Тұнығымызды лайлауға, тұрақтылықты шайқауға жол бермейік

15 маусым, 2016

Сейілбек МҰСАТАЕВ,  әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Саясаттану және саяси технологиялар кафедрасының профессоры, саяси ғылымдарының докторы:

Келеңсіз кеселмен күрестің тәсілін қайта қарау қажет

Еліміздің батысынан діни экстре­мистердің оқтын-оқтын бас көтеруі барша азаматтарды ойландырып отыр. Көптің көкейінде «Экстремизм мен терроризмге қарсы Қазақстанда атқарылып жатқан іс-шаралар жеткіліксіз болғаны ма?» деген сұрақ ұялап, ұлттық қауіпсіздіктің қамта­масыз етілу деңгейіне алаңдаушылық белең алды. Ақтөбедегі оқиға экстремизм мен терроризмнің алдын алу, бұл келеңсіз кеселдермен күресудің әдіс-тәсілдерін қайта қарап, жетілдіру қажеттігін дәлелдеп берді. Қазақстандық антитеррористік саясаттың кемшіліктері де айқындалды: біріншіден, экстремизм мен терроризмнің зардапта­рымен күресуге күш салынып, оны туында­тушы көптеген алғышарттарға жеткілікті мән берілмеуі; екіншіден, экстремизмге бой алдыру мен террорлық әрекет жасаудың себептерін жойып, олардың алдын алу жұмыстарын кешенді жүргізудің назардан тыс қалуы. Ақтөбедегі көзі жойылған лаң­кестер негізінен өрімдей жастар екенін байқадық. Өмірдің қызығын көріп, арман қуатын шақтарында, аталарымыз «Қайран жиырма бес» деп әнге қосқандай, ойнап-күліп, сал-серілік құратын жастарында ақтөбелік жастарымыз неге жанкештілік жасап, қолдарына қару алып, қанды қыл­мысқа барып жатыр деп еріксіз қынжыласың. Ақтөбедегі жастардың экстремистік жалған діни ілімдерге бас ұруы Қазақстандағы жастар саясатының қателігін, жастардың арасында шешімі табылмаған әлеуметтік-экономикалық проблемалардың көп екенін, мемлекеттік деңгейдегі ұлттық идеологиялық жұмыстың әлсіздігін, қоғамдағы әлеуметтік әділетсіздік пен жіктелудің тереңдеуін, ақпараттық саясаттың осалдығын дәлелдеп берді.

Қазір Қазақстанның ауыл-аймақта­рындағы жастардың хал-ахуалы қиын екені баршамызға белгілі. Ауыл жастарының арасында жұмыссыздық өршіп тұр, «екі қолға бір күрек» деп сабылып, қалаға жұмыс іздеп келетін жастар мыңдап саналады. Қалаға келгенде дайын тұрған жұмыс қанеки? Не үйі жоқ, не күйі жоқ, жарытып жалақы алатын жұмысы да жоқ... Ақырында, әл-ауқаты төмен жастар деградацияға ұшырап, түрлі теріс жолдарға түседі: біреулері маскүнемдік пен нашақорлыққа ұрынады, екіншілері ары мен тәнін сатып, ұрлық-қарлық жасап, қылмыстық жолға түссе, үшіншілері психикалық күйзеліске ұшырап, түрлі діни ағымдардан «көңілге жұбаныш іздейді», ақырында экстре­мистердің қатарына қалай қосылғанын білмей қалады. 

Бұған қоса, байлығы мен билігі бар­лардың балалары шалқып өмір сүріп, үрлеп ішіп, шайқап төгіп жүргенін көрген кедей отбасынан шыққан жастар ашын­байды дейсіз бе? Әлеуметтік жіктелудің тереңдеуі, қоғамдағы әлеуметтік әділетсіздіктің артуы, заңдылықтың сақталмауы да наразылық көңіл-күйді өршітеді, экстремизмнің туын­дауына қосалқы алғышарттар туындатады. Ащы да болса шындығын айтуымыз керек, еліміздегі жастардың әлеуметтік-эконо­микалық хал-ахуалы жақсармайынша, жастар арасындағы деградациялану мен маргиналдану процестері үздіксіз жалға­сатын болады, бүгін бір топ жастарды «экстремист» деп түрмеге қамап, «террорист» деп атып тастағанымызбен, бұл шаралар ешбір нәтиже бермейді, ертең олардың орнына басқа жастар келеді. Сол үшін жастарға білім беру, жұмыспен қамту, шағын бизнеспен айналысуына барынша қолайлы жағдайлар жасау, өзінің кәсіпкерлік қабілетін жүзеге асыруына қолдау көрсетуді мемлекеттік деңгейде қолға алуымыз қажет. 

