ЭМОЦИЯЛЫҚ ИНТЕЛЛЕКТ: ТЕОРИЯ МЕН ТӘЖІРИБЕНІҢ ТОҒЫСЫНДА

26 қараша, 2016

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ философия және саясаттану факультеті мен академик Ш. Есенов атындағы Ғылыми-білім беру қоры бірлесе отырып «Эмоциялық интеллект: Тағдырыңды басқар!» тақырыбында ашық дәріс ұйымдастырды.

Эмоциялық интеллект (EQ) біздің әрқайсымызда бар. Бұл біздің мінез-құлқымызды басқаруымыз, адамдармен қарым-қатынас орнатып, шешім қабылдауымыз, яғни, ол өмірде, қарым-қатынаста, жұмыста оң нәтижелерге қол жеткізуімізді қамтамасыз етеді»,- деп даму бойынша маман және бизнес-тренер Айнұр Абсеметова өз сөзінде атап өтті. Сарапшының айтуынша,  «эмоциялық және ақыл-ой үрдісін сапалы үйлестіру эмоцияны басқарудың мүлдем жаңа деңгейіне шығуға және басқа адамдармен өзара едәуір тиімді әрекеттесуге көмектеседі».

Дәріскер өзінің Қазақстанда және шет елде азаматтық қоғамды дамыту секторында атқарған бірегей жұмыс тәжірибесімен бөлісті. Сонымен қатар, EQ-ды катализдеу мен дамыту технологияларын пайдалану арқылы қоғамдық бірлестіктердің ынталандыру деңгейін, топтық рухын және жұмыс нәтижелілігін айтарлықтай жоғарылатқан үкіметтік емес сектордағы жұмыс тәжірибесіне де тоқталды. Айта кету керек, Фейсбукте Айнұр Абсеметованың қатысуымен жүздеген адамның басын біріктірген, ерікті түрде көптеген әлеуметтік мәні бар жобаларды жүзеге асырушы «Кomuniti.Kazakhstan» әлеуметтік тобы табысты қызмет етуде.

Жалпы және қолданбалы психология кафедрасының доценті Мария Мун эмоцияның, көңіл-күйдің EQ-ға тигізер әсері жайлы айтты. Тақырыпты талқылау барысында студенттер мен магистранттардың қызығушылығы арта түсіп, олар EQ-дың бала кезде және ересек жаста дамуына ықпал ететін факторлар, эмоциялық интеллектіні өлшеу мен зерттеу әдістері сияқты көптің көкейінде жүрген сұрақтарға жауап алды.

 «Біздің қарым-қатынасымыз бұл дәріспен аяқталмауы тиіс, бірлескен зерттеу және тәжірибелік жобаларда жалғасын тапса деймін»,-  деп кездесуді факультет деканы Алия Масалимова аяқтады. 

Ұйымдастырушылар: З.Б. Мадалиева, С.К. Құдайбергенова, Л.О. Баймолдина.