Мақсат – мектеп оқушыларын ғылымға баулу
Бүгінде тәуелсіз еліміздің әлемдегі экономикасы мықты, әлеуетті мемлекеттердің қатарына қосылуы үшін өзге де факторлармен қатар білімді, білікті жас мамандардың болуы ауадай қажет. Сондықтан да, білімді ұрпақ даярлау мәселесіне мемлекет тарапынан үлкен мән берілуде.
Осы тұрғыда әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің химия және химиялық технология факультетінде жас ұрпақты білім нәрімен сусындатып, ғылыми ізденістерге тартуда елеулі жұмыстар атқарылуда.
Мұндағы мақсат – жаратылыстану және дәл ғылымдарға қызығушылық танытатын талантты, дарынды балаларды іздеп тауып, ғылымға баулу. Бейімі бар қабілетті оқушылар ғылыми жоба жұмыстарына қатыстырылады. Қазіргі таңда мектеп оқушыларының кафедрада тәлім-тәрбиеден өтуі оң нәтижесін беруде, оқушылар университетіміздің үздік оқитын студенттер санын көбейтіп келеді.
Атап өту керек, аталмыш бағытта жасалған ғылыми жұмыстар биыл өз жемісін берді. 2016 жылдың 7 желтоқсанында Алматы қаласы Білім басқармасының ұйымдастыруымен өткен оқушылардың ғылыми жобалар байқауында кафедраның аға оқытушысы Р.К.Рахметуллаева жетекшілігімен №90 лицейдің 11 сынып оқушысы Т.Р. Якубов жұмысы 1-ші дәрежелі, №25 гимназияның 11 сынып оқушылары А.Каукербеков, А. Жанұзак (ғылыми жетекшісі – проф. Р.А.Музычкина), №60 гимназияның 10 сынып оқушысы А.Г.Мун мен Н.Назарбаев зияткерлік мектебінің 11 сынып оқушысы А.Б.Каримбаева (ғылыми жетекшісі – доцент қ.а. Р.А.Маңғазбаева), №159 гимназияның 11 сынып оқушылары А.Абдраимова мен Ж.Абишева (ғылыми жетекшісі – доцент, қ.а. Ю.А.Литвиненко) жобалары 2-ші дәрежелі, ал №44 мектеп-гимназиясының 10 сынып оқушысы А.Крыжевская (ғылыми жетекшісі – доцент П.И.Үркімбаева) жобасы 3-ші дәрежелі дипломмен марапатталды.
Осылайша, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың химия және химиялық технология факультеті оқушыларды мектеп қабырғасынан ғылымға баулу сапасының жоғарылығын дәлелдеді.
Сонымен қатар, кафедра ғалымдары қаржы көлемі 1,5 млрд. теңгеге жуық ғылыми жобалар орындауда және оған қатысатын 250 студентке шәкіртақыдан бөлек еңбекақы төленеді.
Перизат Үркімбаева,
Райхан Рахметуллаева,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
химия және химиялық технология факультетінің доценттері