Ұлт қайрағы – намыс

31 march, 2010

Ұлт қайрағы намыс

Қазіргі қазақ қоғамында жаһанданудың жойқын күшінің әсерінен көптеген жат қылықтар қылаң бергені рас. Ең өкініштісі, санамызға сыйыспайтын нәрселерге бойымыз үйреніп барады. Сан ғасырлар бойы әлем жұртшылығын мойындатқан қазақ халқына тән дала даналығы, діні мен ділі, бабалар дәстүрі кімге мұра? Аталар аманатына қиянат жасамау кімге сын? Осы сауалдарға жауап ретінде жастарымызға ертеңгі күннің құндылығы қалтаның емес, қазақтың қамын ойлау екендігін, алпауыт мемлекеттермен тереземіз тең түсу үшін әрбір азаматтың бойында ұлтжандылық пен отансүйгіштік қасиеттерін дамыту қажеттігін айқындайтын ақиқат алаңы қажет-ақ. «Алтын сапа» пікірсайыс клубы мен «Азамат жастар парламентінің» ұйымдастыруымен өткен «Рухани әңгіме» жобасы осының айқын үлгісі іспетті.

«Алтын сапа» пікірсайыс клубының белсенді жастарының бастамасымен қолға алынған бұл жобаның алғашқы қонағы – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, көпшілік қауымға кеңінен танымал Бекболат Тілеухан болды. Дәл осы күні Бекболат ағамыздың басшылығымен жарыққа шыққан қоғамдық-саяси, мәдени-танымдық «Оян. Намыс» журналының тұсаукесері де өткен болатын. Жастарға терең ой салатын, берері мол бұл журналдың жарыққа шығуына себепкер болған - жоғарыдағы жайттар.

Білім берудің киелі қара шаңырағының білімгерлерімен кездесуде қойылған сауалдар, талқыланған тақырыптар сан алуандығымен ерекшеленді. Әңгімесінің бастауын бүгінгі жастардың жағдайынан бастаған Бекболат аға бұл мәселелердің ұлт болашағы үшін, келелі келешек үшін маңыздылығына баса назар аударды. Солардың бірнешесіне тоқталып өтсек.

Ең алдымен, көпшілікті толғандырған – тіл мәселесі. Асыл тіліміздің бағасын білмей, қадірін түсінбей жүргендер қаншама... Бекболат ағамыз бұл мәселеге қатысты пікірін төмендегідей білдірді: «Елбасымыз тарапынан күні қашан айтылған «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін!» деген сөзді құлағымыз естігенмен, санамызды селт еткізбеген сынды. Сондықтан да, әркім өзінен бастай отырып, тілімізге тек тілектес емес, дамуына үлестес болғанымыз абзал».

Екіншіден, қоғамда бітіспес дауға айналып бара жатқан кино мәселесі қозғалды. Соңғы кездерде көпшіліктің көңілін таппаған, жастарымызға берер оң тәрбиесі жоқ кинофильмдер қаптап барады. Сондықтан да, студенттер де қазақ киносының бет алысын сынай отырып, ұлттық құндылықтарымыз бен тәлім-тәрбиесі мол, қазақтілді, сапалы кинолар түсіруді қолға алу туралы ұсыныс білдірді.

Үшіншіден, қоғамның біртұтастығы мен тұрақтылығына қауіп төндіретін түрлі діни ағымдар мен қозғалыстардың шектен тыс көбею мәселесі көпшіліктің көкейінде жүргендігі байқалады. Осы тұста «Артық қыламын деп, тыртық қылдының» керін келтірмес үшін, жастарға дұрыс тәрбие беріп, сауатты азаматтық пікір қалыптастырған абзал. Ұлтжандылықты ұлтшылдықтан айырып, қазақ дүниетанымын қалпына келтіру үшін қызмет ету әрбір азаматтың парызы» - деп ой қорытты.

Сонымен қатар, жастар діл, дін, дәстүр, мәдениет, өнер салаларына қатысты көптеген сауалдар қойып, қоғамдағы мәдени-саяси құндылықтар төңірегінде пікір алмасты. Кездесу соңында Бекболат Тілеухан «нағыз қазақтықтың белгісі» киелі домбырасын қолына алып, қазақ көгінде ән әуенін әуелетті. Ұлан-ғайыр даламыздың әр өлкесіне тән мақамға салып домбыра шерткен ағамыз кездесуді қазақтың қазақтығын оятатын термемен аяқтады. Екі сағаттан астам уақытқа созылған рухани әңгімеде өзге де өзекті мәселелелер қозғалып, жиылған жастар, расында да, рухани азық жинап, өзіндік ой түйіп қайтты.

Бір қуантарлығы, бұл кездесуге келгендер «Алтын сапа» пікірсайыс клубының бастамасын қолдап, «Рухани әңгіменің» тұрақты өткізілуі жайлы лебіздерін жеткізді.

Жастарымыздың тек білімді де білікті ғана емес, өресі биік, рухы мықты, азаматтық ұстанымы бар, зияткер қауымға айналуы үшін аянбай еңбек ету парызымыз деп білемін.

Жидебекқызы Ақнұр

«Алтын сапа» пікірсайыс клубының төрайымы

Other news

22 november, 2024
22 november, 2024
21 november, 2024