аралығы ҚР жоғары оқу орындарының үш тілдік білім беруге көшу стратегиясының шеңберінде жаратылыстану бағытындағы мамандық оқытушыларының ағылшын тіліндегі дайындықтарын күшейту бағдарламасы жайлы» атты баяндамасын оқыды. ҚазҰУ-дың тарих, археология және этнология факультеті деканы А.Қ. Жұмаділдің «Заманауи Қазақстан тарихы» пәні жайлы баяндамасы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ информатика кафедрасының меңгерушісі Р.К.Урмашева мен Халықаралық IT университетінің академиялық сұрақтар бойынша проректоры Р.К.Үскенбаеваның «Ақпараттық-коммуникативті технологиялар» пәнін ағылшын тілінде оқыту бағдарламасы, сонымен қатар, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Қашықтықтан оқыту институты директоры Е.С.Алимжанова мен Біліктілікті арттыру және қосымша білім институты директоры Б.А. Шайкенованың бұқаралық ашық онлайн курстар ұлттық платформасын ұйымдастыру жайлы баяндамалары қызу пікірталас тудырды. Оқу-әдістемелік бірлестіктің РОӘК жұмысының басты бағыттары – жетекші мамандықтар бойынша жоғары оқу орындарының кітаптармен қамтылуын тұрақты зерттеу және тиісті ғылыми-педагогикалық әлеуеті бар жоғары оқу орындарына қажетті оқу құралдарын басып шығаруға арнайы тапсырыстарды орналастыру. Осы бағытта ҚазҰУ философия және саясаттану факультетінің деканы Ә.Р. Масалимова отырыс қатысушыларын жоғары білім беруге арналған «Дінтану» оқу-әдістемелік құралымен таныстырды. Ә.Р. Масалимова діни эстремизм мен терроризмнің шарықтау шағында көрсетілген оқу-әдістемелік құралдың өзектілігін тілге тиек етті. Оқу-әдістемелік бірлестіктің РОӘК-і мүшелері осы отырыста қабылданған шешімдер білім және ғылым саласын дамытуда стратегиялық міндеттерді атқаруға, заманауи әлемде Қазақстанның бәсекелестікке қабілеттілігін жоғары дәрежеде қалыптастыруға үлес қостынына сенімді. «Қамшы» сілтейді