Жастар саясатында жасалған үлкен кемшілік – жастардың бос уақытын өткізуі назардан тыс қалып отыр. Жастарды өнер мен шығармашылыққа баулитын орталықтар қалалардың өзінде жетіспейді, ауылдық жерлерде мүлдем жоқ десек те болады. Спорттық үйірмелер, спорт залдары ақылы қызмет көрсетуге көшкен, ауыл-аймақтарда спортпен айналысуға мүмкіндіктер тіптен аз. Ата-аналардың көпшілігі балаларының бос уақытын ұтымды үйлестіруге дәрменсіз. Жастарды негізінен «көше мәдениеті» тәрбиелеуде. Одан қалды, жастардың бос уақыты негізінен интернет кеңістігінде қаңғу мен әлеуметтік желілерге маталып, шатасумен өтуде. Интернет пен әлеуметтік желілерді бақылап жатқан ешкім жоқ. Виртуалды әлемде сенделіп жүріп, жастар адасады, рухани азғындалады. Жалпы, ақпараттық қауіпсіздігімізге төнетін бұдан өзге де қауіп-қатерлер жетіп артылады. 

Тоқ етері сол, жастар саясатын құр ұрандаумен өткізбей, нақты істерге қарай бағыттауымыз керек. Әсіресе, жастардың бос уақытын мазмұнды етіп ұйымдастыру мемлекеттік басымдықққа айналуы қажет. Ынталы жастарымыз қолы бос уақыттарында шығармашылықпен, өнермен, спортпен тегін айналысуына мүмкіндік жасап бере алмаймыз ба? Жемқорларымыз бюджет қаржысын миллиардтап жымқырып жатыр, ал жастарымыз азып-тозып, қаңғып жүр... Қалада аула спортын, жергілікті жерлерде ауыл спортын дамытатын қарапайым ғана спорт алаңдарын жасап, кітапхана жүйесін қайта жаңғыртып, өнерге баулу, музыка мен шығармашылыққа тәрбиелеуді жүйелі түрде қолға алатын кез келді. 

Қысқа қайырып, қорытып айтар болсақ, экстремизм мен терроризмнің алдын алу мен оларға қарсы күресу кешенді іс-шаралар мен әдіс-тәсілдердің жиынтығын құрайды. Бұл бағытта тек арнаулы қызмет пен күштеу органдарына ғана сүйену ешбір нәтиже бермесі анық. Жан-жақты әлеуметтік-экономикалық саясат, жастар саясаты, идеологиялық саясат, ақпараттық саясат, мәдени саясат, спортты дамыту, ұлттық тәлім-тәрбие беру, жасөспірімдер мен жастардың бос уақытын мән-мағыналы әрі қызықты ұйымдастыру сияқты мәселелер оң шешімін табуы қажет.

Шыңғыс ЕРГӨБЕК, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Аккредитация, рейтинг және сапаны басқару орталығының директоры, Заң ғылымдарының кандидаты:

Күдік пен күмән –  Барша мұсылман қауымы үшін киелі қасиетті рамазан айының қарсаңында Ақтө­бе қаласында орын алған террористік акті­лер қазақ қоғамын дүр сілкіндірді. Сарап­шылар осы мәселеге байланысты кезек-кезек өз пікірлерін айтып келеді. Бір топ сарапшылар бұл әрекеттерді қоғамда өршіп тұрған жер мәселесімен байла­ныстырады. Олардың пікіріне сүйенер болсақ қоғам мен биліктің арасындағы жер мәселесіне байланысты қарсылық ашық саяси нысаннан, қарулы қақтығысқа алып келді. Қоғам мен биліктің арасындағы диа­логтың орын алмауы нәтижесінде, 21 ма­мыр­ға жоспарланған бейбіт шерулердің билік тарапынан басылуы, қарсылықты жаңа кезеңге көтерді деп қарастыруда. Бұл көз­қарастың мықты тұстары мен әлсіз тұстары да бар екендігіне назар аударғанымыз орынды болар.

