Егемен Қазақстан

14 маусым, 2016

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдары мен БҰҰ, ЮНЕСКО өкілдерінің бірлескен мәжі­лі­сінде университет ректоры Ғалымқайыр Мұтанов ЮНЕСКО-ның бас директоры Ирина Бокованың қолы қойылған, университетте тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО ха­лық­ара­­лық кафедрасының ашылуын ресми түрде растайтын құжатты салтанатты түрде ресімдеді. Іс-шарада Қазақстан, Қыр­ғыз­стан, Тәжікстан және Өзбекстан бойынша ЮНЕСКО кластер бюросының Алматыдағы директоры Андрей Шевелев жаңа ЮНЕСКО кафедрасының сапалы білім беру, гендерлік теңдік, лайықты жұмыс пен экономикалық даму, тұрақты қалалар, климат өзгерісімен күрес, экожүйелердің сақталуы, бірлік пен ынтымақтастықты алға тарту сынды тұрақты даму мақсаттарына жетуде маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Сондай-ақ, Қазақстан комис­сия­­сының ЮНЕСКО және ИСЕКО жұмыстары бойынша бас хатшысы Әсел Өтегенова уни­верситеттің тұрақты даму шешіміне қосқан үлесін атап өтсе, Ирина Бокова ханым: «Тұрақты даму бойынша мақ­сат­тар­ды табысты іске асыру тек көшбасшылардың мойнындағы жұмыс емес, ең алдымен азамат­тық қоғамның жұмысы» екендігін атап көрсетті. БҰҰ-ның Алматы бойынша қоғамдық ақпарат депар­таментінің директоры Властимил Самек университетті аталмыш кафедраның ашылуымен құттық­тай отырып, бұл қадамның жас­тар­дың мүмкіндіктерін арттырып, әлеуметтік инновациялар мен өзгерістерге, әлемдік мәдениеттің қалыптасуына өз септігін тигі­зетініне сенім білдірді. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» Университет ректоры  аталмыш кафедра демократия­лық құндылықтар, соның ішінде, толеранттылық, плюрализм, адам құқығын құрметтеу, бостан­дық ұғымдары алға қойылатын пікірталас алаңы болатынын растады. ЮНЕСКО кафедрасы қызметі шеңберіндегі жобаларды іске асыру тұрақты даму айналасында мемлекет пен аудан әлеуетін арттыруға қолдау көрсету бағытындағы бастамаларға жаңа серпін болары анық.

АЛМАТЫ