Жол-көлік жарақатының алдын-алу
Әл - Фараби атындағы ҚазҰУ медицина факультетінің денсаулық сақтауды ұйымдастыру және саясат кафедрасы мен Алматы облысының денсаулық сақтау басқармасы бірлесе отырып Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Жол-көлік апаты жарақатының заманауи аспектілері» атты аймақтық конференция өткізді.
Шараның мақсаты халықтың, жалпы білім беру ұйымдары мен жол полициясы қызметкерлерінің білімін көтеру, сонымен қатар, жол-көлік апатына ұшырағандарға білікті мамандандырылған медициналық жәрдем беру және мүгедектікті төмендетуге көмек көрсету мәселелерін көтере отырып, өлімді төмендету мен ведосмствоаралық интеграцияны нығайтуға бағытталады.
Конференцияға Алматы қаласының әкімшілік өкілдері, Алматы қаласының және Алматы облысының жол полиция Басқармасы, Алматы қаласының ІІМ Академиясы, Алматы қаласының білім беру Басқармасы ат салысты.
Шара аясында «ЖКА жағдайларында алғашқы көмек көрсету» шеберлік сағаты ұйымдастырылып, жол-көлік апаты жарақатының әлеуметтік -медициналық аспектілері; жол-көлік апаты жарақатымен байланысты білім беру бағдарламалары; жол-көлік апаттарын төмендету жөнінде бөлімаралық қарым-қатынас келешегі және мәселелері секциялары жұмыс істеді.
Шеберлік сағат барысында хирург Әбдунасыр Әлімжанұлы мен денсаулық сақтау ұйымы мен саясат кафедрасының доценті, м.ғ.д., профессор Гүлнар Жамбайқызы тақырыпты студентер арасында талқыға салып, жол-көлік апаты жағдайларында алғашқы көмек көрсету жағдайын жіті түсіндірді. Жедел жәрдем оқиға орнына жеткенше жарақаттың алдын алуды, яғни, қан кету, талып қалу кезінде көмек пен тыныс алдырып, дем беруді тәжірибе жүзінде арнайы макеттермен көрсетті. Сондай-ақ, жиынға қатысушы медицина саласының мамандары өзара пікір алмасып, маңызды мағлұматтар келтірді. Олардың айтуынша, әр мекемеде алғашқы көмек көрсету сабақтарын өткізуді іске асырып, заңды күшейту керек.
Жиын пленарлық отырыспен жалғасын тауып, ҚДСҰжС кафедра меңгерушісі Гүлнар Қапанова «Жарақаттану-медициналық-әлеуметтік проблема. Дүниежүзіндегі жол-қозғалыс қауіпсіздігінің ахуалы» тақырыбында баяндама жасады. Ол бүгінгі күні қоғамда жәрдем беруден гөрі оны бейнеге түсіруді пайдалы көретіндер көбейіп кеткенін айтып, назын білдірді. Бұдан бөлек, осы сынды себептердің салдарынан әлем бойынша жүрек талмасынан кейінгі өлімге алып келетін жол-көлік жарақаты екенін мәлімдеді. С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ патология, анатомия кафедрасының профессоры Айгүл Сапарғалиева жол-көлік оқиғалары кезінде ішкі органдардың зақымдалуы жайында және өлімге себепші ЖК жарақаттарына баса назар аударды. «ЖК оқиғаларында ҚР тұрғындарының өлімшілдігін азайту бойынша кешенді жолдар» тақырыбында ҚазҰУ ДСҰжС кафедрасының профессоры, м.ғ.д. Тоғжан Хайдарова баяндама жасады. Профессордың айтуынша, ЖК апатында алкоголь ішу, телефон қолдану және қауіпсіздік белдігі өлім қаупіне біртабан жақындатады. Жол жүру талаптарына бағынбаудың әсерінен ЖК апатындағы өлім 1%-ға ғана кеміген. ҚР ӘМ «Сот-медицина орталығының» Алматы филиалы қызметкері Азат Ерланұлы да жүргізу мәдениетіне үлкен ден қойды. ЖК оқиғалары кезінде қылмыстық істерде сот-психитариялық сараптама жүргізу жайлы айтып, өз баяндамасында жүргізу куәлігін алушыларды психотерапевтердің дұрыс қадағалауын негізге алды. Сонымен қатар, «Алматы облысы көлік жолдарындағы ЖК оқиғаларының ахуалы, негізгі факторлар»; «Алматы обылысында жарақаттану кезінде көмек көрсетудің интеграциялық моделін енгізу бойынша жол картасын орындау»; «Әлеуметтік-психологиялық факторлардың және жарақаттанудың жүкті әйелдер денсаулығына әсері»; «ЖК оқиғасы нәтижесіндегі бас-ми жарақаты»; «Қазақстан аумағында алкоголь қолдануға байланысты жол-көлік оқиғалары» тақырыптары қозғалды. Отырыстан кейін тақырыптар талқыға салынып, сан түрлі сауалдарға жауап табылды. Нәтижесінде, ұйымдастырушылар ЖК жарақаты мәселелеріне байланысты, яғни ЖК апаты бағытында бірлесіп ғылыми зерттеулер мен конференция, симпозумдар өткізуді; ЖОО оқыту бағдарламаларын күшейту және аймақтарда жұмыс істейтін мамандар даярлау; Нормативтік құқық базасы мен комплекстік бағдарлама құрастыру үшін ЖК апаты салдарынан мүгедек болып қалғандар мен өлім көрсеткіштерін анықтау секілді межсекторальді келісімнің практикалық бағытын күшейту жөнінде республикадағы ғылыми-практикалық және оқу-білім қоғамына өтініш білдірмек.