Біріншіден, Үкімет қоғамның бұл мә­селеге байланысты қарсылығын болдырмау үшін Жер заңнамасына өзгеріс енгізуге мораторий жариялады. Мораторий Қазақ­станның құқықтық тарихында орын алып отырған алғашқы прецедент. Қазақстан заңнамасында тіпті нормативті құқықтық актіге мораторий жариялау ұғымы жоқ. Президент Ата заңымыздың кепілі ретінде көз­делген реттерде заң жобасына вето қоюы мүмкін, бірақ мораторий жариялайды деген ұғым кездеспейді. Мораторий жариялау қоғам мен мемлекет арасындағы өзара келі­сім­паздық позицияға келу ниетінен туын­даған қадам. Яғни бір жағынан Үкімет өз позициясынан бас тартқан жоқ, екінші жағынан халықтың дауысын ескере отырып, бұл мәселені талқылауды кейінге қалдырып отыр деген сөз. Үкімет позициясына қарсы эллектораттың бір бөлігі осы механизмге көнді делік. Екіншіден, Үкімет жанынан Премьер-министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев басқаратын жер мәсе­лесіне байланысты арнайы комиссия құ­рыл­ды. Уақыт өте келе бұл комиссияның құзыреті кеңейтіліп жалпыұлттық диалог алаңына айналуы мүмкін. Бірқатар қарсы топ өз үмітін осы комиссия қызметімен байла­ныстырады. Тіпті беті қайтпайтын қарсы топтардың өзі әліптің артын бағуда, саяси диалогтың неге әкелетіндігін күтуде. Оның үстіне, ланкестер бас көтеруінің барысында ешқандай нақты не саяси, не экономикалық, не діни лозунгтер айтылған жоқ. Демек жер мәселесі мен тер­рористік әрекеттердің арасында логикалық байланыс жоқ деуге негіз бар.

Екінші бір топ, Қазақстандағы саяси процестің нәтижесінде пісіп жетілген белгісіз оппозициялық топ осы әрекеттерді қаржыландыру арқылы саяси тұрақсыздық орнатуға тырысуда деген тұжырымдаманы ұсынып отыр. Бұл тұжырымдаманың әлсіз тұстарына тағы да нақты саяси-эконо­ми­калық талаптардың болмауын келтіруге болады. Оның үстіне тиісті қаржылық қол­дау болған жағдайда содырлардың дайын­дығы мен материалдық-техникалық жаб­дық­талу денгейі өзгеше болар еді. Тиісті қаржы­лық қолдауға арқа сүйейтін топтар өздерін қарумен қамтамасыз ету мақсатында қару дүкеніне шабуыл жасап, уақыт ұттырмайды. Оның үстіне тиісті дайындығы бар адамдардан тұратын содырлар әдетте мұндай жағдайда стратегиялық маңызы бар объектілерге шабуыл жасайтын. Оның үстіне таңдалған күннің де маңызы жоқ. Айталық жексенбі күні барлық мемлекеттік мекемелер демалыста, әдетте кезекші құқық қорғау органдарының өкілдері ғана қыз­метке шығады. Демек жүйесіздік, жоспар­сыз­дық пен жеткілікті дайындықтың бол­мауы Ақтөбедегі ланкестік әрекетке ішкі эли­тадан шыққан өзге қаржылық топ өкіл­де­рінің қатысы бар екендігін жоққа шығарады.

Сарапшылардың үшінші тобы, бұл әрекеттерді, мемлекет тарапынан қолдауға ие болып отырған негізгі теория, сыртқы экстремисттік топтардан қолдау алып отырған, содырлардың әрекеті деп қабылдайды. Дегенмен бұл теорияның да әлсіз тұстары бар. Себебі, исламдық экстремисттік топтарға тән діни лозунгтер жоқ. Ұйымдастырылу деңгейі нашар. Неге осы бағытта әрекет еткендігі түсініксіз?! 

Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, мұны бірінші кезекте жоспарлан­баған, құқық қорғау органдарының кезекті діни экстремистік топтарға қарсы жасаған әрекеттеріне жауап екендігі ойға қонымды гипотеза секілді. Мұндай шараларды әрі қарай болдырмау, мұндай қаралы күндерден тиісті дәріс алу үшін, құқық қорғау органдарына, діни бірлестіктерді қатаң қадағалауға алу, тиісін­ше стратегиялық маңызы бар объектілерде қауіпсіздік шараларын нығайту, сондай-ақ қару-жарақ сату ережелерін нығайту бағы­тын­да кешенді шараларды жүзеге асыру керек. Бірақ ең негізгі шара үлкен ұлттық мәсе­лелерді талқылау мақсатында диалогтық алаң қалыптастыруда жатыр. Барлық қоғам­дық топтарды қамтитын, барлық әлеуметтік топтар өз мұң-мұқтаждығын айта алатын ұлт­тық диалогтың болуы мемлекет тұрақ­ты­лығының кепілі. Ең мықты монолог нашар диалогқа татымайды. Тек мемлекетте болып жатқан мәселелермен бетпе-бет жүздесіп, оны түсінгеннен кейін кешенді шараларды жүзеге асырып, мұндай әрекеттердің алдын алуға болады деп ойлаймын.